Кімге сенеміз: Смайыловқа ма, Нұрмұхамбетовке ме?
2024 жылы ақпан айында Үкімет тарап, сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов отставкаға кеткен.
Әлихан Асқанұлы министрлер кабинетін тура 2 жыл басқарды, оған дейін 3 жыл бойы бірінші вице-премьер болған. Яғни, Үкіметке 5 жыл жетекшілік етті деген сөз. Сол Смайылов 2024 жылы сәуірде Жоғары аудиторлық палатаға төраға болып тағайындалды.
Шынын айтқанда, бұл ақылға қонымсыздау қадам болды. Егер 5 жыл Аудиторлық палатаны басқарған адам премьер-министр болса, түсінуге болады. «Аудитор кезінде елдегі бар кемшілікті көзбен көріп, соны түзету үшін Үкімет басына келген екен ғой» дер едік. Ал премьер-министр қызметінен босаған адамның Жоғары аудиторлық палатаға барғанын көпшілік түсінбеді. Яғни, ол өзі бірнеше жыл басқарған Үкіметті тексеріп, өз жұмысына өзі баға беріп жүр.
Әділін айту керек, Әлихан Смайылов жаңа қызметінде белсенділік танытып-ақ жүр. Премьер-министр кезінде ел есінде қалатын ештеңе тындыра алмаса да, Аудиторлық палатаға барғалы әр саладан былық тауып, кемшілік тауып жүр. Министрліктерді, «Самұрық-Қазына» сынды ірі квазимемлекеттік секторды, бірнеше облысты тексеріп, бәрінен ілік тапты. Бірі қаржыны тиімсіз жұмсаған, екіншісі ақша бөлу барысында заң бұзған. Қысқасы, бас аудитор ешкімнің жұмысын жаратпай, жауапты шенділерді аямай сынап жүр.
Жақында Смайылов басқаратын орган Жамбыл облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік аудит жүргізген. Нәтижесінде екі облыс та оң баға ала алмады. Аудиторлар Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Астанаға қол жайып отырғанын анықтады. Облыс өзін-өзі асырай алмайды. Өңір бюджетінің 80 пайызы орталықтан келеді. Мысалы, кейінгі 4 жылда республикалық бюджеттен берілетін ақша 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге өскен. Сондай-ақ облыста 58,5 млрд теңгеден асатын заң бұзу деректері мен 75,6 млрд теңге қаражатты тиімсіз пайдалану фактісі анықталған.
Кемшілігі көп СҚО
Солтүстік Қазақстан облысына жүргізілген аудит нәтижесі тіптен көңіл көншітпейді. Аудиторлар «өңірде халықтың өмір сапасына кері әсер ететін кемшіліктер тым көп» деп отыр. Салдарынан облыста халықтың табиғи өсімі азайып, теріс көші-қон сальдосы байқалған. Өңірдегі білім беру саласында үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін таппаған. 17 мектепте спорт залы, 24 мектепте пән кабинеті жоқ. Ал медициналық мекеме ғимараттарының шамамен 74 пайызы тозған.
Қағаз жүзінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артқан, бірақ олар өндірген өнім көлемі төмендеп кеткен. Демек өндіріс орындарының саны артты деген есепке сену қиын. Сондай-ақ облыста көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың кірісі 100 млрд теңгеге азайған. Кәсіпкерлердің кірісі азайды деген сөз – бюджетке түсетін салық мөлшері кеміді деген сөз.
«Өңірде сауда саласы бойынша салық аз төленіп жатқаны байқалды, салдарынан жергілікті бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және басқа да жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі азайған. Бұл дұрыс емес. Көлеңкелі сектор артқан болуы мүмкін. Бұл бағытта жұмыс істеу қажет», – дейді бас аудитор.
Сондай-ақ облыс үшін стратегиялық маңызы бар нысан саналатын Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы назардан тыс қалғаны белгілі болды. Инфрақұрылым болмағандықтан, АЭА-дағы кейбір нысан пайдалануға уақытында берілмеген. Салдарынан АЭА-ның тиімділігі төмендеп, инвесторлардың жобаға деген сеніміне селкеу түскен. Ал жергілікті әкімдік мұндай маңызды істерді қайырып қойып, шұғыл шешуді қажет етпейтін жұмыстарға бюджеттен қаржы бөліп отырған. Мысалы, әкімшілік ғимаратын жөндеуге – 7,3 млрд, театр құрылысына – 7 млрд теңге жұмсаған.
