Клебанов пен Кан Петропавлдағы тозған жылу желілерінен құтылмақ

Петропавл қаласындағы тозығы жеткен жылу желілерін мемлекет балансына өткізу мәселесі талқыланып жатыр.
Бұл бастамаға желілердің иелері – белгілі олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан бастамашы болған. Бұл туралы Petropavlovsk.news хабарлады.
Жылу желілерін мемлекетке өткізу жоспарланып отыр
Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі:
“СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы мен Петропавл қаласы әкімдігі арасында “Петропавл жылу желілері” ЖШС-ін коммуналдық меншікке беру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Негізгі мақсат — жылу жүйелерін жаңғыртып, энергия тиімділігі мен сенімділігін арттыру," — деп мәлімдеді.
Билік бұл шешімнің басты себебі ретінде жылу жүйелерінің 70%-дан астамының тозуын және тарифтің бақылаусыз өсу қаупін атады.
Әкімдіктің түсіндіруінше, коммуналдық жүйелерді бір орталықтан басқару мемлекеттік қаржы тартуға мүмкіндік береді.
"Бұл тек апатты жағдайларды жою емес, жылу инфрақұрылымын түбегейлі жаңарту, болашақта тарифтік қысымды азайту және тұрақты жылу қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды қадам", — делінген хабарламада.
Келісімнің негізгі шарттары
-
Алдағы және келесі жылу маусымдарында жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс;
-
Қызметкерлердің еңбек құқықтары толық сақталады;
-
Барлық рәсімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сай жүргізіледі;
-
Кәсіпорынның қарызы болмауы — негізгі талаптардың бірі.
Жылу желілерін қалалық балансқа 2025 жылдың соңына дейін беру жоспарланып отыр.
Екібастұз мысалы: мемлекет тағы да олигархтардың орнына төлей ме?
Бұл жағдай Екібастұз жылу электр орталығындағы (ЖЭО) апаттан кейінгі оқиғаға ұқсайды. Сол кезде де Клебанов пен Канның аттары аталып, қоғам өкілдері оларды қалпына келтіру жұмыстарын өз қаражатына орындауға міндеттеу керек деп талап еткен.
Алайда Екібастұздағы ЖЭО кейін «Самұрық-Қазына» қорына берілді, ал мемлекет апатты жөндеуге 13 миллиард теңге қаржы құйды. Бұған қоса, жылу желілерін қайта құруға тағы да бірнеше миллиард теңге бөлінген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: СЕРГЕЙ КАН КІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ БИЗНЕСТЕРІ
Клебанов пен Канның даулары
2018 жылы Еркін Әмірханов есімді кәсіпкер өз әріптестері Кан мен Клебановты рейдерлік жолмен бизнесін тартып алды деп айыптап, сотқа жүгінген. Еркін Әмірхановтың айтуынша, Сергей Кан мен Александр Клебановтың серіктестігі 1997 жылы басталған. Сол кезде америкалық CCL Oil Ltd компаниясы Павлодар мұнай өңдеу зауытының (ПМӨЗ) 87 пайыз үлесін бес жылдық концессия негізінде басқаруға алған. Алайда шетелдік компания тек «қабық» рөлін атқарған, ал нақты инвестицияны қазақстандық «Қазкоммерцбанк» қаржыландырған. Жоба барысында Кан мен Клебанов Павлодардағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 станцияларын, бірқатар мұнай базалары мен ұн комбинаттарын өз бақылауына алған. Кейін бұл активтер «ЦАТЭК» атты ірі энергетикалық холдингке біріктірілген. Әмірхановтың сөзіне қарағанда, бұл компаниялардың активтері жеке пайда үшін пайдаланылған, ал «мемлекет меншігі» деген ұғым тек қағаз жүзінде қалған.
Әмірханов Клебанов пен Канды банк қаражатын жеке мақсаттарына жұмсады деп айыптайды. Оның айтуынша, «Эксимбанк Қазақстан» Клебановтың жеке кассасына айналған. Ондаған миллион доллар яхталарға, ұшақтарға, француз жағалауындағы үйлер мен Монакодағы пәтерлерге жұмсалған. Кан да бұл процестен шет қалмаған – оның KazAirJet атты жеке бизнес-джет жобасына шамамен 20 млн доллар кеткен. Кейін ұшақтардың бірі төлем кешіктіргені үшін тәркіленген.
Әмірханов Клебанов пен Канның 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде банк қаражатын шетелге шығарғанын да айтады. Нәтижесінде банк өнімділігін жоғалтып, ал Екібастұздағы ЖЭО бірнеше рет апатқа ұшыраған.
Ол, одан бөлек, Клебанов пен Канды ҰҚК-мен байланыс арқылы бизнес тартып алуға барған деп айыптайды. 2018 жылы Әмірхановқа қарсы «коммерциялық пара алу» бабы бойынша іс қозғалып, ол үш ай қамауда отырған. Кейін іс тоқтатылып, сол аралықта Клебанов пен Кан оның «ЦАТЭК» акцияларын тартып алған, келісім ҰҚК ғимаратының ішінде түнде нотариустың қатысуымен жасалған. Бұл дерек кейін оның АҚШ Федералдық сотына берген шағымында тіркелген.
Кан мен Клебановтың кейінгі серіктестігі Rixos Almaty қонақүйі мен Esentai Mall сынды нысандарға ұласқан. Әмірханов бұл жобалар да банктен бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылғанын, ал Канның девелоперлік белсенділігі банктің айналым капиталына ауыр соққы болғанын айтады. Ол сондай-ақ Клебановтың ұзақ жылдар бойы Назарбаев отбасының «сенімді серігі» болғанын, оның аты Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Дариға Назарбаева сияқты тұлғалармен байланыста жиі аталғанын мәлімдеген.