Кінәсіздіктерін дәлелдеп жүрген үшеу: Мұнай трейдері, вице-министр мен журналистің жарты жылдық соты
28 тамыз Астана қаласының ауданаралық сотында журналист Данияр Әділбековтің ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. 12 тамызда басталған отырысқа астаналық тілшіміз қатысып, тараптардың уәжін тыңдап қайтты.
28 наурызда қамауға алынған Данияр Әділбековтің уақытша ұстау изоляторында отырғанына бес ай болды. Журналистің үстінен үш адам арыз түсірген. Олардың бірі – энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, екіншісі – журналист Гүлжан Ерғалиева және елорда әуежайының инвесторы Юсуш Рашед Альджаудер.
Жәбірленушілердің арыздануына Әділбековтің «Дикая Орда» телеграм-каналындағы анонимді жазбалары себеп болған. Қазіргі таңда іс екі бап бойынша қарастырылып жатыр. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 419-бабы мұнай трейдері Ерлан Саудагеровтің тапсырысымен энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов туралы көрінеу жалған сөз жеткізу, екіншісі – Гүлжан Ерғалиева мен астаналық әуежайдың топ-менеджері Юсуш Альджаудер туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бабы) бойынша.
Вице-министрдің үстінен шетелдік инвесторлар шағымданған
Данияр телеграм-каналында энергетика вице-министрінің коррупциялық схемасынан шаршаған шетелдік инвесторлардың жанайқайы туралы жазған. Сондай-ақ E-otinish арқылы жауапты мекемені вице-министрдің жұмысын тексеруге шақырған. Тергеу мәліметтері бойынша, вице-министрге қатысты айыптау ақпаратын мұнай-трейдері Ерлан Саудагеров тапсырыс арқылы жаздырған. Бірақ Саудагеров ол ақпараттар ашық дереккөзде тұр дейді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің журналистерге берген ақпаратына сүйенсек, аталған жазба бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық қаупі анықталмаған. 15 тамызда өткен сотқа вице-министр онлайн қатысты. Ол қажет жағдайда «жұмысымызға кедергі келтірді» деген шетелдік инвесторлар сотқа жүгіне алады деді.
Заң бойынша мемлекеттік қызметші өзіне қатысты жалған ақпарат тараған жағдайда бір ай ішінде теріске шығаруы тиіс. Бірақ энергетика вице-министрі өзі жайлы бірінші жазбаға аса мән бермеген. Екіншісінен кейін ғана адвокаттармен кеңесіп, БАҚ арқылы ресми хабарлама жасап, құқық қорғау органдарына арызданған. Ол Саудагеровті де, Әділбековті де бас бостандығынан айыруды талап етпейтінін жеткізді. Бар болғаны – алты айға созылған тергеу амалдары мен сот арқылы нұқсан келген ар-абыройы мен беделін қорғап қалмақшы.
Бір қызығы, сотта вице-министр Әділбековтің қай сөзінің көпе-көрінеу жалған екенін дәлелдей алмады, жәбірленушінің адвокаты сұраған қағаздарды көрсетіп жатқысы келмейтінін айтты. Прокурор да адвокаттың талап-тілегін үнсіз қалдырды.
Даниярды айыптап отырған журналист Гүлжан Ерғалиева мен энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов оны 8 жылға бас бостандығынан айыруға мүдделі емес екендерін айтып, ақырғы шешімді судьяға қалдыратындарын айтты.
«Дикая Орда» телеграм-каналында менің Бишімбаевтың адвокатынан сұхбат алғаным үшін 5-10 млн теңге алғаным туралы жазылған ақпарат өтірік. Жазбаның мақсаты – Elmedia каналын жою. Біреулер Әділбековтің қолымен от көсеп, редакция репутациясына нұқсан келтіріп, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетуді көздеді. Және ол мақсаттарына жетті. Әбенова мен Ертісбаевтың ақша алғандарының рас-өтірігінен бейхабармын. Данияр ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, дүйім жұрттың алдында кешірім сұраған болса, іс сотқа жетпейтін еді», – деді Гүлжан Ерғалиева.
Сотта Данияр Ерғалиевадан кешірім сұрады. Ал Бишімбаевтың отбасы ресейлік блогерлерден бастап қазақстандық медиа тұлғаларға өзін ақтау үшін ақша төлегенін Қуандықтың өз аузынан естіген.
«Ерғалиеваның ол ақшаны алғанына қатысты менің еш дәлелім жоқ. Мен Қуандық Бишімбаевпен түрмеде тікелей сөйлесіп сұрағанымда, ол: «Иә, Данияр, ресейлік блогерлерден бастап қазақстандық блогерлердің барлығына ақша төленді», деді. Мен онымен түрмедегі танысу аумағында кездестім. Және ол бұл ақпаратты еш күмәнсіз айтты. Қажет болса, Қуандық Уәлиханұлынан жауап алайық», – деді Данияр.
Бұл істі АҚШ журналистері де назарда ұстап отыр
15 тамызда журналист Данияр Әділбеков пен мұнайшы Ерлан Саудагеровке қатысты сот процесінде жәбірленуші үш адамның бірі Ақкенженовтен жауап алынды. Қалған сот отырысына айыптаушылар онлайн қосылып, ара-тұра ғана бір-екі ауыз пікір білдіріп отырды.
Данияр қамауда отырған уақыт аралығында әріптестеріне адвокаты арқылы хат жолдап, өзіне қатысты айып Қазақстанның эксклюзивті мұнайы Vitol сатып алушыларының мүддесін қорғаушылардың саяси қудалауы деген еді. Даниярдың қорғаушысы Әділжан Мәуітхановтың сөзінше, тергеу амалдары кезінде көптеген өрескел қателер орын алған.
«Қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Бұл жерде менің қорғауымдағы Әділбековтің ғана емес, куәгерлердің де Конституциялық құқықтары өрескел бұзылып жатыр. Бүгін көріп отырғаныңыздай, Астана қаласы прокуратурасы екінші деңгейлі банктерге қылмыстық істегі куәгерлердің карталарын бұғаттауға қатысты санкция берген. Санкция судья арқылы салынады, бірақ бұл жерде неге екенін прокуратура өкілдері салып отыр. Прокурордың мұндай құқы жоқ. ҰҚК қызметкерлері тарапынан да көптеген заңбұзушылықтар орын алған. Даниярдың ісінде қылмыстық құрам жоқ, сот әділ шешімін шығарады деп үміттенеміз», – деді адвокат Әділжан Мәуітханов.
Журналисті ұстауға ҰҚК-ның 14 қызметкері келген
Сот саласына қатысты материалдар жазумен айналысатын журналист Аделаида Әуеспекова әдетте іс мұндай баппен өтірік жала жабушылардың үстінен ғана қозғалады.
«Бұл жерде іс телеграм-каналда жазған ақпарат үшін қозғалған. Бұл жалпы қаншалықты заңды?! Тағы бір мәселе, Даниярды жалған ақпарат таратты деп айыптап отыр. Яғни тергеушілер Данияр жазған ақпаратының өтірік екенін білді деп санайды. Сондықтан бұл қылмыстық іс. Ал Данияр «өтірік ақпаратты тарататындай басым екеу емес. Осы кезге дейін дереккөздерім маған бірде-бір жалған ақпарат берген емес, осы жолы да шындықты айтып тұр деп ойладым» дейді. Данияр да өз қателігін түсініп отыр. Естіген ақпаратты тексеріп барып жазуы керек еді, алайда бұл мәселені азаматтық тәртіпте қарап, шығын мөлшерін белгілеп, ақпаратты жоққа шығартып шешуге болады. Үш-төрт жазба үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру кімге керек?!», – дейді журналист.
«Сонау Семейден ұлым үшін ай сайын келіп жүрмін»
Даниярдың қоғамдық қорғаушысы құқын иеленген анасы Гауһар Бұшбақбаева ұлына ғана емес, жалпы отбасыларына қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Үш адамға дейін алуға болатын қоғамдық қорғаушы құқын Даниярдың әйелі мен інісіне еш негізсіз бермей, сонау 800 шақырымда жатқан Семейдегі анасына ғана бергендерінің өзі күмән тудырады.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Даниярдың ісіне араласып, карталарын бұғаттап, көлігін айыппұл тұрағына қойып қойды. Медицина саласында жұмыс істейтін келіншегінің сағаттарын қысқартып тастады. Жұмыстан шығарайын десе, келінімнің аяғы ауыр. Даниярдың бес жастағы қызына «әкең командировкада жүр» деп қойдық. Оның балабақшасының ақшасын жабылып төлеп отырмыз. ҰҚК қызметкерлері ұлымның камерасына кіріп қоқан-лоқы көрсеткен, тіпті физикалық күш қолданған. Қазіргі таңда олардың үстінен антикор тергеу жүргізіп жатыр. Адвокаттар қаншама шағым түсірді, бірақ біздің дауысымызды естіген адам жоқ. Қоғамдық қорғаушы болуға маған ғана рұқсат берді, Астанада тұратын інісі мен әйеліне еш негізсіз рұқсат берілмеді. Сонау Семейден ұлым үшін ай сайын келіп жүрмін», – деді Даниярдың анасы Гауһар Бұшбақбаева.
Данияр қудалауға ұшыраған бірінші журналист емес. Статистика деректерінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы «жала жабу» бойынша соңғы 10 жылда журналистерге қатысты 80-нен астам үкім шығарылған.
Айжан Қалиева
Астана қаласы