Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:53, 01 Ақпан 2024

Клиникалық инженерия: министр түсінбейді, депутаттарға бәрібір

клиникалық инженерия
Фото:

Қазіргі медицинада қарапайым қан талдауынан бастап трансплантация сынды күрделі оталарға дейін техникалардың қатысуымен жасалады. Олардың сапасын тексеріп, бақылап отыратын мамандар – клиникалық инженерлер. Қызығы сол, Қазақстанда мұндай мамандық оқытылмайды, ауруханаларда штат бірліктері де бекітілмеген. «Жас Алаш» осы мәселе жөнінде Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық аппараттарды қолдану бөлімінің меңгерушісі Серік Мұратханұлымен арнайы тілдесті. 15 жыл осы салада жүрген маман біраз мәселені баяндап берді.

Қазақстанда клиникалық инженерия деген ұғым жоқ

Медицинада қарапайым ингалятордан бастап оттегі концентраты тыныс алу аппараттары, пульсоксиметр, электронды танометр, КТ, МРТ сынды аппараттардың сан түрі бар. Ал көпшілік біле бермейтін күрделі клиникалық техникалар одан да көп. Соның ішінен бір мысал келтірейін. Қазір операцияда қолданылатын новигациялық жүйелер кеңінен тараған. Біз телефонмен белгілі бір мекенжайды іздеп, картадан тауып алатынымыз секілді, бұл аппарат та ауруды дәл анықтай алады. Мәселен, нейрохирургиялық новигация мидағы ісік, өскін, артық денелер түзілген жердің координатын, көлемін көрсетеді. Осының арқасында дәрігерлер артық жарақаттар салмай-ақ аппарат көрсеткен жерді оңай тауып, керек локацияда ота жасайды. Одан бөлек, новигациямен микроскопты интеграция жасалады. Нәтижесінде, сау клеткалар зақымданбай, тек қатерлі жасушалар күйдіріледі. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жалғыз ғана мысал. Осы секілді гамманож радиохирургия аппараты да ісіктің көлемін, пішімін алып, сәулелерді дәл қажетті денеге шоғырландырады. Медицинаның әр саласында осындай өте үлкен дәлдікті қажет ететін мыңдаған күрделі аппарат қолданылып жүр. Айта берсек, анализ-талдау аппараттары, ультрадыбысты, бейнеэндоскопиялық аппараттар да, басқа техникалар да аса мұқияттылықты талап етеді. Себебі бұл – денсаулық мәселесі, көп жағдайда тіпті өмір мен өлім мәселесі. Сондықтан да клиникалық техникалар сапасының маңызы кадр сапасынан кем емес деуге толық негіз бар. Түптеп келгенде, осының бәрі медицинаның сапасы мен биологиялық қауіпсіздікке тіреледі.

Биологиялық қауіпсіздік мәселесінде адами фактор деген бар, ол – персоналдардың, кадрдың қателігі. Шымкент пен Алматыдағы ауруханада ВИЧ-тің жұғуы адами факторға байланысты деген қорытынды жасалғаны есімізде. Сол секілді аппараттардың да қателесуі ықтимал. Ал оған жол бермеу үшін техникаларды, ондағы неше түрлі автоклаптар, машиналар, құралдарды, платалар мен жүйелерді уақытылы тексеріп, залалсыздандыру, желдету жүйелерін тұрақты бақылауда ұстау керек. Мұны «инженериялық қауіпсіздік» десек те болады. Осының бәріне жауапты маман – клиникалық инженер.

Клиникалық инженер – медициналық аппараттар мен жүйелерді өз стандарттары мен жоспарына сәйкес, ауруханаға сай етіп сатып алуды, дұрыс орнатуды, қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануды, кейбір күрделі аппараттарды операция кезінде хирургтармен бірге қолдануды, жөндеу жұмыстарын жүргізетін жеке сервис компаниялардың жұмыс сапасын бақылауды, дұрыс утилизация жасауды қамтамасыз ететін маман. Бұл АҚШ-та 1950 жылдары, Еуропада 1960 жылдары жолға қойылған. Ал бізге келер болсақ, кеңес кезінде «медтехник» деген аппараттарды жөндейтін мамандар ғана болды. Не десек те сол кезеңдерден бері клиникалық инженерлердің қажеттілігі тек артып келеді. Өйткені технологиялық дамудың қарқыны зымыран секілді, ол кездегі аппараттар қазіргімен салыстыруға мүлде келмейді. Соған қарамастан, елімізде әлі күнге клиникалық инженерия деген ұғым жоқ. Ондай маман штаты да, оқытатын оқу орындары да кездеспейді. Айтуға тұрарлық бір ғана нәрсе, 2015 жылы тұңғыш рет медициналық аппараттарды басқару бойынша министрліктің бұйрығы шықты. Оның өзінде аппаратты сатып алудан бастап утилизацияға дейінгі толық циклді қысып, екі-ақ бетке тықпалай салған.

«Қазақстанда жасалған» деген аты ғана

Ал негізі аппаратты сатып алудан бастап утилизацияға дейінгі жол өте ауқымды. Техниканың зауыттағы, жолдағы тағдыры бөлек. Оның қажеттісін, лайықтысын тауып, тапсырыс беру де күрделі іс. Мәселен, сіз 100 адамды бір автобусқа сыйдыра алмайсыз немесе екі адамға бола үлкен автобус жалдамайсыз. Сол секілді аппараттарды да аурухананың сыйымдылығына қарай сатып алу қажет. Гаджеттердің, ноутбуктардың қуаттау көзі, «шнурлары» әртүрлі. Осы сияқты медициналық техникаларда да сансыз специфика бар. Бұл теледидар мен тоңазытқыш сатып алу емес. Әрі аппараттардың электр энергиясын жұмсауы, халықаралық талаптар мен стандарттарға сай болуы назардан тыс қалмауы керек. Клиникалық техникалардың бәрін дерлік сырт елдерден алып отырғанымызды ескерсек, бұл сатып алу ісін одан әрі күрделендіре түседі. Еліміздің барлық ауруханасында Жапония, АҚШ, Германия, Қытай, Корея, Еуропа елдерінде шыққан аппараттар тұр. Қазақстанда да медициналық аппараттарды өндіретін компаниялар кездеседі. Алайда олардың өндірді деген аты ғана. Түстерін түстемей-ақ қоялық, бірақ сол «өндіргіш» компаниялар автокөліктеріміз секілді бөлшектердің 70-80 пайызын сырттан әкеліп, құрастырғанына мәз. Сөйтеді де «Қазақстанда жасалған» деген жапсырманы жабыстырып қояды. Аппараттың тым құрыса 50 пайызы өзімізде дайындалса, отандық өнім деп айтуға келер еді. Ал қазір өндірдік деп отырғандары мемлекеттік сатып алуда «отандық өнім» ретінде басымдық алудың жолы ғана. Бұл орайда министрліктің «біз өндірісті дамытып жатырмыз» дегені бос сөз.

Мейлің, қажеттілік болғасын елдегі ауруханаларға алуан түрлі аппараттар сатып алынады. Алайда осы техникалардың құлағында ойнап, қыр-сырын жетік білетін маман жоқ болғандықтан құрылғылар өзінің функциясына сай толық жұмыс істемейді, қажетті күтім жасалмағандықтан дұрыс сақталмайды. Осының кесірінен бос шығынға бату көп. Екі ортада бюджет қаржысы орынсыз шашылып жатыр.

Біртұтас мемлекеттік стандарт қажет

Алматы мен Астанадағыкей ауруханаларда клиникалық инженерге балама мамандар жұмыс істейді. Бірақ олардың мекемедегі орны, нақты функциялары, қойылатын талаптар заңдық-құқықтық тұрғыда бекітілмеген. Бұл әсіресе ковидпен күрес кезінде анық байқалды. Вирус ошағында жүріп ауру жұқтырған барлық медициналық қызметкерлер тиісті көмек алды да, осы мамандардың құқығы қорғалмай қалды. Себебі олар туралы бағдарлама да, заң да жоқ.

Ал өзге қалаларда мұндай аппараттармен тек сервис-инженерлер жұмыс істейді. Яғни тапсырыс алып, оны орындап болған соң кетіп қалатын жалдамалы инженерлер. Өз кезегінде олар тек бұзылған аппаратты жөндеумен шектеледі. Соның өзін тексеріп, қабылдап алатын мамандар болуы керек. Қазір мұнымен мекеменің есепшілері айналысып жүр. Ал олар қанша бердім, қанша алдым дегенді есептейді де, қорытынды актілерге қол қоя салады. Аппарат дұрыс диагностикаланды ма, ауыстырып салып жатқан бөлшектері сапалы ма, құрылғы қайтадан дұрыс жұмыс істеп тұр ма, оны ұқпайды.

Кей облыстарда ғана бірен-саран медтехник деген штат бар. Онда да радиотехник, электроника мамандары, физиктер жұмыс істейді. Ал олар клиникадағы қарапайым стандарттардан да бейхабар. Яғни мекеменің ішінде жүріп, әртүрлі жағдайларға байланысты аппараттардың күтімін бақылап, бағалап, дәрігерлерге қолдану тәсілін түсіндіріп, үйретіп беретін маман еліміздің еш жерінде жоқ. Жылына бір тексеріс жүргізу жағы да реттелмеген. Мұны дәрігер, есепші, шаруашылық меңгерушісі істей алмайды. Салдарынан тиісті нормативтер сақталмайды, көп істер тек қағаз жүзінде іске асырылып жатыр. Осының бәрін жүйелейтін, сапа бақылауын қамтамасыз ететін біртұтас мемлекеттік стандарт қажет. Әр аурухананың өз клиникалық инженері болу керек.

Министрлік мамандықты жауып тынды

Негізі бұл мамандық университет бағдарламасында бар еді. Мен осы саланы меңгеріп, диплом алған соңғы лектің түлегімін. 2001 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың физика-математика факультетінде, ядролық физика және электроника кафедрасында биотехнологиялық-медициналық аппараттардың инженері деген мамандық ашылды. Бұл – техника ғылымдарының докторы Қанат Мұқашұлының жеке бастамасы. Өзі әлемді көп аралаған, өте білімді адам еді. Шетелде көрген-білгенінің, түйген тәжірибесінің арқасында осы мамандықтың өзектілігі артатынын түсініп, ЖОО қабырғасында оқытылуына себепші болған. «Сен физиканы жақсы оқиды екенсің, биотехнологиялық-медициналық аппараттардың инженері деген жаңа мамандық ашылды, соған оқысаң қайтеді?» деп маған кеңес берген де өзі.

Бірақ биотехнологиялық-медициналық аппараттар инженері деген педагогикалық емес, техникалық-инженерлік мамандық. ҚазҰПУ педагогикалық бағыттағы оқу орны болғандықтан, онда инженерлер дайындауға болмайтын. Білім министрлігі де бұл мамандықты дайындайтын база жоқ, оқулық жетіспейді деп, ақыры жауып тынды. 2003 жылы білім беру ісі кредиттік жүйеге өтіп, бес жылдық инженерлік мамандықтар жойылды да, онымен бірге биотехнологиялық аппараттар және жүйелер деген мамандық та мүлде жабылып қалды. Содан бері Қазақстандағы білім беру жүйесі мұндай маманды дайындаған емес. Тек жақында ғана Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде осы мамандыққа балама ретінде биомедициналық инженерия мамандығы оқытыла бастады. Тұңғыш түлектері оқуларын былтыр аяқтады. Студенттері маған келген, екеуі Астанада жұмысқа орналасты. Байқағаным, оларға сервистік қызметтерді үйреткен. Алайда түлек-мамандар клиникалық инженерия деген ұғымды түсінбейді. Демек, оларға жекелеген медициналық аппараттарға сервис жасау оқытылғанымен, медициналық аппараттарды басқару, күту, оны түсіндіру, утилизацияға дейінгі толық циклдік жұмыс жағы үйретілмеген. Өйткені мұны оқытатын мамандар да, ғылыми нұсқаулық та жоқ. Сондықтан ол студенттердің өзін қайта даярлаудан өткізу керек.

Кітабымды жапониялық ұйым қаржыландырды

2010-2011 жылыJapan International Cooperation Agency ұйымының Жапонияда іс-тәжірибеден өту грантына өтініш беріп, сонда тағылымдамадан өттім. Бір жыл бойы оқу оқып қана қоймай зауыттарда медициналық аппараттардың жасалуын, жиналуын өз көзіммен көріп келдім. Бұл кезең мен үшін өте үлкен тәжірибе болды. Осы сапардан соң клиникалық инженерлер немен айналысады, олардың мақсаты мен функциялары қандай, мамандықты қалай оқыту керек, стандарттар мен оларды бақылау, сапа, қауіпсіздік шаралары, сертификаттау жағын бағамдап, үш жыл ішінде клиникалық инженерияның бағдарламасын жазып шықтым.Бағдарлама елде қалыптасқан жағдайға бейімделген, Еуропалық, халықаралық талаптарға сай. Бұл – Қазақстандағы осы сала бойынша жазылған тұңғыш еңбек. Әрі қазақ тілі – ғылым тілі емес деген стереотипті жоққа шығарып, зерттеуді толық қазақша жаздым. Кейіннен барып орысшаға аудардық. Айтсам сенбейтін шығарсыздар, бұл бағдарлама Japan International Cooperation Agency ұйымының демеушілігімен кітап болып басылып шықты. Тиражы – 400.

Өзім бастамашы болып жүріп, тағы 12 азаматымыз осы ұйымда онлайн-офлайн форматта біліктілігін арттырып, сертификат алды. Дегенмен бұл жеке адамның ғана талпынысы. Ал мемлекет тарапынан бас-аяғы бар, кешенді қадамдар жасалмай келеді. Мейлі, жаңа білім беру бағдарламасы енгізілмесе де, қысқа курстар арқылы бұған дейінгі білімі сәйкес келетін мамандарды даярлау жағы қарастырылуы керек. Алайда оны ойлап жатқан министрлік жоқ. Тек президенттің іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасындағы арнайы орталыққа клиникалық инженерия бойынша қысқа курстар өткізу қолға алынды. Оның өзі былтыр ғана басталды. Орталық менің «Клиникалық инженерия негіздері» бағдарламамды қолдануда. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді. Бұлайша қарыс қадамдап, асықпай жүретін болсақ, нәтиже де алыстай береді.

Ғиният жабдықталу деңгейі жайлы есеп сұрайды

ДСМ жыл сайын республика бойынша мониторинг жасайды. Медициналық мекемелерден жабдықталу деңгейін сұратады. Бұл өзі бір күлкілі нәрсе. Жергілікті мекемелер шынайы көрсеткіштерін бермейді. Ондай жағдайда келер жылы ауруханаға берілетін квоталардан қағылатынын біледі де, бұрмаланған есеп өткізеді. Себебі жабдықталу деңгейіміз төмен, аппараттар ескірді десе, министрлік «мынандай қызметтерді көрсете алмайсың» деп бөлінетін қаржыны, келетін кірісті қысқартып тастайды. Яғни министрлік ескірген материалдық-техникалық базаны жаңартуға жағдай жасаудың орнына, бөлінетін квотаны азайтатындықтан ауруханалар «ауруын жасырып қалады». Сәйкесінше, 90 пайыз, 100 пайыз деген көрсеткіштерге көзі тойған министрлік аппараттарды жаңартуға қажеттілік жоқ деп отыра береді. Ал іс жүзінде елдегі медициналық аппараттар мен техникалық база ғана емес, қарапайым инженерлік жүйелерге дейін ескіріп кеткен. Бұл айтқанымды біраз әріптестерім қолдайды. Талайы айтып та жүр. Аурухана ғимараттарының жартысынан көбі кеңес кезінен қалған, олар модернизацияны қажет етеді. Оны қойғанда, тәуелсіздік жылдары алынған аппараттардың да жаңаланбағаны көп. Әрине, процесс жоқ демеймін, ақырындап жаңаланып жатыр. Алайда теңізге тамған тамшыдай ғана. Бұл қарқынмен алдағы 50 жылда да жаңарып болмаймыз. Бұл медицина үшін – «катастрофа». Елдегі басқа салалар қалай ескірсе, медицина да дәл сондай «көне». Осындай жағдайда қауіпсіз және сапалы жоғары технологиялы медициналық қызмет туралы қалай айтамыз?

Осы мәселені талайдан бері көтеріп жатырмыз, бірақ мемлекет ешқандай шара қабылдар емес. Тіпті тырысу да байқалмайды. Біртанов министр кезде оған да жазғанмын, 2-3 айдан соң қызметтен кетті. Оның орынбасары «екі қойың бір сом» деген адам еді. Сол күйі ауруханаға инеженер неге керек екенін түсінбей кетті. Жаңа министр Ажар Ғиниятқа да мәселені жолдадым. Одан да қайыр болмады. Жауап та, нәтиже де жоқ. Департаменттерге де бәрібір, оларға тек аппараттардың саны, есеп керек. Ал сол техникалар жұмыс істей ме, жоқ па, бастарын қатырмайды. Қарап отырсақ министрлік мұндай ауқымды мәселенің бар екенін білмейді де. Өздерінің жұмыстарына өздері риза, бір нәрсе істеп жатырмыз дегенге сенеді. Ал ұсыныстарды қарау, мәселеге үңілу деген жоқ. Олар мұны жалдамалы сервис компания жасайтын жеңіл жұмыс деп қабылдайды, арғысына алаңдамайды. Министрліктен бөлек бірнеше депутатқа хат жаздым. Соның ішінде Жұлдыз Сүлейменова «жақсы екен» деді де жоқ болды.

Ілгеріде бір-екі бағдарламада Еңбек ері атанған медицина маманы Мұхтар Төлеутай, бұрынғы сенатор, Ұлттық медициналық холдингті басқарған Бексұлтан Тұтқышевтар да осы айтқандарыма қосылған. Бірақ клиникалық инженерия әлі күнге назардан тыс қалып келеді. Қайткен күнде де министрлік мәселені түсініп, клиникалық инженерия бағдарламасы қабылдануы керек. Мамандар даярлау ісі жолға қойылып, әр ауруханада осы мамандарға арналған штат ашылып, олардың міндеттері мен жауапкершілігі, құқықтары белгіленуі тиіс. Сонда медицинадағы сапа мен қауіпсіздік артады.

Жазып алған – Баян Мұратбекқызы