Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:53, 28 Қараша 2023

«Көбіне ата-анасы немесе баланың әкесі алып кетеді» – Амниат Джаппуева

аналар үйі
Фото: из открытых источников

Өмірлік қиын жағдайға тап болған жас аналар мен олардың сәбилеріне көмек қолын созып келе жатқан «Ана үйі» қоғамдық қорына биыл 10 жыл толып отыр. Сонау 2013 жылдан бері жетімдіктің алдын алып, тағдырлардың ойран болмауына жағдай жасап келе жатқан қор демеуші меценаттар есебінен қаржыландырылады. Қор өкілдерінің айтуынша жылына республикадағы 18 филиалда 500-ден астам қыз-келіншек көмек алады екен. Қиын жағдайда қалған қыз-келіншектерге баласын тастамауға, психологиялық көмек алып, тегін баспанада, не ішемін, не жеймін деп уайымдамай өз-өзіне келуіне барлық жағдай жасалған. Соның арқасында бәрі дерлік өз аяғына тұрып, өмірге бейімделіп кетіп жатады екен. Осындай бірқатар оқиғасымен Алматы қаласындағы аналар үйінің меңгерушісі Аминат Джаппуева бөлісті.

Бірде перзентханадан дәрігерлер хабарласты. Жұмыс барысымен ол кісілермен де әбден таныс болып алғанбыз. «Бір жас қыз босанды. Аяқ-қолы сау бала дүниеге әкелді. Бірақ босануы қиын болды. Ауырсынып жатыр. Анасы оны баланы таста да таста деп қинап, ұрысты. Қыз баласынан бас тартып отыр. Соңғы амал сіздер. Бірақ олар көнбейтін сияқты. Өйткені қыз жас, оның үстіне оқуы бар екен», – деді дәрігер. Мейлі, байқап көрейін, әрекетсіздіктен гөрі бір сөйлескенім дұрыс деп шештім мен. Өйткені бұл дегеніңіз бір баланың тағдыры ғой. Не де болса көрейін деп, дереу жиналып перзентханаға бардым. Барсам қыз жатыр екен. Денсаулығы тұрақталып қалыпты. Көңіл-кұйі жоқ, әбден қажығаны бетіне шығып тұрды. Жанына келіп өзімді таныстырдым. «Ана үйі» туралы айтып, қолдау көрсеткіміз келетінін жеткіздім. Қыз бас тартқысы келмей тұрды. Баласын тастағысы келмейтінін байқадым. Бірақ анасынан қорқып отыр екен. Осы орайда айта кететін бір мәселе, біз қыз-келіншектердің ата-анасымен, жігітімен немесе басқа да туыстарымен сөйлесу үшін өзінің рұқсатын аламыз. Әй-шай жоқ әңгімеге тартып, сөйлесу деген мұлде жоқ. Сөйтіп жаңағы қыздың рұқсатымен анасына бардым. Өзімді, қорды таныстырып, баланы жетім қалдырмау керектігін айттым, түсіндірдім. Ол болса елдің сөзінен қорқатынын, қыздың әкесі қатал екенін айтып шыр-пыр болды. Не керек, сонша уақыт әңгімеден соң анасы келісті. Қыз қуанып кетті де, бізбен еріп аналар үйіне келді. Бір аптадан соң-ақ сабағына баруды бастады. Ол уақытта қалған қыз-келіншектер нәрсетесіне қарап көмектесетін. Олар үнемі солай жасайды. Сабақта, оқуда, жұмыста кезде бір-бірінің баласын бағып, көмек-қамқорлықтарын аямайды. Солай уақыт өтіп жатты. Бір айдай уақыт өтті ме, өтпеді ме, анасы келіп қызын немересімен бірге алып кетті. Басында баланы қабылдағысы келмеген олар, балаға зар болып отырған үлкен қыздарының жағдайына қарап, әр сәбидің бақыт екенін түсініпті. Аман-сау тұрғанда қызымыз бен немеремізді далада қалдырмаймыз деп, жылап, сүйіп алып кетті. Біз әрине қуаныштымыз. Уақыт өте адамдар осындай парасатты ойларға тоқталатыны қандай керемет.

Екінші бір Әлия (аты өзгертілді) есімді қызымыз болды. Осында келіп, баласымен бірге тұрып жатты. Алғашқыда құлазып, ішкі күйзелісте болған ол бірте-бірте қалпына келіп, оңалып кетті. Өмірдің барлық қиыншылықтарын артқа тастап, аяғына нық тұра бастады. Іс үйреніп, жұмыс ақша таба бастады. Сондай күндердің бірінде ол маған келіп жеке сөйлескісі келетінін айтты. Шыны керек, мұндай өтінішпен әрбір қызым келіп тұрады. Кейде ақыл сұрайды, кейде басқа әңгімесін айтады. Мен әрине ешкімді сыртқа теппеймін. Себебі оларға құрбының, достың, психолгтың әңгімесінен бөлек ананың ақылы, әпкенің мейірімі керек. Мен тек үйлестірушімін деп қатып қалсам тағы болмайды ғой. Өйткені менің мақсатым үйдегі әрбір қыз-келіншектің жақсарып, дамуына үлес қосу. Ақыры Әлия екеуміз бетпе-бет қалдық. Ол өзі ерке қыз еді. Төтесінен, нақты айтты: «Маған баламның әкесін тауып беріңізші». Мен аты-жөнін, қай жақтың тумасы екенін сұрап алдым. Сөйтсем, жігіт Ұзынағаштан екен. Тура сол уақытта мен аталған елдімекенге бір іс-шараға қонақ болып бардым. Осы біз секілді қорлардың бірі арнайы шақырған еді. Іс-шараның ресми бөлімі аяқталып, түскі ас ішіп отырғанда әлгі жігіттің есімін атап, танитындар бар ма деп сұрадым. Ол жерде ары кетсе 7-8 адам отырған болармыз. Жай ғана білетіндер болса деп елеусіз ғана сұрай салғанмын. Сөйтсем, бір кісі терезені нұсқап тұрып, міне мына үйде тұрады деді. Мен таңқалдым. Көп қарап тұрмай шықтым да әлгі үйге бардым. Амандасып, кірге рұқсат сұраған едім, жылы қабылдады. Өзімді таныстырдым. Қор туралы, қыздарым туралы айта бастадым. Мұнда жиналысқа келгенімді жеткіздім. Үйдің төрінде үлкен әже отыр екен. Одан соң әлгі жігіттің анасы мен жеңгесі жүрді. Ақыры тұрып, олардың немересі бар екенін айттым. Үлкен әжеміз екі балдақпен жүретін кісі екен. Сол сәтте қандай әсерде болғанын кім білсін, орнынан тұрды да, таяқ-балдаққа қарамастан далаға шығып, мәшинесін жөндеп жүрген немересін жетектеп отырып үйге әкелді. Отырды да ұрсыты. «Ел балшықтан бала жасай алмай, баланың жылаған даусын естуге зар болып жүрсе, сен неге өз ұрпағыңды тентіретіп қойып жүрсің? Неге бізге бұл туралы ештеңе айтпадың? Мен неге шөберем бар екенін енді ғана біліп отырмын», – деді ол. Осы сәтте мен де таңғалдым. Қарап отырсақ, жігіттердің көбі қорқып мұндай жағдайларын ата-анасына, отбасына айтпай жатады екен. Ол басқалар мұны қабылдайды деген үрейден туындайтын ой болса керек. Бірақ, жігіттің әжесі де, анасы да келіншек етіп аласың, баламызды үйге әкел деумен болды. Жігіттің өзі де сол ниетте болса керек. Әже тұрып келінімізді алып кетейік деді. Ал мен қазақтың салтымен келіп, алдымыздан өтіп аласыздар деп әзіл-шыны аралас ойымды айттым. Олар әлбетте келісті. Сөйтіп арада бір апта өтпей әлгі жігіт Әлия мен баласын алып кетті. Олар қазір бақытты отбасы. Алты бала тәрбиелеп отыр. Өзі де келіп тұрады, балаларын әкеліп тұрады. Біз тек қуаныштымыз. Бұдан шығатын қорытынды жігіттер әке-шешесіне шындықты айтуға қорықпай, жауапкершілікті ала білу керек. Сонда көп мәселе орнымен шешіледі.

Көп қыз-келіншектерімізді не ата-анасы, не баласының әкесі алып кетеді. Олар солай үй болып, өз жолдарын табады. Осы күнге дейін бір қыз ғана басқаша мінез көрсетті. Жаман әдеттерге үйір болып, баласына мүлде қарамайтынды шығарды. Мен де, психолог та, басқасы да қолдан келгенді жасадық. Ол жаман қылықтарын қоймады, сәбиін қараусыз қалдырды. Тіпті, керек етпейтін. Сосын шарананың не кінәсі бар, мынандай анамен ауырып, басқа болып, тағдырына обал болар деп мен ресми арыз жаздым. Іс қаралып, әлгі қыз ата-ана құқығынан айырылды. Бізден кеткен соң да, баласын сәбилер үйіне апарған соң да ол бір хабарласып перзентінің жағдайын сұрамады. Ал нәрестені сәбилер үйінен бір отбасы асырап алды. Мұндай жағдай да кездескен.

Ең бастысы, қыздардың қорғансыз қалмауына, сәбилердің жетімсіремеуіне себеп болу ғой. Қорымыз осы жолда аянбай еңбектеніп келеді. Алда да жқмысымызды осы бағытта жалғастыра беретін боламыз.

Тегтер: