КҚК маңындағы дрон шабуылы: Қазақстан мұнай экспортына залал келмеген
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында болған дрон шабуылына қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, оқиға Қазақстанның мұнай экспортына кері әсерін тигізбеген.
Министрлік ҚазМұнайГаз, ҚҚК консорциумы және кеме иелерімен бірлесіп, экспорттың қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Мальта туы астында жүрген Matilda танкері, ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы арқылы жалға алынған кеме, дрон шабуылына ұшыраған. Танкерде жарылыс болғанымен, өрт тіркелмеген. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Алдын ала деректер бойынша, кеме қозғалысқа жарамды күйде қалып, корпуста елеулі зақым анықталмаған.
Сондай-ақ Либерия туымен жүрген Delta Harmony танкері де жүк тиеуді күтіп тұрған сәтінде шабуылға ұшыраған. Кемеде өрт шыққанымен, ол қысқа уақыт ішінде сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ. Бұл танкерге мұнай әлі тиелмегендіктен, Қазақстанның экспорттық ресурстарына зиян келмеген.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ҚҚК терминалы маңында барлығы төрт танкер — Delta Harmony, Matilda, Freud және Delta Supreme шабуылға ұшыраған. Аталған кемелер Теңіз және Қарашығанақ кен орындарынан жеткізілетін мұнайды қабылдауға дайындалып жатқан.
Ведомство жағдай толық бақылауда екенін және Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.