Қызылордада V Ұлттық құрылтай жұмысын бастады
Бүгін Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай басталды. Форум аясында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстанның дамуының негізгі бағыттарын талқылайды.
Екі күнге жоспарланған құрылтайдың алғашқы күні төрт панельдік секция форматында өтіп жатыр. Қатысушылар әлеуметтік-мәдени даму, ғылым мен білім беру секілді кең ауқымды мәселелерді қарастыруда.
Әлеуметтік-мәдени даму мәселелеріне арналған секцияға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ал білім беру мен ғылымға арналған секцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекшілік етті.
Күннің екінші жартысында форум қатысушылары азаматтық қоғам және экономикалық даму тақырыптарына назар аударады. Бұл бағыттар елдің болашағына тікелей ықпал ететін өзекті мәселелер ретінде қарастырылмақ.
Құрылтай барысында Қазақстанның алдағы даму жолын айқындайтын стратегиялық маңызы бар бастамалар мен шешімдер талқыланады. Сондай-ақ құрылтай мүшелері облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысады.
Еске салайық, форум қарсаңында Ұлттық құрылтайдың тарихи бастаулары туралы, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында шешуші рөл атқарған маңызды жиындар жайында материалдар жарияланған болатын. Сонымен қатар, құрылтай аясында Қазақстан Президенті елдің болашағына қатысты өз көзқарасын және алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтарды ұсынатыны хабарланған еді.