Аудиторлық палатаның есебінше, облыстағы 38 ауыл әлі күнге дейін сапалы ауыз суға жете алмай отыр. Салынған 79 нысанның 22-сі (10 млрд теңге жұмсалған) әлі пайдалануға берілмеген. Өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамыту жұмысы да тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталды. Жолаушы тасымалын дамытуға арналған кешенді схема жоқ, шенділер жол инфрақұрылымына тиісті мониторинг жүргізбейді.
Сондай-ақ өңірде бірлескен кәсіпорындар құру жұмысы оң нәтиже бермей, 1 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік ресурс желге ұшқан. Мемлекеттік сатып алу саласы да мінсіз емес. Шенділер конкурс рәсімін өткізбей, 5,5 млрд теңгенің келісімшартын біркөзден жасаған. Аудит қорытындысы бойынша, 28,3 млрд теңге көлемінде заң бұзу әрекеті мен 112,4 млрд теңге бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану фактісі анықталды. Жалпы 111 факті бойынша әкімшілік іс қозғалған, ал кейбір істі құқық қорғау органдары қарайды.
Әлихан Смайылов аудит қорытындысы бойынша қабылданатын шараларды өзім бақылаймын деп отыр. Бірақ одан оң нәтиже шыға қоярына сену қиын. Әдетте аудиторлар тексерісінен кейін ешкім жазаланбайды, ешкім жауапкершілік арқаламайды. Әрі кетсе, «тиімсіз жұмсалғалы тұрған мынша қаржы бюджетке қайтарылды» деген жаттанды есептер ғана беріледі. СҚО-дағы тексерістен кейін де ешкім ауыр жаза арқалаған жоқ. Әкімдік сайтында «Айыртау ауданының әкімі, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары, Сергеевка қаласы әкімінің орынбасары және т.б шенділер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды» деген ақпарат тарады. Облыста жұмыс ақсап, бюджеттің миллиардтаған ақшасы желге ұшып жатса да, лауазымды тұлғаларды тәртіптік жазаға ғана тарту қаншалық орынды деген сұрақ туындайды. Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін мұндайда қылмыстық жауапкершілік енгізген жөн шығар.
Тұрғындар әкімнің уәдесін екі жыл күтуге мәжбүр
Жақында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданы Прибрежное ауылының тұрғындарымен кездескен. Кездесуде тұрғындар өңір басшысынан ауылды қаламен байланыстыратын көпір мен су тасқыны кезінде қажет болатын қорғаныс бөгеті қашан салынатынын сұрады. Жергілікті жұрттың айтуынша, көктемде су тасыған кезде көпірдің жоқтығынан облыс орталығымен байланыс үзіліп, ауыл аралға айналады. Ал халық қайықпен қатынауға мәжбүр болады.
Ауыл тұрғындары бөгет салу жұмысының тым баяу жүріп жатқанына наразы. Олар құрылыс 2026 жылғы су таситын кезге дейін аяқталатынына сенбейді. «Бөгетті 20 қыркүйекке дейін саламыз деп уәде берген. Бірақ әлі аяқталған жоқ. Аудан әкіміне хабарластық, ол келіп тексерді, бірақ ештеңе өзгермеді», – деді тұрғындардың бірі. Ал Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыстың кешігуіне қаржы тапшылығы себеп болғанын айтып ақталды. Оның сөзінше, облыс әкімдігі Прибрежное ауылы маңына дамба салуға ақша таппай, тұрғындарды басқа жаққа көшіруді ойлаған. Бірақ кейін адамдарды ұзақ жылдан бері тұрып жатқан жерінен көшіру жөнсіз екенін түсініп, бөгеттің бір бөлігін салуға 1 млрд теңге бөліпті. Облыс әкімі азаматтарды үйінен көшірмегенін оларға жасаған үлкен жақсылығы санайтын сияқты, сөз арасында осы «ерлігін» бірнеше рет қайталап айтты.
Бірақ бұл сома бөгетті толық аяқтауға жетпейді. Өңір басшысы бөгет салу өте ауқымды жоба екенін айтты. «Ұзындығы 30 шақырым бөгет құрылысына 14 млрд 200 млн теңге қажет. Бұл – үлкен сома. Үкіметтің тапсырмасы бойынша адамдардың үйін сақтап қалуға күш салып жатырмыз. Бұл соманың 12 млрд теңгелік жұмысы аяқталды. Ендігі мәселе, Бескөлге 2 млрд теңгеден аса ақша бөлеміз», – деді Нұрмұхамбетов.
Ал тұрғындар 18 қазаннан бері жұмыс тоқтап тұрғанына наразы. Облыс әкімі 15 желтоқсанға дейін барлық жұмыс аяқталады деп уәде берді. Прибрежное тұрғындарымен кездесу 4 желтоқсанда өткен. Нұрмұхамбетов қаржысы әлі толық бөлінбеген бөгетті 10 күнде қалай толық аяқтағалы отырғаны белгісіз.
Ал көпір құрылысы жақын арада бітпейтінін аймақ басшысы бірден мойындады. Оның айтуынша, қазір көпірдің жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Бұл жобаға 4 млрд теңгеден аса қаржы қажет. Облыс әкімі құрылысты 2 жылда аяқтауға уәде берді. Әзірге Прибрежное тұрғындарының су тасымауын тілеуден басқа амалы жоқ. Бірақ екі жылда су тасымайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Нұрмұхамбетовтің қулығы
5 желтоқсанда СҚО әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізіп, бір жылдық жұмысына есеп берді. Біздің елде шенділердің есебі ешқашан сүреңсіз болмайды. Бәрін қатырдық, бәрі тамаша деген әдемі статистиканы көрсеңіз, көз тояды. СҚО әкімі де сол үрдістен жаңылған жоқ. Оның сөзіне сенсек, өңірде ауыл шаруашылығы – 9,3, өнеркәсіп – 19,1, құрылыс саласы – 30,1, тұрғын үй саласы – 3,9, инвестиция – 7,3 пайыз өсіпті. Облыс елдегі дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігін, сүттің оннан бір бөлігін өндірген.
Мұндай мінсіз өсімге жиналыста отырған журналистердің өзі таңғалып, «сіздің есепті тыңдағанда бәрін тастап, Петропавлға көшіп кеткің келеді екен» деп әзілдеді. Өз статистикасына өзі құлай сенетін Ғауез Торсанұлы бұл тұста еш қысылмай «келіңіздер, күтеміз» деп жауап бергені қызық болды. Бірақ тілшілер Нұрмұхамбетовтің қағазға жазып әкеліп, ежіктеп оқып берген есебіне сене қойған жоқ. Облыс аумағына барғанда көрген кемшіліктерін тізбелеп, кей ауылда су, жарық, газ, жол, мектеп, емхана жоқ екенін айтып, әкімді тығырыққа тіреді. Нұрмұхамбетов бұл сұраққа байланысты облыс аумағы жолдарының 80 пайызы жөндеуден өткенін айтып, қалған бөлігін алдағы екі жылда жөндеуге уәде берді.
«Жас Алаш» газетінің 2 желтоқсандағы №95 санында «Кәсіпкер салады, әкімдік бұзады: СҚО әкімдігінің салғырттығы Алаш кешенін дауға айналдырды» деген мақала шыққан. Онда Петровка ауылы маңында Міржақып Дулатұлына арналған мемориалды ашылмай жатып бұзылғаны айтылған. Журналистер облыс әкімінен кешенді кім құлатқанын, неге құлатқанын сұрады. Нұрмұхамбетов кешенді салған кәсіпкердің рұқсаты болмағанын айтып, ақталды. Ал кешен қайта ашыла ма деген сұраққа нақты жауап бермей, құжаттары жөнделсе, құрылыс жалғасатын шығар деп жақауратты.
Сондай-ақ тілшілер өңірдегі мемлекеттік тілді мектептер мен балабақшалар жайын сұрады. Облыстағы кей ауылдарда қазақтілді мектеп жоқ екен. Петропавлда қазақша балабақша жетіспейді. Әкім бұл жолы да нақты сұраққа нақты жауап бермей, алыстан орағыта сөйледі. Жалпы Нұрмұхамбетовтің тактикасы осындай сияқты. Журналистердің ешбір сұрағына нақты жауап бермей, діңкені құртты. Әйтпесе, өңірде мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер тапшы екені анық. Мысалы, облыс әкімі жақында Петропавлда 4 балабақша ашылатынын, оның біреуі ғана қазақтілді болатынын өзі мойындады. Ал ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, Петропавл қаласында қазір 49 балабақша бар, оның төртеуі – қазақ, 19-ы – орыс, 26-сы – аралас тілде оқытады.
Қысқасы, Ғауез Нұрмұхамбетовтің есебі мен Әлихан Смайыловтың аудит қорытындысы бір-біріне мүлде кереғар шықты. Әкім облыс гүлденіп жатыр дейді, бас аудитор өңірдің экономикасы, өндірісі, инфрақұрылымы, тіпті демографиясы кері кетіп жатқанын айтады. Былайғы жұрт Нұрмұхамбетовке сенерін, әлде Смайыловқа сенерін білмей отыр.
Мұхамедиевтің «атасы»
5 желтоқсан күні Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев кәсіпкерлер арасында ерекше байқау жариялады. Әкімдік қаладағы дүкен, кафе, мейрамхана, қонақүй сияқты бизнес нысандарын безендіруге шақырып, үздік жаңа жылдық безендіру байқауын өткізгелі отыр. Қатысушы өз нысанының іші-сыртын және аумағын жаңа жылға сай безендіріп, фотосуретін әкімдікке жіберуі шарт.
Петропавл әкімдігі жаңа жылды қарсы алуға неге мұнша асыққаны белгісіз. Қазір жұрт арасында 16-17 желтоқсан өтпей жаңа жылды тойламау керек деген түсінік қалыптасқан. Бұл дата біз үшін Тәуелсіздік күні және ұлт батырларына тағзым күні ретінде өте қастерлі. Демек оған дейін қаланы жаңа жылдық нақышта әрлеп-сәндеу егемен елдің идеологиясына сай келмейді. Бірақ СҚО-да түсінік басқаша сияқты. Тәуелсіздік күнін аттап өтіп, жаңа жылды қарсы алуға кірісіп кетіпті.
Байқау өтетіні жайлы хабарландыруды қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сол жазбаның астына Әсел есімді тұрғын «Енді Тәуелсіздік күніне арналған безендіру сайысын ұйымдастырыңыз, содан кейін ғана Жаңа жыл мерекесі келеді ғой», – деп пікір жазыпты. Жаңа жыл тойлағыш Мұхамедиев мырза бұл ұсынысқа назар аудара ма?
Сондай-ақ Петропавлдағы ботаникалық бақта жүздеген «Аяз ата» мүсіні мен кеңестік шырша әшекейі қойылған көрме ашылыпты. Жоба авторлары көрме адамдарға өткенге қайта оралу сезімін сыйлайтынын айтады. Мұны қанша жерден балалық шақтың естелігі деп ақтағаныңызбен, кеңестік әшекей, өткенге оралу деген сияқты сөздер егемен елдің ұстанымына жат әрекет. Серік Мұхамедиев бұл көрмеге барып, көп аяз атаның ішінен өзінің бала күнгі «атасын» бірден таныпты. Қала әкімі өткенге осылай оралуды жөн көріпті.
Мұның бәрі өңірде идеологиялық жұмыстардың ақсап тұрғанын көрсетеді. Арамызда өзгеге қарап бой түзейтіндер бар. Олар әдетте көше атауын өзгертуге, мемлекеттік тілде оқытатын мектеп ашуға қарсы шығып, дау көтеріп жүреді. Мысалы, жақында Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Екатерина Коршагина көше атауын өзгертуге дөрекі түрде қарсылық танытты. Ол тіпті «регламенттеріңе түкіргенім бар» деп тепсінді. Мұндай мысал жеткілікті. Қазір әлемдік тәртіп өзгеріп, геосаяси жағдай ушығып тұр. Мұндай кезде етек-жеңімізді қымтағанымыз жөн еді. Алайда өңір көшін өрге сүйреуге тиіс Нұрмұхамбетов пен Мұхамедиевтің жаңа жыл тойлаудан қолы босамай жүр.
Қуаныш Қаппас