Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 10 Тамыз 2021

Классикалық стиль? Аймағамбетов оқушыларды алалайын деді

None
None

Бүгін – тамыз кеңесі. Бұл жолғы кеңесте не айтылып, қандай мәселе көтерілуі мүмкін?

Ол енді білім және ғылым министрлігі мен педагог мамандарға қатысты шаруа. Дегенмен тамыз кеңесінде қаралатын тақырыптар алдағы оқу жылының бір жылдық жоба-жоспары туралы болатыны анық. Білім беру тағы да онлайн форматта өте ме, әлде жағдайға байланысты дәстүрлі оқуға ораламыз ба? Жиында осы мәселелер қаралады. Дегенмен кеңесте өткен аптада ғана көтерілген мектеп формасы туралы әңгіме айтылса, құба-құп.

Сонымен, өткен аптада мектеп формасы туралы не айтылды? Естеріңізде болса, бір апта бұрын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасының қандай болатыны туралы үндеу жасаған-ды. Үндеуде министр жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасының өзекті болатынын айтты. Сонымен бірге ол пандемияға дейін мектеп формасын кию міндеттелгенін, тек өткен жылы індетке байланысты талаптың өзгергенін ескерткен.

Талап қалай өзгерді, бұдан былай балаңыз мектепке қандай формамен барады? Бұл туралы бас мұғалім бүй дейді: «Біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киіммен де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық». Әдемі, жылы естіледі құлаққа. Жанашыр адамның сөзі дерсіз. Ата-аналардың қалтасын ойлағаннан, жағдайымен санасқаннан туған пікірге ұқсайды. Бірақ осы шешімнің астарына үңілген кісі бар ма? Министрдің классикалық стиль дегенін қалай түсінесіз?

Бұған дейін барлық оқушы киіп келген, тіпті жұрттың санасында мызғымастай қалыптасқан мектеп формасы бір күнде өзгеріп, әркім өзінде бар кәстөм-шалбарын немесе басқа көйлек-көншегін киіп шықса, не болуы мүмкін? Әрине, одан бас жарылып, көз шықпас. Бірақ ең алдымен тәртіп өзгереді. Мектеп формасын киюдің өзі – тәртіп. Бала өзінің оқушы екенін ақ жейдеге көк галстук тағып, көгілдір кәстөм-шалбар кигенде ғана сезіне алады. Тап-таза форма киіп мектепке қарай жүргенде, оқушының бойын мақтаныш кернейді. Бұл заңдылық. Ал әркім өзінде барды кисе, біріншіден, бала өзін оқушы ретінде сезіне алмайды. Екіншіден, киім бәсекесі қалыптасады. Қалтасы қалың, ауқатты үйдің баласы, әрине, барын киіп, бақанын қолына алып шығады. Қымбат кәстөм-шалбар, бағалы көйлек-жейде, шетелдің бренд туфлиін іздеп жүріп табады немесе ата-анасына таптырып киінеді. Бай баласына бренд деген сөз бе! Қаласа шетелден тапсырыспен алдырады. Ал кедей баласы ше? Бір үйден бірнеше қарадомалақ мектепке баратын орта дәулеттілер ше? Киім бәсекесі осындай отбасыларға салмақ салатыны анық. Ал әке-шешесі қалағанын алып бере алмаған баланың психологиясында өзгеріс болмауы мүмкін емес. Қатарынан қалып, бір киімді күнде киетін оқушының жігері жасып, өзінен-өзі ұялатын болады. Одан кейін ол сабақ оқу түгіл, мектепке барудың өзінен қорланады.

«Қазбілім» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлына хабарластық. Астанада білдей бір мектептің директоры. Ол да оқушылардың классикалық формамен мектепке баруына қарсы екен. Оның айтуынша, оқушыға мектеп формасын міндеттеу керек.

– Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе өткен жылы кезекші сыныптардағы жағдайлар ұстаздар қауымын ойландырды. Қымбат киімдердің жарысы өтті. Классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киінді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балаларға бұл ауыр соққы, – дейді елордадағы №51 мектеп-гимназиясының директоры.

Директордың бәрі бірдей емес. «Шаш ал десе, бас алатын» әпербақан орындаушылар да бар. Мысалы, Аймағамбетовтің айтқанын екі етпейтін, тіпті асырып орындайтын мектеп басшылары классикалық үлгі деген былай болуы керек деп, қырлы шалбар, қылаусыз жейде, бір түсті жемпір талап етсе ше? Министр айтқандай, арнайы классикалық киім мектеп жасындағы балалардың 90 пайызының киім сөресінен табылмайды. Бұл анық жағдай. Ондай классикалық кәстөм-шалбардың құны мектеп формасынан асып түспесе, кем соқпайды. Айтпақшы, джинсы шалбар да классикаға жатпай ма? Оның үстіне жоғары сынып оқушылары арасында бұл шалбарды кимейтіндері өте аз. Мектеп формасы талап етілмесе, тапқаныңды киініп кел деген солқылдақ шарт қойылса, ертең оқушы біткен партада джинси киіп, алақұла жейдемен отырмасына кім кепіл? Содан кейін формасыз оқушыдан сабақ түгіл, тастай тәртіп талап етіп көріңіз.

Сосын, тағы бір нәрсені ескеру керек. Қазір оқушылар арасындағы ең үлкен мәселе – ұялы телефон жарысы. Үлкен қала түгіл, қазір телефон бәсекесі ауыл-аймақтың өзінде қызып тұр. Соңғы шыққан кітап емес, ең соңғы үлгідегі смартфон ұстау – барлық оқушының бас ауруы. Бала үшін қай ата-ана барын аясын? Өзі ішер ас, киер киімге жарымай жүрсе де, баласына кредитке ұялы телефон алып береді. «Балам жасып қалмасын, қатарынан қалмасын» деген тыраштық қана. Енді бұл тыраштыққа классикалық үлгідегі киімді қосыңыз. Жалпы, мектеп формасын талап етпеу ата-ананың қамын ойлағаннан туған жанашырлық емес. Шынайы жанашырлық – барлық балаға бірдей мектеп формасын, бірдей киім үлгісін талап ету.

Тегтер: