Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:15

Кім жазықты: балағаттаған бала ма, жазалаған мектеп пе?

НИШ
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда бұйрық шығарып, 11-сынып оқушысын оқудан шеттеткен.

Себебі оқушы емтихан кезінде академиялық адалдық талаптарын бұзып, артынша «шпаргалкасын» тартып алған педагогқа ауыр балағат сөз айтыпты. НЗМ орысша шығарған бұйрыққа баланың ата-анасы білместікпен қол қойған көрінеді. Ал оның өзі соңына дейін оқудан шығарылатынына сенбей, әбден көзі жеткен соң тамақтанудан да қалған. Ақырында ауруханаға түскен. Депутаттар мен қоғам белсенділері мектептің бұл әрекетін заңсыз деп танитындарын айтып, пікір білдірді. Қоғамда резонанс туындаған соң оқу-ағарту министрлігі де арнайы комиссия аттандырған.

Білім беру саласында бұрын-сонды мұндай ашық дау болған емес дейді көпшілік. Расында, оқушы мен мектеп арасындағы келіспеушіліктердің дені тез арада шешілетін. Бұл жолғы ситуация өзгеше. 23 мамырда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Сұңқар Майқан оқуынан шығып қалған. Ол жайлы депутат Ирина Смирнова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Педагог білімі бар депутат: «Қалайша баланы 23 мамырда мектептен шығаруға болады? Ол қайда барады? Оны қай мектеп қабылдайды? Алматыдағы Назарбаев мектебі, сіздер оқушының құқығын бұзып жатырмын деп ойламайсыздар ма? Сіздердің асығыс шешімдеріңіз заңсыз емес пе?», – деген ойын білдірді. Аталған жазба да, тақырып та кеңінен талқыға түсе бастады. Біреулер НЗМ-да емтиханда көшірсе жазаның расымен де қатаң екенін айтса, тағы біреулер емтиханды екінші рет тапсыруға мүміндік беруге немесе сыныптан сыныпқа қалдыруға болатынын айтты.

23 мамыр күні оқудан шығып, аттестатсыз қалған баланы қай мектеп қабылдайды деген ойдың қисыны бар. Әрі Сұңқардың ешнәрсені көшіріп үлгермегені, телефонды тартып алған соң емтиханды өз білімімен жақсы тапсырып шыққаны сөз болды. Ол бейнебақылау камерасынан да анық көрінеді екен. Оқушының бейәдеп сөзінің оқу процесінен бөлек қарастырылып, жазаның өзге түрі қолданылуы керек деді бір топ. Ал екінші тарап педагог мәртебесі мен мектептің ішкі ережелері ескеріле отырып, дұрыс шешім шығарылған десті. «Кімдікі дұрыс, мектептікі заңсыз ба, бала құқығы тапталды ма» деген сұрақтардың төңірегінде қызу пікірталас жүріп, тақырыптың «танымалдылығы» артып жатқан кезде НЗМ дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозин мәлімдеме жасап, өз позициясын білдірді. Оның айтуынша, депутат ханым картинаны толық түсінбеген. «Тоқсандық қорытынды бағалау кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтиханда ұялы телефон қолданған. Бұл мектепте қатаң тыйым салынған әрекет. Ол жайлы оқушыларға да, ата-аналарға да үнемі ескертіп, айтып отырамыз. Педагог тиісті ережелерге сәйкес, телефонды алып қойған. Ал оқушы агрессияға беріліп, оған «ш....ва» деген дөрекі сөз айтқан. Бұл инцидент тіркелген және тиісті дәлелдер бар».

Басшы оқушының бұл әрекеті мектеп ережелеріне ғана емес, қоғамдағы моральдық принциптерге де қайшы келетінін жеткізіп, Сұңқардың бұған дейін де бірнеше ережені бұзғанын жазған. Сондықтан ол оқудан шығарылып, басқа мектепке ауыстырылыпты. Жанғозинның мәлімдемесі дауды басты, сұрақтарға толық жауап берді деп айта алмаймыз. Керісінше, дискуссия күшейіп кетті. Одан соң жасөспірімнің өзі видеоүндеу жасады. Сұңқар кешірім сұрап, оқуын аяқтауға мүмкіндік беруін өтінді. «Эмоциямды ұстай алмай қалдым. Ол үшін шын жүректен кешірім өтінемін. Мұғалімнің өзінен де бірнеше рет кешірім сұрадым. Жасаған қылығым үшін өкінемін. Алайда мені оқудан шығару туралы шешім шығарылып, орыс тілін жақсы білмейтін ата-анам эмоционалды қысым әсерінен ол құжатқа қол қойған. Әрі директор мен жайлы жалған ақпарат таратып, бәріне мен туралы бұрыс ақпарат берген. Мен қоғамдық жұмыстарды орындауға, басқа да жазаларға дайынмын, тек оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе болғаны», – дейді ол. Сөз басында үндеуі президентке екенін айтқан оқушы сөз соңында әділеттілік пен екінші мүмкіндік сұрайтынын жеткізді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер бұл видеоүндеуді де қалт жібермей, оқиға барысын жариялап отырды. Көп ұзамай өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Диана Ерлан Сұңқардың ауырып, ауруханаға жеткізілгенін айтты. Сөзінше, 21 мамырдан бері тамақ ішпеген бала дірілдеп, қызуы көтеріліп, жедел жәрдем келген. Жасөспірім қарапайым отбасыдан шыққан, НЗМ-ға қабылдау тестін тапсырған кезде ең үздік 50-дің қатарында болыпты. Әрі оның телефонды пайдаланып үлгермегені, емтиханды өз білімімен тапсырғаны бейнебақылауға түскен көрінеді. Педагогикалық кеңесте оған сабақ берген ұстаздар баланы оқудан шығаруға келіспеген. Білімді баланы әдепсіздігі үшін оқу аяқталар кезде «қуып шығу» заңсыз дегенді басқа да депутаттар айтты.

«Әкесі мен шешесі қарапайым адамдар. Бала НЗМ-ға өз бетімен дайындалып, 2 мың баланың арасынан үздік 50-ге кірді. Сұнқардың үлгерімі үздік болған. Сол күні тағы алты оқушының телефоны алынған. Мектеп те, министр де, тіпті сот та баланы орта білімнен айыруға құқылы емес. 18 жасқа толмаған кез келген бала орта білім алуы тиіс. Егер НЗМ мемлекет есебінен оқытуды мойнына алса, онда бұл міндеттемесін орындауы тиіс. Бұл енді жеке бизнес емес – бұл мемлекеттік тапсырыс, ал стандарт пен ережелерді мемлекет бекітеді. Мектептің құрылтайшысы – үкімет», – дейді депутат Мұрат Әбенов. Заңгерлер де оқудан шығару туралы бұйрықта «тәртіптік құқықбұзушылық жасалды» деп жазылғанын, ал оның баланы мектептен шығарып жіберуге негіз бола алмайтынын жарыса жеткізді. Тағы Конституциялық құқықтарды алға тартып, жазалауды әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында ғана шектесе, оқуда қалдыруды талап етсе, мектеп сотта жеңіліп қалуы ықтимал екені де айтылды. Бірақ олай болған жоқ.

28 мамыр күні осы жағдайға байланысты төраға, оқушы, ата-аналар және педагогикалық ұжымның кездесуі өтіп, талқылауға оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Нәтижесінде, НЗМ шешімін өзгеріссіз қалдырып, жасөспірімді оқудан шығарды. Сұңқар мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды.

Талқылауда оқу-ағарту министрлігінің өкілдері не тыңдап, не айтқаны беймәлім. Алайда ведомствоның өзі аса бейтарап ресми мәлімдеме жасап, бар жауапкершілік НЗМ-да екенін қайталаудан әрі аспады деуге болады. Мамырда Ұлттық білім беру базасы жабылып, оқушының мектеп ауыстыруы мүмкін еместігіне қарамастан, оқу жылының соңғы күнінде бұйрық шығарғандары да қазбаланбаған сынды. 12 жылдық мектептің 11-сыныбын аяқтаған бала қайда, қалай барады деген сұрақ НЗМ-да ешкімді алаңдатпағаны анық. Қоғамдық резонанс туындамағанда Сұңқардың 11-сыныпты аяқтады деген аттестат алуының өзі неғайбыл еді. Енді ол мемлекеттік мектепте емтихан тапсырып, аттестат алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бұл ситуация жайында жекеменшік мектеп мұғалімі Бекзат Тойжанов былай дейді:

«Әр мектептің ішкі ережесі бар. Оқушылар соған бағынады. Ал бағынбағандар немесе ереже бұзғандардың мәселесі педкеңесте қаралады. НЗМ кейсін алып қарасақ, барлық жағынан озық мектеп. Соған сай мамандары да білікті, педагогиканың өзге де талаптарына сай. Олардың баланың жеке шекарасына өтуі екіталай. Ал оқушының әрекеті ақталмайды. Десек те, әдетте мектептер мұндай дауларды өз ішінде шешіп, ымыраға келеді. Кешірім сұрап, кешірім алып жатады. Оқудан шығарып жіберу әдісі кең қолданыста деп айтуға келмес. Әсіресе мектептерде. Демек, әлгі сөзді естіген маман заңды шешім талап еткен, ал педкеңес пен мектеп басшылығы орындаған. Егер ішкі ережелеріне сай, әділетті шешім болса, мұның өрескелдігі жоқ. Себебі педагог мәртебесі туралы заңды да, педагогтың өзін де сыйлауға міндеттіміз. Бір жағынан жасөспірімге де ауыр тигені анық. Себебі өзі түлек болуға тым жақын әрі оқу жылының соңғы күндері».

Педагогтың пікірінше, жағдайды бүкіл ел бақылап отырған кезде шешімді өзгерту қиын. Өйткені оны көріп, бақылап отырған оқушыларға кері әсер болуы мүмкін. Осы жайында қоғаммен байланыс маманы Нұрлан Балпанов та айтты.

«Қоғаммен байланыстың, қазіргі терминологиямен айтқанда пиардың антикризистік түрі қолданылды деуге келеді. Тақырып талқылана салып НЗМ жедел әрекет етті, созған жоқ. Әрекет те, шешім де сырт көзге «біз өз принциптерімізді соңына дейін қорғай аламыз» деген қағиданы танытты. Иә, кейде ситуация резонансты сипат алады. Ал оны талқылау мен қоғамдық қысым шешімге тікелей болмаса да, жанама әсер етуі әбден мүмкін. Алайда көпшіліктің көзқарасы әрдайым объективті бола бермейді», – дейді маман.

Б. Мейірбек

Тегтер: