Бүгін, 11:20
Қызылордада апатты қонған ұшақтың жолаушылары айдаладан табылды

Қызылорда облысында «Таң–Құмкөл» бағытында ұшқан жеңіл әуе кемесі апатты жағдайда қонып, борттағы адамдармен байланыс үзіліп қалған еді.
Құтқару қызметтері мен жергілікті билік өкілдері шұғыл түрде іздестіру жұмыстарын бастап, 8 сағаттың ішінде ұшақтағы адамдарды айдалада – елді мекендерден алыс аумақта тапты.
- Кеше ТЖМ кезекші бөліміне Қызылорда облысында «Таң-Құмкөл» бағытында ұшқан бортында 3 адам бар АН-2 ұшағы мәжбүрлі түрде жерге қонғаны туралы хабарлама келіп түсті. Олардың қайда екені белгісіз еді. Олармен байланыс болмады. Жедел іздестіруге ТЖМ барлық күштері мен құралдары тартылды. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Іздестіру тобының жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында 8 сағаттан кейін түнде жоғалғандар ай даладан табылып, Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне жеткізілді, - делінген ТЖМ хабарламасында.
Жолаушылар мен экипаж мүшелері ешқандай жарақат алмаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар медициналық көмекті қажет етпейді. Мамандар қазіргі уақытта олардың денсаулығын тексеріп, психологиялық қолдау көрсетіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы мен апатты қонудың себептері анықталуда. Тиісті органдар техникалық сараптама жүргізіп, ұшақтың не себепті жоспардан тыс қонуға мәжбүр болғанын зерттеп жатыр.