Қызылордада газ тапшы

Қызылорда облысында көгілдір отын тапшылығы сезілуде. Автокөлік жүргізушілері газ құю үшін жаңармай бекеттерін жағалап, ұзын - соңар кезекте тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Соңғы бірнеше күннен бері Қызылордада газ тапшылығы жүргізушілерді әбігерге түсіруде. Көптеген жаңармай құю станцияларында ұзын - соңар кезекті көруге болады. Өз кезегін сағаттап күтуге мәжбүр шопырлар бекеттерде болып жатқан жағдайға биліктегілердің неге көңіл бөлмей отырғанына наразы.
"Осыдан шамамен бір ай бұрын газдың бағасы қымбаттады, литрі 70 теңге болды. Сол кезде де газ болмай қалған. Кейбір бекеттерде талонмен беріп жатыр, кейбіреуі шектеу қойып қойған. 3 мың теңгеге газ құю үшін бір жарым сағат кезекте тұруға мәжбүр болдым. Бензиннің бағасы қалтаға айтарлықтай салмақ түсіреді", - дейді қала тұрғыны Балабай Айжан.
"Жас Алаш" тілшісі облыс орталығындағы бірнеше бекеттерді аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Расымен, ахуал өте күрделі. Шыдамы таусылған жүргізушілер газдың бағасы қайтадан көтеріледі ма деп күдіктенеді.

"Қызылорда облысында 210 автогаз құю бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газын сату бойынша 25 операторлар тіркелген.
Облыстың жазғы және күзгі мезгілдегі ай сайынғы газ қажеттілгі шамамен 9 мың тоннаны құрайды.
Алайда, ағымдағы жылдың шілде айына 7,4 мың тонна газ бөлінді. Осыған орай, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан Энергетика министрлігіне қосымша газ көлемін бөлу бойынша сұраныс хат жолданды.
Осыған сәйкес, облыстың кейбір операторлары газды лимит арқылы сатуға мәжбүр.
Дегенмен, облыстығы негізгі ірі операторларда жағдай тұрақты, газ еркін сатылымда.
Бүгінгі күнге, облыс бойынша газ толтыру станциялары мен газ құю бекеттерінде барлығы 576 тонна газ қалдығы бар. Одан бөлек, заводтардағы 1 679 тонна газ қалдығын операторлар күнделікті бекітілген кестеге сәйкес тасымалдауда", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері.