Кім кімді алдап жүр?
Қызылорда қаласында қауіпті жол қиылыстарында жол қауіпсіздігін арттыру шаралары әлі де кемшін. Мәселен, кеше ғана осындай қауіпті учаскенің бірі – Жабақ Берденов пен Ұзақбай Қараманов көшелерінің қиылысында полиция көлігі соғылып қалды.
Осы қиылыстың тұрғындар өміріне қауіпті екенін айтып келе жатқан қала тұрғыны Әділбек Жақанов: «Көшені кесіп өтетін көлікке де, адамға да доғал бұрылыстан арғы жақтан жүйткіп келе жатқан автокөлік мүлдем көрінбейді» дейді.
«Соның салдарынан осы тұста талай жол-көлік оқиғасына куә болдық. Тіпті адам өмірі қиылған қайғылы жағдай да тіркелді. Бірақ біздің қалалық полиция басқармасы да, Қызылорда қаласының әкімдігі де тұрғындардың осы қауіпті қиылысқа арнайы жылдамдық тежегіш (лежачий полицейский) қою туралы талап-тілегін ескерусіз қалдырып келеді. Бұл жермен күнделікті қаншама бала сабаққа, балабақшаға қатынайды. Әр кез иманыңды оқып өтесің. Бүгін, міне, жол патрульдік полиция автокөлігі де қауіпті қиылыстың зардабын тартып отыр. Тұрғындардың айтуының кемі жоқ. Осыған құлақ асар билік өкілі болса дейміз. Құрметті Нұржан Ахатов, қала басшысы ретінде осы қиылыстың мәселесін назарға алуыңызды сұраймын», – дейді Ә.Жақанов.
Бұл мәселеге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, «аталған қиылыста «жасанды тегіс еместік қондырғысын» орнату жұмыстары қалалық полиция басқармасының арнайы нұсқамасына сәйкес жүзеге асырылатындығын және берілген нұсқамалар бойынша бөлім, тапсырыс беруші ретінде жауапты мердігер мекемелерге тапсырмалар беріліп, бөлінген қаражатқа сәйкес қажетті жұмыстар атқарылатындығын хабарлаймыз» депті.
Қала тұрғыны болса, дәл осы жайтты былтыр да қозғағанын айтады.
«2023 жылдың 4 тамызында дәл осы қиылыстың мәселесін көтергенде қалалық полиция басқармасы жергілікті әкімдікке нұсқама берілді деген. Кім кімді алдап отыр? «Сергекке» миллиондап ақша салғанда, бір көшенің қиылысына «жасанды тегіс еместік қондырғысын» орнатуға ақша таба алмай отырғаны қалай?» деп ашынады.
Ал жақында ғана басшылық құрамы өзгерген Қызылорда қалалық полиция басқармасы болса, «әкімшілік полиция бөліміне автомобиль жолдарымен, жол құрылыстарының құрылымдық элементтерінің параметрлері және жай-күйі туралы ақпаратқа тексеру және талдау жүргізу тапсырылды» деген жауап қатады.
Жалпы мұндай қауіпті қиылыстар қаланың біршама жерінде бар. Соның бірі – Титов қыстағындағы Қашаубаев және Жетікөл көшелерінің қиылысын айтуға болады. Ол жерге бағдаршам орнатпаса, жаяу жүргіншілер жолағына қарап жатқан жүргізушілер жоқ. Ал дәл сол қиылыстан күніне жүздеген оқушы сабаққа қатынайды.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда қаласы