Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

ҚМДБ никабқа тыйым салуды қолдай ма?

Никаб
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қоғамдық орындарда никаб пен бетті тұмшалайтын өзге де киім түрлеріне тыйым салу шешіміне қатысты пікір білдірді.

Еске салайық, маусым айының соңында Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Соның ішінде «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілген түзетулерде бетті толық жабатын киімге тыйым салу қарастырылған.

ҚМДБ өкілдері бұл тыйым азаматтардың діни сеніміне немесе жеке таңдауына шектеу қоймайтынын айтады.

"Бүгінде елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Соның бірі – бет-әлпетін толық жабатын киімге (оның бірі ниқаб) қоғамдық орындарда тыйым салу туралы жаңа шектеулер.

Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда.

Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды.

Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік", - деді діни басқарма. 

ҚМДБ өкілдерінің мәлімдеуінше, ислам діні әрдайым қоғамдық тәртіпті, тұрақтылық пен бейбітшілікті жақтайды. Олардың айтуынша, енгізілген заңнамалық өзгерістер діндар азаматтардың құқықтарын шектеуге емес, керісінше қоғамдағы татулық пен келісімді сақтауға бағытталған.

Қазақстанда енді қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киімді киюге ресми түрде тыйым енгізілді. Бұл шешім қоғамдағы қауіпсіздікті күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған.

Тегтер: