Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:13, 09 Шілде 2024

Қызмет сапасы төмен, сыйақысы жоғары ұлттық компаниялар

1
Фото: freepik и shutterstock

Өткен айда сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуын бағалаудың негізгі қорытындылары жарияланды.

 Жоғары есеп палатасының мәліметінше, ұлттық компаниялар 383 миллиард теңгені игере алмаған. Сол жүздеген миллиардты игеруді қолға алған болу керек, аталмыш компаниялар биыл тағы да менеджерлеріне миллиондаған қаржыны оңды-солды сыйақы ретінде таратып жатыр. 

Қазақстанда ұлттық компаниялар басшылары мен топ-менеджерлері жыл сайын миллиардтаған сомада сыйақы алады. Былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйақы беру шарттарын бекітіп кетті. Аталмыш сыйақыны бірінші басшы, басшының орынбасары, атқарушы органның (басқарманың) мүшесі алады. Жылдың басында Түркістан әуежай басшылығына республикалық бюджеттен 25 млрд теңге сыйақы берілгені біраз дау тудырған еді. Кейіннен жергілікті әкімдік оның себебін түсіндіріп, ақталды. Енді тағы да ұлттық компания топ-менеджерлерінің қанша сыйақы алғаны белгілі болды. Олардың қандай компания, қанша сыйақы алғанын ретімен санап өтейік.

Қарызы көп Қазақстан темір жолының мол сыйақысы

ҚТЖ басшылары жылдың басында қарыздары 2,9 трлн теңгеге жеткенін хабарлаған еді. Бірақ компания қарызы бастан асып жатса да, қызметкерлері мен басшыларына сыйақы тағайындауды ұмытпапты. 2023 жылы басқарма мен директорлар кеңесі мүшелеріне жалпы 790 млн теңге сыйақы берілген. Басқармада 8 адам бар – Н.Сауранбаев, Қ.Әлмағамбетов, А.Ахметжанов, С.Кеулімжаев, Д.Көшеров, Б.Ұрынбасаров, Е.Қойшыбаев, Е.Нағаспаев. Директорлар кеңесінің құрамына – Дж.Маккей, У.Вокурка, А.Ширхубер, А.Рысқұлов, Қ.Ирубаев, Е.Бердіғұлов, Г.Ауғанов және Н.Сауранбаев кіреді. Қысқаша айтқанда, әр қызметкер бір жылда 49 млн 375 мың теңге сыйақы алған.

«ҚазМұнайГаз»

«ҚазМұнайГаз» компаниясы басқарма мүшесі мен директорлар кеңесінің мүшелеріне жалпы 388,7 млн теңге сыйақы тағайындаған. Оның ішінде басқарма мүшелері – Мағзұм Мирзағалиев, Нұрсейіт Сүйінов, Қуаныш Құдайбергенов, Серікқали Брекешев, Болат Закиров, Дмитрий Макеев, Диана Арысова, Василий Лавренов және Дастан Абдулғафаровтар – 43,2 млн теңгеден алған. Ал директорлар кеңесіне кіретін – Ернат Бердіғұлов, Мағзұм Мырзағалиев, Филипп Малкольм, Арманбай Жұбаев, Арман Арғынғазин, Ұзақбай Қарабалин, Елжас Отыншиев, Сая Мыңшәріпова және Асқар Шәкіровтар 196,4 мың доллар, ал теңгемен 97,2 млн сыйақы алған.

«Қазпошта»

«Қазпошта» да басшыларын сыйақыдан кенде қылмаған. Аталмыш компания басқарма мүшелеріне орта есеппен, 21,9 млн, директорлар кеңесінің мүшелеріне 9,5 млн теңгеден сыйақы тағайындаған. Жалпы сома – 160 млн теңгеге жуық.

Басқарма құрамына – Әсел Жанасова, Семен Пак, Бекболат Хамитов, Шолпан Абирова, Ержан Қазанбаев және Жанаркүл Қошановалар, ал директорлар кеңесінің құрамына Николай Казутин, Мират Өтепов, Олжас Құдайбергенов, Ескендір Майлыбаев, Сұлтан Мәренов және Әсел Жанасовалар кіреді.

Air Astana

Әуе компаниясы негізгі басшылыққа 605,6 млн теңге, тәуелсіз директорларға 230 мың доллар төлеген. Питер Фостер, Ибрагим Жанлыел, Филиппос Сиаккас, Герхардус Коетци, Евгения Ни және Ердәулет Шәмшиев сынды басшылар 3 633,7 млн теңгеден сыйақы алған.

KEGOC

Қазақстанның электр желілерін басқаратын компания сыйақы ретінде басшыларына 420,3 млн теңге төлеген. Компанияның 5 басқарма мүшесі – Нәби Айтжанов, Бақытхан Жазықбаев, Төлеген Сафуани, Айгүл Әкімбаева және Эльвира Қонақбаева мен директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Нәби Айтжанов пен үш тәуелсіз директор – Нұрлан Аханзарипов, Марат Дулқайыров және Дамир Суентаев орташа есеппен 52,5 млн теңгеден сыйақы алған.

QazaqGaz

QazaqGaz басшылығы да сыйақы ретінде 575,5 млн теңге алған. Олар басқарма мүшелері – Санжар Жаркешов, Мейірбек Ихсанов, Айдын Ақан, Арман Қасенов, Акбар Төлегенов, Әнуар Битанов және Марат Қаспақов пен директорлар кеңесінің мүшелері Санжар Жаркешов, Омархан Өксікбаев, Нұрлан Аханзарипов және Ескендір Майлыбаевтар орташа 52,3 млн теңгеден алған.

«ҚазАтомПром»

2023 жылы атом компаниясының басқарма мүшелері мен директорлар кеңесінің тәуелсіз директорлары 912,8 млн теңге көлемінде сыйақы алған.

Аталмыш компания басқарма құрамынан Мейіржан Юсупов, Қуаныш Омарбеков, Сұлтан Темірбаев, Дастан Көшербаев, Әлібек Алдоңғаров, Мұхит Мағажанов және Ермек Қуантыровқа, ал директорлар кеңесінен Арман Арғынғазин, Арманбай Жұбаев және Нодир Сидиковтарға орташа 91,3 млн теңгеден төлеген.

«Қазақтелеком»

«Қазақтелекомның» директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Байдәулетов 16 млн теңге сыйақы алған. Бұдан бөлек, Әсет Абдуалиев, Дмитрий Зайка және Артур Неупокоев 20,6 млн теңгеден, басқарма мүшелері – Есекеев Қуанышбек, Людмила Атамұратова, Берік Битабаров, Әлібек Ындықбаев, Наталья Лян және Нұрлан Мейірмановтар 362,4 млн теңге сыйақы алған.

«ҚазТрансОйл»

Бұл компания да басшылары мен менеджерлеріне 605,6 млн теңге сыйақы төлеген. Тәуелсіз директорлар – Адриан Фрейсинет, Тимоти Глен Миллер және Қазбек Құсайыновтар бір жылға 80 мың доллар сыйақы және комитеттердің жеке отырысына қатысқаны үшін 1 мың доллар көлемінде қосымша гонорар алған. Жалпы директорлар кеңесінің мүшелерінің сыйақысы 151,3 млн теңгені құраған. Ал басқарма төрағасы мен мүшелері – Талғат Құрманбаев, Сәбит Арынов, Темірхан Әбдіров, Ерік Сағиев, Әміржан Оспанов, Ғазиз Қошанов және Жайдарман Исақовтар 454,2 млн теңге сыйақы алған.

Сыйақы тағайындау қаншалықты орынды?

Бұл – елдегі сыйақы тағайындап отырған ұлттық компаниялардың бір бөлігі ғана. Мысалы, 2022 жылы қаржы министрлігі акционерлік қоғам басшыларының 71 млрд теңге сыйақы алғанын хабарлаған еді. Жалпы тізімде 801 компания бар. Ал Air Astana басшысы Питер Фостер 2022 жылы өзіне 394 млн теңге сыйақы тағайындап, мұнысы БАҚ бетінде біраз шу болды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттық компаниялардың сыйақы ретінде миллиондап қызметкерлеріне қаржы төлеуі заңды. Ол заңмен бекітілген. Бірақ соншама бюджет ақшасын, миллиардтаған халық қаржысын жұмысын жақсы істеді деп басшылыққа беру қаншалықты орынды? Олардың жұмысты онсыз да жақсы істеуі міндеті емес пе? Бірақ кейінгі уақытта кейбір ұлттық компаниялар трлн-дап қарызға батып жатса да менеджерлеріне сыйақы тағайындайды. Қара үзіп шығып, ерекше нәтиже көрсетіп жатқаны да жоқ. Сол баяғы бірсыдырғы көрсеткіш қана. Керісінше, кей компаниялар елдің сынына қалады. Мысалы, Air Astana жыл сайын билет қымбаттығына байланысты (бұған ҚТЖ-ны да қосыңыз), «Қазақтелеком» тарифтың қымбаттығы мен интернет сапасының төмендігіне байланысты қоғам наразылығына ұшырайды. Сол сияқты «Қазпошта» да жиі БАҚ беттерінде өз аттарына айтылған сынға жауап беріп, әлек болып жатады. Бірақ бұл компаниялардың басшылары мен менеджерлері жыл сайын сыйақы алады және аз сома емес, 50-100 млн теңге айналасында. Бұл – қарапайым халықтың 10 жылда да таба алмайтын қаржысы. Парадокс!

Тұрсынбек БАШАР