Қызылордада V Ұлттық құрылтай өтіп жатыр
Қызылордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Ұлттық құрылтай өтуде. Жиынды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ашып, құрылтайдың алғашқы күнінде өткен секциялық отырыстардың нәтижесін жариялады.
70-ке жуық мүше сөз сөйлеп, 200+ ұсыныс айтылды
Ерлан Қариннің айтуынша, екі күнге жоспарланған форумның алғашқы күні төрт панельдік секция форматында өткен. Сол секцияларда құрылтайдың шамамен 70 мүшесі пікір білдіріп, 200-ден астам ұсыныс пен ұсыным айтқан.
Ол ұсыныстардың барлығы жинақталып, жүйеленгенін, ал олардың бір бөлігі бүгін құрылтай мүшелерінің баяндамаларында айтылатынын жеткізді.
Бурабайдағы IV құрылтайдан кейін 53 тармақтық жоспар бекітілді
Мемлекеттік кеңесші бұған дейін Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайдың қорытындылары бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арналған 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар қабылданғанын еске салды.
Оның сөзінше, сол жоспар аясында Парламент депутаттарының қолдауымен өткен жылы 6 заң қабылданған.
Аталған заңдар мына бағыттарды қамтыған:
- балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу;
- жеке меншік нысандардың атауларын жүйелеу;
- қоғамдық орындарда бетті жасыратын киім киюге тыйым салу;
- археология саласын реттеу.
Сонымен қатар, осы кезеңде жұмысқа тағы 10 заң жобасы қабылданғаны айтылды.
«Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленді
Ерлан Қарин балалар құқықтарын қорғауға қатысты барлық шара бір бағытқа біріктірілгенін атап өтті.
Оның мәліметінше:
- ғылыми қалашықтарды құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды;
- мектептерде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жетілдірілді;
- Президент тапсырмасымен Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама әзірленді.
Наркоманияға қарсы жаңа кешенді жоспар және ішкі саясат қағидаттары
Мемлекеттік кеңесші жақын уақытта Үкімет қаулысымен наркомания мен наркобизнеске қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар бекітілгенін де айтты.
Сондай-ақ, өткен жылдың қарашасында Президент Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары және басымдық бағыттары бекітілгенін жеткізді. Ерлан Қарин бұл құжатты тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ішкі саясатты жүйелеген алғашқы концептуалдық акт ретінде атады және оны әзірлеуге құрылтай мүшелері мен сарапшылар қатысқанын айтты.