Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 09 Наурыз 2024

Қызылорда туралы қызықсыз сериал. Нәлібаевтар YouTube көрілімімен мақтанып жүр

Бұл – біздің Қызылорда сериалы
Фото: worldcontentmarket.ru

Биыл 19 ақпанда «НТК» телеарнасынан «Бұл – біздің Қызылорда» сериалының көрсетілімі басталды. Сериал облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барынша көзге түсуге тырысып баққан, үлкен науқанға айналдырған Сыр елінің 85 жылдық мерейтойы аясында түсірілді. Бас-аяғы 12 серия, бюджеті 70 миллион теңгеден асады. Мақсаты түсінікті, креатив арқылы облыстың имиджін көтеру. Бірақ сериалдың сапасына қатысты қызылордалықтар жалпы көрермендер мен киноиндустрия саласында жүрген мамандар түрлі сыни пікір айтып жатыр.

Өткен жылы Қызылорда облысының 85 жылдығы қарсаңында алғаш рет Қызылорда облысы туралы сериал түсіру үшін қаражат бөлінді. Облыстық мәдениет басқармасының тапсырысы негізінде «BAS Production» студиясы «Бұл – біздің Қызылорда» сериалын түсірді. Оқиға желісі америкалық журналист-блогер Бернард Уэйннің төңірегінде өрбиді. Ол Қазақстанның тұңғыш астанасы туралы мақала жазу үшін Қызылорда қаласын зерттеуге келген. Бернардты жергілікті тұрғын Мақсат күтіп алады да, жол көрсетушісіне және жақын досына айналады. Алайда кейінірек, Мақсат жол көрсетуші ғана емес, барлық қолайсыз оқиғалардың себепкері де болады. Ал сериал соңында Бернард Уэйннің Қызылордаға келудегі мақсаты мүлде басқа екені анықталады.

Плагиаттың иісі

Жалпы, сериалға елімізде танымалдылығы енді артып келе жатқан актерлар түскен. Сонымен қатар жобаға Сыр елінен шыққан атақты шоу-бизнес өкілдері де қатысқан. 12 сериялы фильмде Қызылорданың көрікті жерлерін тамашалауға болады. Сериалдың басты мақсаты – Сыр елінің бас қаласын қазақстандықтарға таныстыру екені түсінікті, бірақ бұл әкімдіктегілерге ұнағанмен, жалпы қызылордалықтарға ұнай қойды деуге келмейді. Туған жер кімге де болса ыстық, кімге де болса аяулы, ол туралы соншама ақшаға болымсыз дүние жасау жерлестеріміздің көңіліне жақпайтыны анық.

«Бұл сериалда сценарийдің мағынасы жоқ, я сюжеттік линиясы жоқ. Көріп отырсаң, қаламыздың әдемі жерлерінің тізімін жасап, сол жерлерді көрсету үшін түсіріп, сюжетті соған үйлестіре салған. Өте төмен деңгейде түсірілген сериал. Еш идеологиясы жоқ, еш идеясы жоқ, тек қаламыздың бар теріс имиджін одан сайын күшейту үшін түсірілген көрме секілді», – қала тұрғыны Рүстем Маушев.

Қызылорда туралы сериал түсірілімі басталғаннан оның дақпырты жер жарды деуге болады. Әрине, облыстың 85 жылдық мерейтойында әкім болып келгеннен сынға көп ұшыраған Нәлібаев өз имиджін көтеріп қалатын мүмкіндік ретінде тәуір пайдаланды. Соның бірі ретінде бұл сериалдың да жарнамасы үшін аянып қалған жоқ. Әрине, имидж қалыптастыру үшін заманауи креативтерге иек арту қазіргі шенеунік атаулының әдеті. Бірақ бұл ең алдымен телеөнім екенін, өнер туындысы екенін ұмытып кеткен сияқты.

«Жалпы бұл сериал жастардың аудиториясына бағытталған дүние. Алайда менің бұл туындыны көруге тек 5 минут қана шыдамым жетті. Қызылорда туралы сериал емес, жарнама сияқты. Кейіпкерлер әр сөзінде «Қызылорда өзгеріп кетіпті» дегенді айта береді. Ешқандай нақты сюжеттік линия жоқ. Қыруар қаражат бөлініп түсірілген сериал болғандықтан, осы жағына неге көңіл бөлмегендері түсініксіз. Облыс әкімдігі сценарийді жазуды неге жергілікті мамандарға жүктемеген? Плагиаттың иісі аңқып тұр, ешқандай жаңашылдық жоқ», – деп пікір білдірді белсенді Талғат Меңдібаев.

Кішкентай баланы алдағандай...

Қызылордалық Жеңіс Сүйіндіков 10 жылдан астам уақыт кино саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі режиссер. Ең алғаш өңірде оқушылардың студиясын ашып, балалар шығармашылығын дамытуды қолға алды. Бірнеше фильмі көрерменге жол тартты. Бүгінде Астанада осы бағытта жемісті жұмыс жасап жүр. Кәсіби маман Қызылорда туралы алғаш түсірілген фильмнің деңгейі туралы пікірін сұрадық.

«Қызылорда туралы сериал түсірілгелі жатыр дегенде елең ете қалғанымыз рас. Қазір әр сериясын үзбей көріп жүрмін. Кәсіби тұрғыда айтатын болсам, бұл туынды республикалық деңгейде көрсетілетін дүние емес. Соңғы жылдары елімізде режиссура саласы өте жақсы дамып жатыр. Сапалы сценарий жаза алатын, көрерменді қызықтыра алатын мамандар бар. Өкінішке қарай, «Бұл – біздің Қызылорда» сериалы кішкентай балаларды алдаусыратып қойған мультфильм сияқты. Сценарийде ешқандай интрига жоқ, оқиғаның шарықтау шегі, кейіпкерлердің образдық ерекшеліктерін байқай алмадық. Шетелден келген журналист таза қазақша сөйлеп тұр. Ол қазақшаны қайдан үйренді, алдыңғы оқиғалары (предисториялары) жоқ. Әр сериясында қаланың бір нысаны көрсетіледі. Сосын бұл сериалды қызылордалықтардан басқа ешкім көріп жатқан жоқ. Мұның орнына деректі фильм түсірген әлдеқайда ұтымды болар еді», – дейді маман.

Жалпы, Қызылорда туралы сериал түсіру ұсынысын алғаш рет жергілікті кәсіпкер Жасұлан Алдабергенов көтерді. Жеке студиясы бар азамат 2022 жылы жастар форумында осы ұсынысын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жеткізгенін айтады. Сол кезде аймақ басшысы қолдау білдіріп, бастаманы жүзеге асыруға дайын екенін жеткізген. Алайда уақыт өте келе облыс әкімдігі телетуындыны түсіруді өзге өңірдің студиясына сеніп тапсырыпты.

«Біз бірнеше жылдан бері кино саласында еңбек етіп келе жатырмыз. Өзіміз түсіріп, көрермен тарапынан оң бағасын алған фильмдеріміз де бар. Бұл сериалды біздің түсіргіміз келгені рас. Бірақ облыстық мәдениет басқармасы «бір көзден» мемлекеттік конкурсын өткізді де, «BAS Production» серіктестігімен келісімшартқа отырды. Әрине, сериалдың сапасына қатысты көптеген пікірлер айтылып жатыр. Облыс әкімдігінің жергілікті кәсіпкерді қолдамағаны біз үшін өте қызық. Өзіміздің туған жеріміз туралы жақсы дүние шығаратын едік. Ол үшін біздің техникалық та, шығармашылық потенциалымыз да жетеді», – дейді Жасұлан Алдабергенов.

Көрілім санап, көңіл жұбату

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасындағылар болса, керісінше, сериалдың сапасына көңілдері толатынын айтады. Өңір туралы алғаш рет түсірілген сериалды көрерменнің ыстық ықыласына бөленді деп есептейді.

«BAS Production» ЖШС еліміздің киноиндустрия саласында бірнеше кинотуындыны дайындап, ақпарат айдынына қосқан өзіндік орны және мол тәжірибесі бар, танымал кәсіби ұжым. Сериал өткен жылдың желтоқсан айында дайын болған. Өңір туралы алғашқы сериалдық туынды көрермендердің ыстық ықыласына бөленді деп ойлаймыз. Оның алғашқы төрт сериясының өзі YouTube видеохостингінде 1 млн 447 мың көрілім жинаған. Сериалға 3 577 пікір қалдырылса, 97 пайызы позитивті бағытта. Алдағы уақытта Арал теңізінің тарихы туралы фильм түсіру жоспарда бар», – дейді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Қазбекованың айтып отырған YouTube видеохостингі – фильмнің продюсері, идея, сценарий авторларының бірі әзілкеш Еркебұлан Мырзабековтің (Myrzabek Yerkebulan) жеке арнасы болса керек. Басқарма басшысы алғашқы төрт сериясын қосып, цифрды үлкейту үшін айтып отыр. Әйтпесе, алғашқы сериясы 782 мың қаралғанмен, 4-сериясы 223 мыңға әрең жеткен. Бұл 3,5 есе айырмашылық аталмыш сериалға деген елдің қызығушылығының қаншалықты құлдырағанын көрсетеді деуге болады. Әрине, алғашында «осылар не түсірді екен?» деген қызығушылықпен қараса, одан арғылар жоғарыда айтылғандай 5 минуттан кейін жалығып кеткендер болуға тиіс.

Бір облыстың көркем дидарын жасау үшін түсірілген сериал облыс әкімінің рұқсатынсыз түсірілмейтіні, эфирге жіберілмейтіні анық. Қызылорда халқының талғамынан өтпеген, көрермендерге ұнамаған дүниенің облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың көңілінен шыққаны қызық. Облыс басшыларына сериалдың сапасы, көркемдігі, ұтымды сценарийінен гөрі, YouTube-тағы көрсетілімі маңызды болса керек. Әйтпесе, «1 млн 447 мың көрілім жинап, 3 577 пікір жазылды» деп мақтана ма?..

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы