Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

“Кім жауапты?”: 3,5 млрд теңгеге бағалаланған спорт кешені әлі салынбады

Ақмола
Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Щучинск қаласында 3,5 миллиард теңгеге салынуы тиіс көпфункционалды спорт сарайы төрт жылдан бері аяқталмай келеді.

2021 жылы бұл жоба үлкен салтанатпен таныстырылған еді. Жоспар бойынша мұнда жабық спорт аренасы, жүзу бассейні, ойын спорт түрлеріне арналған алаңдар, жаттығу залдары болмақ еді. Спорт кешені өңір жастары үшін нағыз спорттық хабқа айналады деген үміт болған. Алайда төрт жыл өтсе де, нысан әлі де ұзаққа созылған құрылыс нысандарының қатарынан түспей тұр.

Белгілі болғандай, Түркістан облысынан келген “Авторемстрой ЛТД” ЖШС мердігері құрылыс материалдарының қымбаттауы мен басқа да «техникалық қиындықтарға» байланысты қаржы тапшылығына тап болған.

Салдарынан жоба сметасы қайта қаралып, 2,7 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін өсті. Бірақ бұл да жағдайды түбегейлі өзгертпеді. Құрылыстың аяқталу мерзімі екі рет кейінге шегерілді, ал бір сәтте мердігер аяқталу күнін қара маркермен өшіріп тастаған.

Айтпақшы, дәл осы ұзаққа созылған құрылысқа байланысты Ақмола облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Марат Аубакиров қызметінен кеткен болатын. Белсенділер құрылыс алаңына еніп, ғимарат шатырына Аубакировтың суреті бейнеленген баннер орнатқан. Онда құрылыстың басталу күні мен аяқталу мерзімі ретінде шексіздік таңбасы – “∞” көрсетілген.

Қазір құрылыс жұмыстары баяу болса да жалғасуда. Жақында бұл мәселеге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет назар аударды. Агенттік өкілдері құрылыс алаңына барып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтты.

Ақмола
Фото: ашық дереккөз

Тексеру барысында мынадай нақты ұсыныстар берілді:

  • Құрылыс жұмыстарын жобалық құжаттамаға сай жүргізу;
  • Техникалық қадағалау мен авторлық бақылауды күшейту;
  • Құрылысшылар санын арттыру;
  • Құрылыс материалдары мен жабдықтарын уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету.

Жоба бойынша бұл спорт кешені күнделікті жаттығулар өткізіп, халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын 600-ден астам спортшыға арналған алаң болуға тиіс. Жобаның тағдыры әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Бұл нысанның құрылысы 2021 жылдың шілде айында басталған еді және жоспар бойынша бір жылда аяқталуы тиіс болатын. Бірақ Щучинск жастары заманауи спорт сарайын күтіп отырғанына төрт жыл болды.

Щучинск қаласы –Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш олимпиада чемпионы дүниеге келген жер және қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық дайындық орталығы.