ҚМА өкілі: Назарбаевтардың шетелдегі активтері - қылмыс емес

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін шетелдік активтерге қатысты тергеу жүргізбейтінін мәлімдеді.
Агенттік өкілінің айтуынша, активтердің шетелде орналасуы — өз алдына қылмыс болып саналмайды.
“Не айтып тұрғаныңызды түсінбеймін, менде ондай ақпарат жоқ. Шетелде активтің болғанының өзі қылмыс емес, мұны түсіну керек. Егер бұл мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны, ақша бюджеттен немесе басқа жерден ұрланғаны туралы нақты деректеріңіз болса, маған беріңіз”, - деді ҚМА өкілі.
Ол сондай-ақ агенттіктің негізгі міндеті — күмәнді қаржылық операцияларды бақылау екенін атап өтті. Егер активтердің заңсыз жолмен алынғанына дәлелдер табылса немесе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталса, ҚМА тарапынан тиісті шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Бұған дейін бірқатар халықаралық зерттеулер мен журналистік материалдарда Назарбаев әулетінің Лондон, Женева, Дубай сияқты қалаларда элиталық жылжымайтын мүлікке иелік ететіні туралы ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтерге қатысты Қазақстанда ресми тергеу басталғаны туралы мәлімет жоқ.
Қоғамдастық белсенділері мен құқық қорғаушылар ҚМА-дан бұрынғы президенттің туыстарының байлығының шығу тегіне қатысты ашық тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Алайда агенттік нақты дәлелдерсіз ешқандай әрекетке бара алмайтынын айтып отыр.