ҚҚС-дан қауіп: Инфляция өседі, бизнес банкротқа ұшырайды, жұмыссыздық көбейеді
Тек соны Жұманғариннің білмейтіні өкінішті
Кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық реформасын қолдайтынын білдірді. Ал оның ішінде ҚҚС-ны 2024 жылдың қазанынан бастап 12%-дан 20%-ға дейін көтеру көзделген. Оған қоса, шекті мөлшерді 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін бір-ақ төмендетпек. Ел құлағын елең еткізген де осы жаңалық еді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің кеңейтілген отырыстан кейінгі брифингте айтқан сөзіне сенсек, соңғы шешім әлі қабылданбады. Дегенмен «20%-дық ҚҚС мөлшерлемесі әлемде ең кең таралған». Соған байланысты бір ай бойы консультация жүреді. Халықтың тамырын басып көрейік деген сыңай деп бағалайық онысын.
Talap зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың сөзінше, реформа іске асқан жағдайда жаңадан 300 мың салық төлеуші пайда болады. Ол негізінен шағын бизнес. Олар бүгінге дейін жеңілдетілген тәртіппен 3%-бен төлеп келген, енді 20%-бен төлейді деген сөз.
Ал оның салдары айтпаса да түсінікті: инфляцияны үдетеді, бағалар шарықтап кетеді. Бизнестің бір бөлігі жабылады не банкротқа ұшырайды, жоқ дегенде көлеңкелі айналымға кетеді.
Ең қызығы, тура бір жыл бұрын 7 ақпанда осындай кеңейтілген отырыста Әлихан Смайыловтың үкіметі де ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға дейін көтерейік деп елді шошытқан еді. Бірақ ол ұсынысты президент қабылдамай, кері қайтарып тастаған. Себебі ол мәселенің шешімі емес екенін, керісінше, өңін айналдырып кеткен ҚҚС-ның өзін реформалау керек екенін айтқан-ды. Тоқаев сол жолы ҚҚС-ны өсіру инфляцияны ұлғайтып, көлеңкелі экономика үлесін зорайтып жіберетінін меңзеген. Оның үстіне, елдің инвестициялық тартымдылығын да түсіретінін айтқан.
Сөйтіп, Смайыловтың орнына келген жаңа премьер-министр Олжас Бектенов 13 ақпанда ҚҚС-ның өспейтінін қадап айтқан. Енді, міне, араға жыл салып, Бектенов үкіметі сөзінен тайып, 16 емес, бірден 20%-ға дейін көтеретінін шімірікпей айтып тұр.
Мұндай жағдайда Ошақбаевтың ойынша, теңгемен табыс табатындар кедейленіп, табысымыз азая түседі. Алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтар зардап шегеді, себебі олардың тұтыну қоржынына кіретін өнімдердің көбі қымбаттайды. Сөйтіп, сатып алу қабілеті төмендейді.
Мұның ақыры халық сол несие қамытына кіре түседі деген сөз. Айта кетерлігі, Бірінші несие бюросының мәліметтері бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге қарағанда, жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы портфелі 24,1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 22,9%-ға өскен. Бұл портфельдің 90%-дан астамы үш негізгі өнімге – кепілсіз тұтынушылық несиелерге, ипотекаға және автонесиелерге тиесілі.
Естеріңізде болса, Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың несиеге батып қалу жағдайы парламентте қатты қаралған шақта тап осы тұтынушылық, яғни кепілсіз несиесінің көлемі 6,3 трлн теңгенің шамасында екені айтылған. Бірақ халық қалаған депутаттардың амал-шарғысы нәтиже бермегенін уақыт өзі-ақ көрсетіп тұрғандай. Қазір кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша 2025 жылдың басындағы қарыз көлемі – 11,7 трлн теңгеге жеткен.
Экономист Марат Әбдірахмановтың сөзінше, ҚҚС мәселесінде қарапайым ғана арифметика жатыр. Екі жыл бұрын қаражат айналымының шекті мөлшерін 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке түсірді. Ал қазір 5 есеге түсірмекші.
«Бюджет заңнамасы бойынша Ұлттық қордан 25% ғана түседі. Қалған 75%-ы салыққа қарап тұр. Ал салық деңгейі жоғары болса, оны ешкім төлей алмай қалады, бюджетке түсім азаяды. Нәтижесінде бюджетті толтыру үшін Ұлттық банк теңгені артығымен басып шығарады. Сөйтіп, теңгенің бағамы құлдырайды, жұрттың табысы кемиді, ақырында 90-жылдардың кебін киеміз», – дейді ол.
Ал бұған жеткізбес үшін негізделген салық жүйесі керек. Мәселен, жаңадан енгізілетін салық жүйесімен салық салу индексі 54%-ға дейін көтерілетінін айтады.
«Экономистердің пайымынша, әлеуметтік төлем, білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік блокқа кететін шығын шамамен 10 трлн теңге. Одан бөлек, тағы 4 трлн тәртіп пен күштік құрылымдарға кетсін. Сонда жалпы шығын 14 трлн теңге. Ал Үкімет 25 трлн теңге сұрап отыр. Ол ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейміз. Бюджеттің шығынын 14 трлн теңге деп қарастырсақ, ҚҚС-ның өзін алып тастауға да болады. Әрбір азамат жалақысынан 23,5% түрлі төлем аударып отырады десек, соның жартысы кеміп, 12% болып қалар еді. Сол үшін «Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары туралы» заң қабылдау керек. Сол арқылы әрбір азамат төлеген салығының қайда кетіп жатқанын бақылауға мүмкіндік алады. Мысалы, Швецияда солай. Бірақ біздің үкімет бұл қадамға барғысы келмейді», – дейді Марат Әбдірахманов.
Сайып келгенде, халықтың табысының азаюы, одан қалды инфляцияның өсуі, соның нәтижесінен туындайтын халықтың несие берешегінің одан әрі ұлғаятыны – бәрі де бір ғана ҚҚС мәселесінен шығып отырғаны өкінішті. Жұманғаринге салсақ, ҚҚС мөлшерлемесі көтерілгенде, «кәсіпорындарға түсетін орташа ауыртпалық 4%-дан аспайды». Инфляция дәлізі шамамен 4,5%-ға дейін ғана өсуі мүмкін. Бірақ экономистердің әп дегеннен-ақ айтқан есебі Жұманғариннің сөзіне мүлде ұқсамайды.
Бекбол АМАНГЕЛДІ