Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:17

КНДР: Оңтүстік Кореяның атом сүңгуір қайығы аймақта «ядролық домино» туғызады

1
Фото: YONHAPNEWS AGENCY/picture alliance

Солтүстік Корея Сеул мен Вашингтон арасындағы атомдық энергетикалық қондырғылары бар сүңгуір қайықтар салу жөніндегі келісім аймақта қауіпті «ядролық домино» эффектісін тудырады деп мәлімдеді. Бұл туралы 18 қарашада КХДР мемлекеттік ақпарат агенттігі – ЦТАК хабарлады.

Пхеньянның айтуынша, Оңтүстік Кореяның атомдық сүңгуір қайықтарға ие болуы «дербес ядролық қарулану жолына түсу» ретінде қабылданады және мұндай қадам Солтүстік-Шығыс Азияда қарулану жарысын күшейтпек.

«Оңтүстік Кореяның атомдық сүңгуір қайық жасауы аймақта ядролық доминоны іске қосып, қарулану бәсекесін күрт ушықтырады», - делінген ЦТАК хабарламасында.

КХДР билігі АҚШ пен Сеулдің «қақтығысқа негізделген ниеттеріне» жауап ретінде «неғұрлым нақты шаралар» қабылданатынын атап өтті.

Солтүстік Корея жаңа келісімді тек Корей түбегі үшін емес, бүкіл Азия-Тынық мұхиты өңірінің әскери қауіпсіздігіне қатер төндіретін «аса маңызды жағдай» деп санайды. Пхеньянның пікірінше, бұл қадам «жаһандық деңгейде бақылаусыз ядролық дағдарысқа» әкелуі мүмкін.

Сеул мен Вашингтон неге келісті?

Өткен аптада Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён АҚШ-пен жаңа қауіпсіздік және сауда келісіміне қол жеткізілгенін хабарлаған. Құжат атом сүңгуір қайықтар салуды және Сеулге уран байытуға, ядролық отынды қайта өңдеуге рұқсат беруді қамтиды.

АҚШ президенті Дональд Трамп 29 қазандағы келіссөздерден кейін алғашқы атомдық субмарина «Филадельфиядағы құрылыста» жасалатынын мәлімдеген. Қазір Оңтүстік Корея флоты тек дизельдік және электрлік сүңгуір қайықтарға сүйенеді.

Атомдық сүңгуір қайық кімдерде бар?

Бүгінде атомдық сүңгуір қайықтар небәрі алты елде бар:

  • АҚШ
  • Ресей
  • Ұлыбритания
  • Франция
  • Қытай
  • Үндістан

Тағы бірнеше мемлекет бұл технологияны әзірлеп жатыр, оның ішінде – КХДР.

Сарапшылар не дейді?

Халықаралық саясаттанушы Андрей Ланьковтың айтуынша, Корей түбегіндегі екі мемлекет те жылдам қарулану жарысына еніп барады, ал аймақтағы өзге елдер қорғаныс шығынын ұлғайтуда.

Сарапшылар Оңтүстік Кореяның атомдық сүңгуір қайықтарға көшуі тек Пхеньянды емес, Жапония мен Қытайды да алаңдататынын айтады. Сондықтан аймақтағы стратегиялық тепе-теңдік бұрынғыдан да күрделене түспек.

Тегтер: