Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 02 Шілде 2024

Қызылордада қарапайым жұмысшыға қысым көп

1
Фото: Айнұр Төлешова

Расымен, өңірлердегі өндіріс орындары экономиканың жақсаруына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Өкінішке қарай, Қызылорда облысында жұмыс істеп, елге игілігі тиіп жатқан ірі кәсіпорындар қатары айтарлықтай көп емес.

 Болған күннің өзінде қызметкерлердің құқығына салғырт қарап, қысым көрсетіп келеді. «Жас Алаштың» редакциясына Жаңақорған ауданындағы «Байкен-U» ЖШС мамандары жанайқайын жеткізген еді.

«Байкен-U» серіктестігі – «ҚазАтомПром» мекемесіне қарасты өндіріс орны. Қуаттылығы жоғары зауыт Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында орналасқан. Мұнда қазір 400-ден астам жұмысшы уран өндіру ісіне жұмылдырылған. Басым көпшілігі жергілікті жердің тұрғындары. Дайын өнім Ресейге тікелей экспортталады.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Еркебұлан Әбдіғаппарұлы аталмыш зауытта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қызметтің әр сатысынан өткен. Қарапайым жұмысшы болып орналасқан азамат бүгінде зауытта инженер болып еңбек етеді. Еркебұланның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын «Байкен-U-ға» жаңадан бас директор тағайындалған. Сол уақыттан бері өндіріс орнының берекесі қашып, көптеген заңсыздықтар орын алып келеді екен.

Еркебұлан Әбдіғаппарұлы
Еркебұлан Әбдіғаппарұлы

«Жаңадан келген бас директор біраз кадрлық өзгерістер енгізді. Оның ішінде жыл басында жаңадан рудник директоры тағайындалды. Сол кезде мен маман ретінде қудалауға ұшырадым. Өзімнің тікелей бастығымнан сұранып кетсем де, мені жұмыста болмады деп қызметімнен шығарып жіберді. Өзім бес баланың әкесімін. Зауыт басшылығын сотқа беріп, нәтижесінде жеңіп шықтым. Қайтадан қызметіме орналастым. Дегенмен әлі күнге дейін психологиялық тұрғыда қысым көрсетілуде. Бүгінде көптеген жұмысшы келісімшарт негізінде еңбек етеді. Не себепті штатқа алынбай жатқандығы түсініксіз», – дейді зауыт инженері.

Еркебұлан Әбдіғаппарұлының айтуынша, зауытта қызметкерлердің қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінбейді. Уран өндіруге пайдаланылатын кислота жиі-жиі төгіліп, қоршаған ортаға өз залалын келтіріп жатыр. Алайда оған назар салып, кәсіпорын қызметін бақылауға алып жатқан ешкім жоқ сияқты. Мұнан бөлек, техникалық құрал-жабдықтарды жөндеуде құны арзан қосалқы бөлшектер пайдаланылып, салдарынан апатты жағдайлар жиі орын алатын көрінеді. Кейбір қызметкерлер қосымша жұмыс атқарса да, үстемақы алмайды екен. Өндіріс орнында техникалық мамандарға сұраныс жоғары болса да, қызметкерлерді жұмыстан шығару тыйылмай тұр.

Зауыт басшылығының қудалауына ұшыраған мамандардың бірі – Эркин Дауылбаев. Біліктілігі жоғары техник зауытта көп жыл ГТП бастығы болып еңбек еткен. Жаңақорғандық азаматты «Байкен-U» Мәскеуде оқытып, білімін толықтырған екен. Бүгінде Эркин жұмыссыз жүр. Тұрақты табысынан айырылған маман отбасын қалай асырайтынын білмейді.

Эркин Дауылбаев
Эркин Дауылбаев

«2024 жылдың алғашқы үш айында зауытта 15 адам жұмысынан кетті. Басшылық өз еркімен арыз жазуға мәжбүрлейді. Психологиялық қысым көрсетіп, қалыпты жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді. Мен Еркебұланның тікелей басшысы болдым, менен сұранып кеткені рас. Басшылар сотта басқаша түсінік беруімді талап етті, бірақ мен жалған ақпарат бермедім. Нәтижесінде, қазір екі қолыма бір күрек таба алмай жүрмін», – дейді Эркин Дауылбаев.

«Жас Алаш» «Байкен-U» ЖШС бас директоры Жұмағали Маркенбаевпен байланысуға тырысты, алайда бір ауыз ресми мәлімдеме алу мүмкін болмады. Жаңадан тағайындалған рудник басшысы да сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Жұмысшылардың әлеуметтік желілердегі шағымына түсініктеме берілді.

«КазАтомПромға» қарасты «БАЙКЕН-U» ЖШС-ы уран өндіріс зауытында 2022 жылдан бері Маркенбаев Жұмағали Жұматайұлы бас директор қызметін атқарады.

Қызметкерлердің құқықтары тапталды деген ақпаратыңыз негізсіз. Кеніште «Самұрық-қазына» АҚ-ның және «Казатомпромөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша сенім телефон нөмірлері көрсетілген.

Жалпы жұмыс барысында еркінен тыс жұмыстан қуылған жағдай болмаған, барлық жағдайда қызметкерлердің өз қалауымен немесе заң аясында жүзеге асырылады. Бір ғана жағдай Еркебұлан Әбдіғаппарұлы есімді қызметкер себепсіз жұмыста болмауына байланысты шығарылған болатын.

Оған қоса қолданылған кислотаны залалсыздандырып, міндетті түрде техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, алгоритммен жұмыс жүргізіледі», – деп мәлімдеді зауыттың ресми өкілдері.

Айнұр Төлешова

Тегтер: