Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 14 Тамыз 2024

Кінәсін мойындаса кешіре салатын кішкене бала. Тұрғымбаев бес жыл үйде отырады

Ерлан Тұрғымбаев
Фото: qmonitor.kz

8 тамызда Астана соты бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты соттады. Бірақ мұнда «соттады» дегеннен гөрі маңдайынан сипап, сот залынан үйіне шығарып салды деген жарасатын шығар. Экс-министр бес жыл шартты жазамен құтылды.

Тұрғымбаев биыл сәуірде ұсталып, оған «билік өкілетін асыра пайдаланды» деген айып тағылды. Сол кезде бас прокуратура экс-министр Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғанын айтып, «ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) ұсталды» деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның өзі Тұрғымбаевтың әрекеті ауыр зардапқа әкеп соқты деп кесім айтқанына қарап қоғам бұрынғы ішкі істер министрі 238 адам көз жұмған Қаңтар трагедиясына, одан кейінгі түрмедегі адам төзгісіз азаптауларға байланысты жауап береді деп үміттенген. Тіпті кей сарапшы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке әлі жетпей, 8 жыл шартты жазаға ғана кесе алған жаңа Қазақстан бар ашуын осы Тұрғымбаевтан алады деп болжаған. Бірақ бәрі басқаша болды. Сот экс-министрдің «шын жүректен өкінгені мен алғаш рет қылмыс жасағанын» ескеріп, шартты жазамен шектелді.

Тұрғымбаевтың соты да Қаңтар оқиғасына қатысты өзге соттар сияқты «мемлекеттік құпия» деген желеумен жабық өтті. Сондықтан қоғам экс-министр нақты қандай қылмыс жасады, жазықсыз тұрғындар өліміне және түрмедегі азаптауларға оның қандай қатысы бар деген сұрақтарға жауап ала алған жоқ.

Тұрғымбаев тым кеш тұтқындалды

Қаңтар оқиғасы кезінде болған қанды қырғынға және одан кейінгі азаптауға жол бергені үшін күштік құрылым өкілдері қатарында бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектенов «қызметін асыра пайдаланғаны» үшін 12 жылға сотталды. Ал сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген ауыр айыптармен 18 жылға түрмеге қамалды.

Ал осы екеуімен ошақтың үш бұтындай одақ құратын ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа екі жыл бойы ешкім тиіскен жоқ. Тіпті Қаңтар оқиғасынан кейін, 11 қаңтарда үкімет құрамы қайта жасақталғанда ол өз орнында қала берді. 25 ақпанда ғана бұл қызметтен босап, сол жылғы тамызға дейін президенттің кеңесшісі болды.

Қаңтар кезіндегі полицияның қызметіне айтылар сын көп. Сол кезде бас прокуратура Алматы, Жамбыл, Қызылорда сияқты бірнеше өңірде полиция департаменті ғимараты қараусыз қалғанын хабарлаған. Сондай-ақ Алматы әуежайы да иесіз қалғаны белгілі. Полицейлер стратегиялық маңызы бар нысандарды неге қараусыз тастап кетті, оларға ішкі істер министрі бұйрық берді ме? Бұлар – қоғам жауабын таппай отырған өте маңызды сұрақтар.

Сондай-ақ Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтарға полицейлер үтік басып, азаптағаны ресми дәлелденді. Олар тергеу барысында бұдан өзге де орта ғасырға тән азаптау тәсілдерін қолданғаны белгілі болды. Мұндай қылмыс үшін бірнеше полицей жазаланды. Бірақ бұл іске байланысты да Тұрғымбаев жауап берген жоқ, қол астындағы қызметкерлерінің заңсыз әрекетін көрмегендей кейіп танытты.

Қаңтар оқиғасынан екі жарым жылға жуық уақыт өтіп, Тұрғымбаев ел көзіне түспей, ұмытыла бастағанда оның ұсталғаны жайлы ақпарат тарағанда, жұрт әділдік орнағандай желпініп қалған еді. Енді, міне...

Жабық сот көп құпияны жасырып қалды

Тұрғымбаевтың соты қалай өткенін, экс-министрдің кінәсі қалай дәлелденгенін, ол қандай жауап бергенін ешкім көрген жоқ. Көбіміз ол шын кінәлі ме, жоқ па, анық білмейміз. Бірақ көп адам сотты көрмесе де оның жазықты екеніне күмән келтірмейтін сияқты. Бұған оның ескі кланның белді өкілі болғаны әсер етті ме, әлде ІІМ-нің ел арасындағы нашар имиджі себеп болды ма, белгісіз.

Қаңтар оқиғасына қатысты барлық іс жабық өтіп жатыр. Сарапшылар бұл қанды күндердің шындығын шығармаудың айласы деп біледі. Сот жабық өткендіктен, жұрт ештеңеден нақты ақпарат ала алмай, дағдарып отыр. Бәріміз билік берген аз мәліметке сүйеніп, жорта болжам жасауға мәжбүрміз. Тіпті көп адам Мәсімов Қаңтар оқиғасының бас кейіпкері деген уәжге «сенгені» сияқты, Тұрғымбаев төңкеріс жасамақ болды десе де сенуге дайын.

Егер жаңа Қазақстан Қаңтар оқиғасының бар құпиясын ашып, халық алдында арылғысы келсе, соттарды ашық өткізер еді. Тек Мәсімов, Бектенов, Тұрғымбаев сотының өзінен қанды қаңтардағы біраз былықтың беті ашылар еді. Сонда ғана жұрт арасында «полицейлер үйді-үйіне тарап кетті», «қорғаныс министрлігі мен ІІМ қызметкерлері өзара соғысты», «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген алыпқашпа әңгіме тарамас еді.

Айтпақшы, біз айтып отырған «5 қаңтарда Алматы орталығына 20 мың адам келіп, әкімдік ғимаратын басып алуға әрекеттенді» деген сөздің авторы – Тұрғымбаев. Ол «бұл адамдар жақсы қаруланған, ұйымшыл әрі кәсіби түрде шебер әрекет етеді» деп төндіре сипаттаған. Билік осындай сөздер арқылы алаңға елдегі әлеуметтік жағдайға наразы халық жиналғанын жоққа шығарып, арнайы қарулы топ шабуылдады дегенге сендіргісі келеді.

Олар конституцияға да қарамай, бұйрықты ғана орындайды

Шартты жаза – қылмыстық жаза емес. Ол белгілі сынақ мерзімінде өзінің түзелгенін дәлелдеу үшін сотталушыға берілген мүмкіндік. Оны бас бостандығынан айыру жазасымен салыстыруға келмейді. Мұндай жаза жеңіл қылмыс жасаған адамдарға тағайындалса жарасар еді. Ал «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ауыр зардапқа әкеп соқтырған» Тұрғымбаев пен Самат Әбіштің шартты жазаға кесілуі ешқандай логикаға сыймайды.

Бұл екеуі де бір баппен (362-баптың 4-тармағы) айыпталды. Сот екеуін де 10 жылға лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, экс-министрді 5 жыл, ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасарын 8 жыл шартты жазаға кесті. Әрі мұндай жеңіл жаза беруге екеуінің де «жасаған әрекетіне шын жүректен өкінгені» себеп болғанын хабарлады. Судья ол екеуінің «қатты өкінгенін» қандай критерийге сүйеніп, анықтағаны белгісіз.

Мамандар қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағы аса ауыр бап екенін айтады. Оның үстіне бас прокуратура айтқандай, лауазымды тұлғалардың әрекеті ауыр зардапқа себеп болған. Бұл бап бойынша кінәлі адамды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамау жазасы көзделген.

Сондай-ақ осы кодекстің 63-бабының 6-бөлігінде «аса ауыр қылмыс жасаған адамға шартты түрде соттау қолданылмайды» деп анық жазылып тұр. Демек, Қазақстан билігі осы екі бапты қайырып қойып, ауыр қылмыс жасаған экс-президенттің екі «інісіне» жеңіл жаза тағайындап отыр. Бұл әрекет биліктің беделін түсіріп, жаңа Қазақстан ұранына көлеңке түсіруі мүмкін.

Тұрғымбаевтың өте жеңіл жаза арқалағаны халықтың наразылығын туғызғаны анық. Желідегі жұрт бұрынғы министрдің әділ жазасын алмағанын жарыса жазып жатыр. Біз халықаралық құқықтық бастама қорының жетекшісі Айна Шорманбаеваға хабарласып, бұл жазаға құқықтық баға беруін сұрадық.

«Қаңтар оқиғасы – бүкіл халыққа ауыр тиген трагедия. Ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза тапты, бірақ біздің есеп бойынша құрбандар саны бұдан көп болуы мүмкін. Сондай-ақ 10 мыңнан аса адам заңсыз ұсталып, азаптауға ұшырады. Тіпті емханада жараланып жатқан адамдарды ұстап, сол жерден бастап азаптаған. Тергеу изоляторындағы азаптаулар жайлы айтып тауыса алмаймыз. Ауыр азаптан қайтыс болғандар бар. Мысалы, Жасұлан Анафияев ісін біз көтеріп жүрміз. Бірақ мұндай қылмыстардың бәрі дұрыс тергелген жоқ. Оны қарауға құзырлы органдар құлық танытпай отыр.

Міне, осындай қылмыстар жасалған кездегі министр жеңіл жазамен құтылды. Құқық қорғау органдары тек бұйрықпен жұмыс істейді. Олар кей жағдайда конституцияға да қарамай, бұйрықты ғана орындайды. Қаңтар оқиғасында полицейлер бұйрықсыз жұмыс істеді дегенге сенбеймін. Демек, бұл трагедияда ішкі істер министрінің рөлі өте жоғары. Сондықтан сот ашық өтіп, ол тиісті жазасын алуы керек еді. Өйткені бұл халыққа қарсы жасалған қылмыс, жауапты адамдар халықтың алдында жауап беруі керек. Қоғам кім кінәлі екенін, кім не істегенін анық білуі қажет. Біз мұндай сотпен де, берілген жазамен де келіспейміз», – деді құқық қорғаушы.

Бұл – саяси шешім

Билік екі жарым жыл жүріп әрең ұстаған Тұрғымбаевты неге босатып жіберді? Оның кінәсі шынымен тым жеңіл ме, әлде ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан арасында кезекті келісім жасалды ма? Бұл сұрақты саясаттанушы Қазыбек Бейсебаевтан сұрадық.

«Эмоцияға берілмей, заңға сүйеніп қарасақ, Тұрғымбаевқа прокурор 5 жыл шартты жаза сұрады. Демек, біздің заңда мұндайға мүмкіндік бар деген сөз. Яғни күдіктіге «қызметін асыра пайдалану» деген баппен айып тақсақ, соңында оған шартты жаза кесуге болады деген жоспар болған.

Экс-министрге прокурордың өзі қаталдық танытпай отыр. Осыған қарап, Тұрғымбаевқа 5 жыл шартты жаза беру мәселесі әу баста шешіліп қойғанын аңғаруға болады. Мұндай жеңіл жаза тағайындау – саяси шешім. Алдын ала келісілген болуы мүмкін, 5 жыл жаза кесеміз, бірақ отырғызбаймыз дегендей. Бұған дейін Самат Әбіш те осындай жолмен шартты жаза арқалаған.

Ішкі істер министрі ең үлкен лауазымдағы адам емес, Қаңтар оқиғасы кезінде ол көрінген де жоқ. Енді оны шартты жазаға кесіп отыр. «Кінәсін мойындады» дейді, кінәсін мойындағаны үшін кешіретін кішкене бала емес қой ол. Сондықтан бұл алдын ала шешілген мәселе деп ойлаймын, алдын ала шыққан саяси шешім. Негізі кінәлі адамдарды Қаңтар оқиғасынан кейін бірден жауапқа тарту керек еді. Бірақ олай істеген жоқ, осының өзі біздің елде әлі көне биліктің әсері бар екенін білдіреді, олармен күрес жалғасып жатыр. Мына келісімдердің өзі соны көрсетіп отыр».

Тұрғымбаев кім еді?

62 жастағы Ерлан Тұрғымбаев 1984 жылдан бастап ішкі істер саласында жұмыс істеген. Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының ішкі істер департаментін басқарды. 2012 жылдан 2019 жылға дейін табан аудармай 7 жыл бойы ІІМ-нің орынбасары болды. Көп жыл 2012 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қарата «алаңға тағы шықса, тағы атамыз» деп, тепсінген Қалмұханбет Қасымовтың көлеңкесінде жүрді.

2019 жылы ағасы Қасымовтан «тәуелсіздік» алып, министр атанды. Қасымов Тұрғымбаевтың ағасы деп бекер айтып отырған жоқпыз, жұрт арасында екі министр экс-президент Назарбаевтың рулас інілері деген сөз бар. Тіпті мұндай жегжаттық билік жүйесіндегі үлкен кланға ұласқан болуы мүмкін. Өйткені ірі мансапқа жеткен Тұрғымбаевтың «туыстары» аз емес.

Тұрғымбаев ІІМ тізгінін алғаш ұстағанда салада кемшілік көп екенін айтып, іргелі реформа жасауға уәде еткен. «ІІМ-де жұмыс істегеніме 35 жыл болды. Иә, мұнда проблема көп, өзекті мәселелер де аз емес. Ішкі істер органдарын реформалап, олардың бағытын дұрыстау керек. Халық полициядан қорықпауы үшін ашықтыққа, қоғаммен жұмыс істеуге көп көңіл бөліп, полицияны халықтық күшке айналдырамыз. Бұл менің министр ретінде бірінші кезекте тұрған басты міндетім» деген еді ол.

Бірақ оның жұрт есінде қалатындай реформа жасағанын көрген жоқпыз. Бар тындырғаны – полицияның қызмет формасын өзгертіп, жаңа киім кигізгені ғана. Ал министрліктің құрылымы, қызметі, әділдігі, ашықтығы сияқты ең маңызды түйіндер баяғы жартас – сол жартас күйінде қала берді. Полицияның халық алдындағы беделі бір мысқал көтерілген жоқ. Тіпті арасы алшақтай түсті. Мұны Қаңтар оқиғасы кезінде халықтың полицейлерді сыйламағанынан, ал сақшылардың азаматтарды жауыздықпен азаптағанынан аңғаруға болады. 

Қуаныш Қаппас