Қызылордада ажырасқан отбасылардың қатары күрт көбейген
Қызылорда қазақи қаймағы бұзылмаған өңірлердің қатарына жатады. Облыс халқының 90 пайыздан астамы – қазақ ұлты.
Мұнда ежелден келе жатқан салт - дәстүрлер әлі де жаңғырып, ұлттық құндылықтардың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Соған қарамастан, соңғы жылдары аймақта ажырасып жатқан отбасылардың қатары көбейген. Бұл жағдайға не себеп?
Қызылордалық Айдана – жалғызбасты ана. Бүгінде екі баласымен бірге пәтер жалдап күнелтіп жүр. Жеті жыл отасқан күйеуімен биылғы жылдың жаз мезгілінде ресми түрде ажырасып кеткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұрыңғы жолдасы жанұясы үшін жауапкершілікті сезінгісі келмеген. Тұрақты жұмысы мен табысы болмаған азамат ішімдікке де тәуелді екен.
“Бастапқыда бәрі жақсы болды, күйеуімнің қылығы бірінші баламыз дүниеге келгеннен кейін басталды. Жиі ішімдік ішіп, жұмыстан қуылды. Ара - тұра құрылыста еңбек етті, бірақ айлығы арағынан ауыспады. Қазір ұлдарым ер жетіп келе жатыр, әкелерінен үлгі алғанын қаламаймын. Ажырасқаннан кейін әке - шешемнің үйіне оралуға намыстандым. Айлығым пәтер жалдауға, балаларымның қажетін өтеуге жетіп тұр. Бұрыңғы күйеуім алимент төлемейді”, - дейді қызылордалық келіншек.
Өкінішке қарай, қазір Сыр елінде Айданамен тағдырлас келіншектер көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы аймақта некесін бұзғандардың жалпы саны 497 болса,
2022 жылы бұл көрсеткіш 362-ге дейін төмендеген.
Бірақ 2023 жылы жағдай күрт өзгергенін байқауға болады, ажырасу саны 966-ға жетіп, көрсеткіш 166%-ға өскен.
Ал 2024 жылы (11 ай ішінде) бұл көрсеткіш 1846 болды, яғни өткен жылмен салыстырғанда ажырасушылардың саны екі есеге артқан.
“Расымен, бұл дабыл қағарлық жағдай, бір жыл ішінде көрсеткіш екі есеге артып отыр. Еліміздің заңдарына сәйкес, ажырасуға арыз берген кісілерге шешімін өзгертуге, әлде де ойлануға 1 ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде арыз қайта алынбаса, неке ресми түрде бұзылады. Балалары бар жұптар сотқа жүгінеді, көп жағдайда медиация әдісі арқылы ажырасатындар бар. Біздің өңірімізде ұзақтығы ең қысқа неке - екі апта болды. Яғни, ресми үйленген жұп арада екі апта өткеннен кейін ажырасуға арыз тастады. Ажырасуға ниеттенген әрбір отбасымен психологтар жұмыс жасайды. Мамандар отбасының не себептен бұзылып жатқанын анықтауға тырысады”, - дейді “Азаматтарға арналған Үкімет” мемлекеттік корпорацясы Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Аслан Сағындық.
Психолог және әлеуметтанушылар да бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Мамандар ажырасу - тек екі адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның жағдайын көрсететін индикатор екенін айтады.
“Жалпы отбасының бұзылуына жастардың некеге дайынсыздығы себеп болады. Яғни, жанұяның экономикалық және моральдық тұрғыда қалыптаспауы өзінің кері әсерін тигізеді. Тұрақты табыстың жоқтығы, баспананың болмауы да отбасының шырайын қашыруы мүмкін. Сонымен қатар, отбасы мүшесінің маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық сияқты әдеттері жанұяда жанжалдың көбеюіне себеп. Тұрмыстағы зорлық - зомбылық балалардың психикасына да зиян. Сол себепті жас отбасыларына ең бірінші кезекте үлкендердің қолдауы қажет деп ойлаймын. Ата - енелер жаңа түскен келінге қамқорлық таныта білуі тиіс. Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады”, - дейді психолог Гүлмира Ақтаева.
Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы