ҚМА: Байбектің BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қаржысын жымқыруға қатысы анықталған жоқ

BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорының қаражатын жымқыру ісі бойынша өткен сот отырысында айыпталушы Перизат Қайрат аталған қордың бұрынғы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен құрылғанын мәлімдеді.
Агенттіктің қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов тергеу барысында басқа қатысушылардың анықталмағанын айтты.
– «Біз ең алдымен түпкілікті пайда алушыдан шықтық. Қорға түскен қаражатты Перизат пен оның анасы иемденген: жеке үй, төрт пәтер, көліктер сатып алынған. Аталған қылмыстық іс аясында бұл қаражатты иемденуге басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ», – деді ол.
Бұған дейін қор қаражатына сатып алынған мүлік бойынша тергеу жүріп жатқаны хабарланған еді. ҚМА-ның мәлімдеуінше, Бауыржан Байбекке қатысты осы іс шеңберінде ешқандай тексеру әрекеттері жүргізілмеген, себебі оған негіз жоқ деп танылған.
Ашық деректерге сәйкес, саясаттан кеткеннен кейін Бауыржан Байбек шетелде тұрып жатыр. Қазіргі уақытта ол Жапониядан қашықтан жұмыс істеп жүргені айтылады.