Кличко: Қазір сайлау Украина үшін у

Киев мэрі Виталий Кличко сайлау науқаны Украинаны іштен талқандап, әлсіретуі мүмкін деп санайды. Ол Брюссельге Гданьск қаласының марқұм мэрі Павел Адамович атындағы сыйлықты алу үшін келгенде осыны мәлімдеген.
Киев мэрі Виталий Кличко Украинада тұрақты бейбітшілік орнамайынша сайлау өткізуді дұрыс деп санамайды.
«Осындай қиын жағдайда сайлау науқаны елді іштен жойып, оны айтарлықтай әлсіретуі мүмкін», - деді Кличко Брюссельде Павел Адамович атындағы сыйлықты алуға арналған баспасөз мәслихатында. Бұл сыйлық жергілікті деңгейде демократияны нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және Еуропалық Одақтағы азаматтық ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан зор үлестері үшін беріледі.
Виталий Кличко: «Қазіргі жағдайда сайлау – біздің Отанымыз үшін у» дейді. Украинада бірте-бірте бейбітшілік қалпына келгеннен кейін келесі логикалық қадам сайлау болады» деді. Оның ойынша, сайлауға қазірден дайындалу дұрыс емес.
"Украиналықтар тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық үшін күресіп жатқанда, елдің саяси күштері соғысты тоқтату үшін күш-қуатын біріктіруі керек. Ел ішінде және оның шегінен тыс жерде, Украинаның айналасында бірлік болуы өте маңызды", - дейді Украина астанасының мэрі.
Кличко қайтыс болған Гданьск мэрі атындағы сыйлықпен марапатталды
20 ақпанда Еуропарламентте Еуропалық аймақтар комитетінің пленарлық отырысында Виталий Кличкоға Павел Адамович атындағы сыйлық табыс етілді. Киев мэрінің 13 қаңтарда марапатқа ие болғаны белгілі болды. Үміткерлер қатарында Львов мэрі Андрей Садовый, ресейлік саяси тұтқын, муниципалдық бұрынғы депутат Алексей Горинов және т.б. болған.
Қазылар алқасы Киев мэрінің бастамалары басқа қалаларға үлгі деп есептейді. Бұл бастамаларға тұрғындарға мәселелерді көтеруге және жергілікті бастамаларға дауыс беруге мүмкіндік беретін Kyiv Digital қолданбасын енгізу және үкімет, азаматтық қоғам ұйымдары және жергілікті тұрғындар үшін маңызды қоғамдық кеңістік ретінде қызмет ететін Vcentri хабтар желісін құру кіреді.
«Киев мэрі қоғамдық кеңестер мен талқылаулар арқылы азаматтар мен билік арасындағы диалогты қолдайды және азаматтық қоғам ұйымдарымен бірлесіп қоғамдық кеңестер құруға қолдау көрсетеді, сонымен бірге су және электр энергиясы сияқты негізгі қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді», - делінген Адамович атындағы сыйлықты ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.