Қызметтерді онлайн форматқа ауыстыру – цифрландыру емес

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде цифрландыру кезек күттірмейтін тақырып.
Өйткені технология мен индустрияның талабы сондай. Заманның ең озық игіліктерін пайдала отырып мемлекет билік тетіктерін жетілдіре алады. Әрі жемқорлықты азайтуға, мемлекеттік мекемелер мен институттар жұмысының ашықтығына, сол секілді қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бар.
Алайда цифрландыру біз ойлағандай сым темірлер мен компьютерлерден ғана тұрмайды. Немесе арнайы қосымшалар мен қызметтерді онлайн форматқа ауыстыру, желідегі байланысты кеңейту ғана емес. Бұл туралы ақпараттық технологиялар маманы Абылай Асхат былай дейді:
«Цифрландыру ең алдымен ғылымға келіп тіреледі. Себебі локалды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін немесе жаңа қажеттіліктер мен сұраныстарға бейімделген технология жасау үшін салаланған ғылым дамуы тиіс. Дәл сол секілді сапаны арттыру мен жүйелерді жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету де ғылым жетістіктерін қажет етеді. Бұл орайда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, «биг даталар» мен араласқан салаларды зерттеу жағы өзекті екені белгілі. Басқа ғылымдарға қарағанда, ақпараттық технологиялардың ерекшелігі де сонда – бұл ғылым күнде, сәт сайын жаңарып отырады. Ондағы жаңалықтар мен өзгерістерге көз ілеспейді деуге де болады. Сондықтан соңғы трендтерге ілесіп отыратын, инновациялық зерттеу болғанда ғана елдегі цифрландыруды дамыта аламыз. Демек, ақпараттық технологиялар мен цифрландырудағы прогресс ғылымдағы прогрестен туады деп қорытынды шығаруға болады».
Яғни технология мен ғылым қатар жүруі керек. Осы аталған екі аспект тиісті ұлттық жобада да бекітілген. Бірнеше жыл бұрын ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы жарлық қабылданып, соның негізінде он ұлттық жоба бекітілген еді. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Бұл жоба цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ғылыми үлесін арттыруға бағытталған. Ал негізгі мақсаты – мемлекеттегі процестерді және жалпы қоғамдық қатынастарды цифрландыру. Яғни цифрлық трансформация жасау арқылы мемлекеттік басқаруды, жергілікті басқаруды тиімдірек ету, әлеуметтік шешімдерді қабылдар кезде деректердің жаңа әрі сенімді екеніне көз жеткізу, әлеуметтік-экономикалық дамудағы ғылымның үлесін арттыру. Бұл жоба жоғарыда айтып өткеніміздей, екі блоктан тұрады. Олар: цифрлық трансформация; ғылымды дамыту.
Ғылымды дамыту жағын тарқатар болсақ, ол төрт нақты бағыттан құралған: «Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – басты назарда ғалым»; «Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру»; «Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру: ғылым-өндіріс-бизнес»; «Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру». Әрине, арнайы бағдарлама шеңберінде ғана жұмыс істеу жеткіліксіз. Бұл бағытта арнайы кадр әзірлеу жағы да аса маңызды. Жастар тарапынан ақпараттық технологиялар саласына қызығушылық артып жатыр. Ал оқыту жағы қалай? Нарықта ІТ мамандарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының басым бөлігінде бұл мамандық оқытылады. Тіпті арнайы факультеттер де аз емес. Әрі мемлекеттік грант та жетерлік. Демек, білім беру бағдарламалары мен оқытушылардың тиімділігі жақсы деңгейде болса кадрлық мәселені шешу қиындық тудыра қоймайды.
Балауса Ділдәбек