Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 23 Қаңтар 2024

Қызылордалықтар Нәлібаев берген үйде тұрғысы келмейді

қызылорда
Фото: primeminister.kz

Қызылорда облысына қарасты Жалағаш кентінің тұрғындарына жүз жылға жалға берілген үйлерінің сапасы сын көтерер емес. 

Қабырғалардың сылағы түсіп, көгеріп жатыр. Қара суықта қалтырап, бойымыз бір жылынбайды дейді жалағаштықтар. Бұл үйлерді осыдан бір ай бұрын облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік жағынан осал топқа жататын жандарға өз қолымен берген. Жалағаштықтар жүз жылға жалға берілген үй тым құрыса жүз күн қирап қалмай тұрса дейді.

Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының Сыр өңірінде үш мыңға жуық отбасы баспаналы болады деп мақтана сөйлегені бар. Әкім Нәлібаевтың әр үй тапсырған сайын келтіретін бір цитатасы бар: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп айтқан еді...» Былтыр облыста 1 924 пәтерлік 36 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрген. Алайда үйлі болғандардың барлығы бірдей қуанып жүрген жоқ. Әсіресе жалағаштықтар жаңа үйлерін жылыта алмай әлек. Тіпті кеше ғана қоныс тойларын атап өтіп, енді үйлерін жамап-жасқап жатқандар да бар. Айтпақшы, осы жалағаштықтардай әлеуметтік осал топқа жататын жандарға 1000 үй алып беру үшін республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінген. Сол халықтың салығы есебінен түскен ақшаны облыс басшысы бастаған жергілікті шенеуніктер неге дұрыс игермеген? Онсыз да ілдебайлап, кісі есігінде жүрген жандарға сапалы үй салып беруге болмас па еді?

Редакциямызға хабарласып, шағымданған халық әкімдік берген үйде тұру мүмкін емес дейді.

«Осыдан бір ай бұрын уақыт осы үйімізге көшіп келдік. Дәлірек айтқанда, 20 желтоқсан күні. Үйдің ішін әктеп, тазалап алдым. Әр бөлмеде көгерген жерлері бар, тіпті түтеп кеткен. Терезе үнемі буланып тұрады. Пеш батареяларының үйді жылытуға күші жетпейді. Арасында тоқ пешін қосамыз. Сегіз балам бар, олардың денсаулығына алаңдаймын. Асханаға су мүлдем келіп тұрған жоқ, жуынатын бөлмеден аламыз. Әжетхананы дұрыс орналастырмаған, кафельдері де түсейін деп тұр. Есіктің құлпын ауыстырдық, септик деген дәл есіктің алдында. Жаздың күні сасық иіспен қалай тұратынымызды білмейміз. Газ пешінің ішінде фильтрі жоқ, үйдің төбесі жұқа. Баспананы салған жігітпен сөйлескенмін, бірақ ол өте дөрекі жауап берді», – дейді көпбалалы ана Нұрсәуле Ахметқалиева.

Тағы бір көпбалалы ана Майра Есетова – былтырғы жылдың 15желтоқсанында Жалағаш ауданында 50 отбасыға баспана берілгенде салтанатты шараға келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өз қолынан үйінің кілтін алып қуанғандардың бірі. Қуаныштан болар, жаңадан салынған екі пәтерлік 25 үй мінсіз көрінген. Сәулетті, еңселі! Қонақ, жатын, жуынатын бөлмелер мен ас үй қарастырылған. Нәлібаевқа риясыз алғыстарын да айтқан... Қазір ашулы. Құрылысшылардың жіберген кем-кетігін өз қалталарынан ақша шығарып жөндеуге мәжбүр.

«Үйдің іші үнемі буланып тұрады. Газдың қысымын қанша көтерсем де, баспананың іші жылымайды. Сол себепті өз қаражатымнан қосымша радиаторлар орнаттым. Асханадан су ақпайды, әжетханадан тасып іше алмаймын. Сол себепті суды өзім қостырдым. Жуынатын бөлмеге ванна қойдым, есігім де дұрыс емес. Бір ай өтпей жатып септик толып кеткен. Енді оны да өз ақшамнан тартқызуым керек. Неге осы жағдайлар ескерілмеген? Бұл жерде адамдар тұрады ғой. Мен әкімшіліктен жұмсаған ақшамды қайтаруын талап етемін», – дейді бес баланың анасы Майра Есетова.

Сапасыз салған үйдің машақаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қиын боп тұр. Мәселен, Жалағаш ауданының тұрғыны Аманбол Пермағанбетов тұрғын үй кезегін 11 жыл күткенін айтады. Мүмкіндігі шектеулі азамат жаңа баспанасын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ төрт балалы әкенің әзірге жағдайы келмейді.

«Барлық бөлме көгеріп кеткен, күнде сүртіп аламыз. Терезеден жел улеп тұрады. Және суланып та кетеді. Қолымнан келгенше жөндеп жатырмын. Көгерген иіс қолқаны бітеп тастайды. Газды ең жоғары көрсеткішке көтеріп қойсақ та үйдің іші мүлдем жылымайды. Көшіп келгенімізге бір ай енді болады. Үйдің құрылысын қалай болса солай жүргізген. 11 жыл күткен үйімнің сиқы осы», – дейді Пермағанбетов.

Жалпы бұл үйлерді жеке азаматтардан сатып алуға Ұлттық қор мен аудандық бюджеттен 538 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Яғни бұл мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, мердігер мекеме салған баспана емес. Үйлердің құрылысы 2023 жылы жүргізілген. Жергілікті әкімдік тұрғындардың шағымы ескерілетінін айтады, олқылықтар жөнделеді деп отыр.

«Жалпы Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаға 51 пәтер алынды. Баспананы аудандағы 6 азаматтан сатып алдық. Сол кезде үйдің техникалық ерекшеліктері біздің талаптарымызға сәйкес келді. Тұрғынжайлар толықтай табиғи газға қосылған. Келісімшартқа сәйкес, үйдің құрылысын жүргізген азаматтар екі жылға дейін кепілдік беріп отыр. Осы уақыт аралығында олар баспананың кем-кетіктерін жөндеп беруге міндетті. Қазіргі күні тұрғындарға берілген 51 пәтерге 12 отбасы келіп қоныстанған. Қалғандары әртүрлі себептерін айтуда. Бірі – күннің жылынғанын күтсе, енді бірі – балаларын мектептен ауыстыру мәселесіне байланысты көшуді кейінге қалдырып отыр. Өздеріңіз білесіздер, қыстың күні баспананы күтімсіз қалдыруға болмайды. Бұл жағдай да үйлердің сапасыздануына өзінің кері әсерін тигізіп жатыр», – деп мәлімдеді Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов.

Шенеуніктердің айтуынша, жаңадан қоныстанған тұрғындардан әкімдікке ресми шағым түспепті. Баспана сапасына қатысты сын айтатындардың жағдайы назарсыз қалмайды деп сендірді ақжағалылар. Бір қызығы, жалағаштықтардың жүз жылға жалға берілген жыртық үйлері әлеуметтік желіні кезіп кеткелі қашан. TikTok, Whatsapp-та Нәлібаевтың көгерген үйлері деген атқа да ие болды. Бірақ облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен аудан әкімі Ардақ Ибрагимовтың қандай да бір әлеуметтік желілерді қарайтын уақыттары жоқ, шаруалары шұғыл. Сондықтан аудан жұртының ресми шағымдарын күтіп жүр.

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы

Тегтер: