Көдектің әкесі Байшыған ақын

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі ақын Көдек Байшығанұлын сөз еткенде атасы Маралбай, әкесі Байшығанға тоқталмай кету мүмкін емес.
Әкелі-балалы Маралбай мен Байшыған суырыпсалма ақындығымен өлеңнен өрнек өрген. Маралбай өз заманында аты жетер жердегі той-томалақтан қалмай өлең-жырдан шашу шашып, айтысқа түсіпті. Өзінің бір сапарында Дулат елінің Жаныс руының ақын қызы Мәзинамен айтысып, кейін үйленген. Жарасымды жұп тойдың сәні болып,«ауылдың алты ауызын» айтуда ешкімге дес бермеген өлеңші де атаныпты. Ерлі-зайыптылар үлкен айтысқа түскендігі жөнінде еш дерек кездеспейді. Алайда Маралбайдың сөзге ұсталығы баласы Байшығанға, Байшығанның балалары Көдек, Ережеп, Әбітайларға жұғысты болған. Ережеп құдіретті қара сөзде ешкімге дес бермеген шешен, ал Көдектің ақындығын ел таныған. Көдектің әкесі Байшығанның суырып салма ақындығы ата-анасының тәрбиесі мен өнегесінен қалыптасқан тәрізді. Жастықтың жалындаған шағында Байшығанды өздерімен ала жүріп, тойдың көркін қыздырып, өлеңнің мәнерлі ырғағымен кішкентайларын тербетіп өсірген. Байшыған да жастайынан сөздің мәнін, ұтымды ойын маржандай тізіп, өзі қатарлыларға әзіл мен қалжың, шымшыма сөзбен жауап беруге үйренген.
Әкесі Маралбай мен шешесі Мәзина балалары ержетіп, жастары қырықтың қырқасынан асқанша той-томалақтың төрінде өткендіктен Байшыған да әке-шеше дәстүрін бозбала кезінде-ақ жалғастырып, көптің ауызында «өлеңші бала» атаныпты. Он жетіге ілінген ұлының Жанбөпе деген қызбен айтысқанына қатты риза болған.
«Саламын құнаныма құран ерді,
Сөзінен екшеп білем бұраң белді.
Қыз екен деп бәріне жүгірмеймін,
Өзіңдей қызға жаным құмар еді...
– деп тоқтаусыз өлеңдеткен ұлына әке: «Балам ержетіп жігіт болыпты. Ендігі жол Байшығанымдыкі екен», – деген қуанышын әйелі Мәзинаға жеткізген еді. Сонда Мәзина: «Жолымызды керегеде отырып, өлең айтқан шырағыма берейік, біз өлеңімізді доғарайық, шал», – деп ақ тілеуін берген. Байшығаннан көрген немересі Көдектің дүниеге келуі де оларға зор қуаныш сыйлайды. Ата-анасының бұл шапағат мейірімі Байшығанға үлкен медеу болып, өлеңшіліктің өнеріне жиі араласуына жолы ашылады.
Ауыл тойында Байшыған кейде өзімен қатар өскен Солтанқұлмен думандатып, құлашын кең сермейді. Өздері секілді сөзге ұста, тілге жүйрік қыз-келіншектермен үзеңгі қағыстырып, айтысқа түседі. Көрші отырған Жетібайлар ауылындағы Сейділдә деген ақын қыздың атақ-даңқын естіп, іздеп барып айтысады. Әуелі сөзді Байшыған бастап, Солтанқұл қоштап өлеңдеткен. Мұны біз Сарыбастау ауылының көне көз қарияларынан өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары естіген едік. Айтыс бір шілдехана тойында өтіп, аяқталмай қалыпты. Себебі, айтыс тартысты өтіп, намысқа тиетін сөздердің арты төбелеске ұласыпты. Кейін Байшыған мен Сейділдә кездескен жерінде екі рет айтысқан көрінеді. Бірақ айтыста кімнің жеңіп, кімнің жеңілгенін ешкім дөп айтқан емес. Бірі Байшыған жеңген десе, енді бірі Сейділдә жеңген дейді.
Бұл айтыс жөнінде 2009 жылы ғасыр жасап дүниеден өткен, Кеңесодағының Социалистік Еңбек Ері, Сарыбастау ауылын көп жыл басқарған Нүсіпбек Әшімбаевтың «Ғасырға ұласқан ғұмырым» атты кітабында біз естіген айтыстан біраз дерек кіріпті. Қария бала күнінде Байшыған мен Сейділдә қыздың айтысын ауылдың көзі көрген үлкен қарияларынан естігенін жазады. «Байшығанға өнер қонған кісі дей келе, Сейділдәмен болған айтыстың өте күшті болғандығын, ауылда екі той қатар өтіп, екі жерде де айтыс болғандығын тілге тиек етеді. Жұрт екіге жарылып, екі тойды да қатар тамашалапты. Әсіресе Сейділдә мен Байшығанның айтысы көпшілікке ұнағаны соншалық, екінші айтысты тыңдағандардың көбі қотарлып осында келген. Екі ақын өз жақсыларын аспандатып дәріптеп, байлығы мен дәулетін, бетке ұстар азаматтарын және кемшіліктерін бетке айтқан. Қыза-қыза келе намысқа тиетін сөздер айтысқа арқау болғанда арты айғай шу мен ерегіске ұласқан. Жаға жыртысып, қол жұмсауға дейінге барыпты. Киіз үйдің іші әлем-тапырақ болып, көп кісі арпалысқанда шаңырақ ортасына түскен. Айтыстан кейін Сейділдә ұзатылып, Текестің арғы жағындағы Құсық деген елдің Мереке деген жігітіне күйеуге шығыпты. Байшыған бұдан кейін де айтыстан қол үзбей Сейділдәнің артынан іздеп барып, тағы айтысқан. Кейінгі айтыстың қалай болғаны да белгісіз. Тек есімде қалғаны мынау еді дейді Нүсекең:
… Ескі тамыр, ежелгі дос емес пе ең,
Ескі астан қалды ма сақтағаның? – деп сөзін бастаған Байшығанның өлеңін Сәйділдә тосылып қалмай, бірден жауабын берген.
Сыбызғының ауызын кең ойғанмын,
Кетпес қылып ауызына жез қойғанмын.
Әкесінің көріндей қазып жатыр,
Несін алып, білмеймін не қойғанын!.. – дегенде қасындағы күйеуі қызғаныш білдіріп, көптің көзінше әйелін қамшының астына алыпты деп, қариялар күліп отыратын, – дейді.
Ақын Көдек Байшығанұлын тұңғыш зерттеуші, әрі кеңестік қазақ әдебиетіне 1960 жылдардың аяғында бірінші болып таныстырушы, насихаттаушы, белгілі зерттеуші-әдебиетші Тілеужан Сақаловтың еңбектерінде Байшығанның ақындығын жоғары бағалап, Көдектің өлшеусіз талант, үлкен дарын иесі екенін әкесінен іздейді. Көдек Байшығанұлы Қытайдағы Шығыс Түркістанда қазақ әдебиетінің негізін қалағандардың бірі дей келе, ақынның шешесі ерте қайтыс болып, әке тәрбиесінде өскендігін жазады. Қаршадайынан жетім қалған ұлын әкесі Байшыған еркелетіп, қасынан тастамай «Көдегім» деп жүргендіктен оның азан шақырып қойған Әбдірақын деген аты ел ішінде ұмыт болған. Бала Көдек әкесінің қасында жүріп, айтысын көзімен көріп, көп нәрсе үйренген. Байшыған жігіт кезінде Құрман руының Жетібай ата тармағынан шыққан Сейділдә деген ақын қызбен айтысқанына Тілеужан Сақалов та тоқталады.
Байшыған:
Бір қыз бар Жетібайда аласұрған,
Байталдай міне шауып таң асырған.
Бай дауына кедейді жығып беріп,
Халыққа жақсың бар ма жаны ашыған?! – дегенде Сейділдә да ұтымды жауап беріпті:
Үйі кедей, тұзы бай сен бір делбе,
Ел сынаған неңді алды сендей селге!
Мың салса бір баспайтын топас тұғыр,
Ат екен деп бола ма шабуға өрге?
Шаңымды бір көрмейсің жүгіргенде,
Мүдірмен бірдей шауып ылди-өрге.
Қаңғырып шыдай алмай Айт та кепті,
Көз көрмеген талайың сыртқа кетті.
Жансеркең қазымыр, Солтанқұлың жібір боп,
Бар Бидайшы алыстап жатқа кетті.
Зерттеуші айтыста алдына жан салмаған ақын қыз Сейділдәні Байшыған жеңіпті деген аңыз бар деп тоқтайды. Еңбек кеңестік әдебиетке ыңғайлап жазғаны байқалады. Бұл Байшыған мен Сейділдәнің бірінші айтысы екені даусыз. Аяқталмай қалған айтыстың жалғасын 2000 жылдардан кейін Қытайдан өзінің атамекеніне оралған белгілі жазушы Әскер Тойғанбекұлының кітабына еніп, айтысты толықтайды.
Кембаба көп жыл болды жоғалғалы,
Шерлі боп іште кетті көп арманы.
Қай жерде көз түрткі боп қорланып жүр,
Іздеусіз болғаннан соң обал-дағы.
Байшыған:
Кембаба өзі сері, өзі батыр,
Сіздің елде болды ма ондай ақыл.
Жылқы бар бір мың үш жүз Солтанқұлда,
Жансерке Айт, Құрманға болған тұлға.
Жүз атқа әжі атамыз ішік алған,
Жылқысы аз ба, көп пе өзің ылға?
Би атам ашамайда билік жасап,
Үкімі топты жарып, толған сынға, – дегенде Сейділдә да қолма-қол жауап берген:
Білесің менің атам Саурық батыр,
Үстіне сауыт киген, қолда шатыр,
Жаулап ап Бүргі анбаны бір сөткеде,
Түсірген кең басына заманақыр.
Баласы оның туған Ұзақ батыр,
Жерінде Ресейдің де даңқы жатыр.
Жылқы болса түз малы бір-ақ жұттық,
Жылқыңның көп болғаны неге татыр.
Байшыған:
Сейділда, сөзің жаман ашындырған,
Емеспін қызға сөзді басындырған.
Сол жылқының шетінен айдап беріп,
Солтанқұл сендей қызды қатын қылған...» – дейді. Айтысты тыңдап отырғандар да және қыздың үлкен шешесі бұл сөзге риза болмай: «Қай-қайдағыны айтуын мына жүгермектің», – деп Байшығанды сөккенде: «Апа, тоқтатыңыз, өлеңнің аяғы бітпей қалды. Жел сөзде не тұр. Балалар біраз айтыссын», – деп, қайтадан айтысуға көндірген. Үзілген айтысты Байшыған ары қарай жалғайды.
Бұл кемпір алдыменен бізді ұрса екен,
Бізді ұрып болғаннан соң қызды ұрса екен.
Бірлесіп біз төртеуміз қашып кетіп,
Осы апамыз далақтап із қуса екен, – деп қайырғанда ауылдың қызба қанды жігіт-желеңі Сейділдәнің жауабын үлгертпей: «Сендер айтысқан қыздармен жөнді айтыспай, шешемізге неге ауыз саласың?» – деп төбелесшығармақ болғанда, көптің ортасында отырған бір үлкен қария елдің қобалжуын басыпты. Өзінің бөркі мен шекпенін Байшығанға кигізіп, үйден шығарып жіберген. Мұндағы Байшығанның төртеуміз дегені біреуі Солтанқұл, ал Сейділдәнің жанында Зарауқа деген құрбысы болған. Айтыста Сейділдәнің ақындығы мен тілмарлығына Солтанқұл ерекше сүйсініп, қызға көңілі де кеткен. Кейін Солтанқұл қыз ауылына бірнеше рет қыдырып келген. Өлеңнің өресінде еркін көсілген Сейділдәнің атастырған жері болғандықтан, ол ойынан айнып, Зарауқаға ниеті ауған. Зарауқаның Сейділдәға қарағанда өте сұлу, көрікті, сауықшыл, сөзге де шебер, той-томалақта өлеңші атануы да Солтанқұлға қатты әсер етеді. Әңгімені сарыбастаулық 96 жасқа келіп, қайтыс болған көненің көзі, әрі ескіше оқыған Рахман Төкебаев қария да растайды. «Ертеде Көгенбай деген кісі: «Сейділдә бүйтіп айтыпты, Байшыған былай айтыпты», – деп отыратын. Сейділдәні айтқанда Зарауқа еске түседі. Ол да Жетібай ауылының қызы. Өте көрікті, сұлу, әдемінің әдемісі деседі. Солтанқұл Зарауқаға үйленбекші болып сөз салады. Бұған екі елдің үлкендері қарсы болып, Сүймендінің балалары: «Айт, Бозым әлі қыз алыспағандығын алға тартады. Екі ел мұндайға дейін еншілері бөлінбей бірге жүріп, жеті атадан асып кеткенше қыз алып, қыз беріспей, ата дәстүрін бұзбаған екен. Ақыры екі ауылдың үлкендері екі жақты есептеп, қыз алысуға болатындығына келісіп Солтанқұлға рұқсат еткен. Үлкендер Зарауқа мен Солтанқұлды үйленгеннен кейін, Сүмбе ауылының жоғары жағында бір сайға аппақ киіз үй тігіп, жеке отырғызған. Ол сай кейін Зарауқа атымен аталып кетті. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бір жылдары сайдың ауызына барып құран оқығанмын, Зарауқа біздің шешеміз болып келеді. Аталарымыз кеңес үкіметінен бұрын патшалық Ресей заманында бұл жаққа Жансерке деген атамыз бастап келіп, Сүмбе, Шартас, Өмеке, Балтаның сайы, Шалкөдеге қоныстанып, шекара күзетінде мекендеген. Ал Жетібай ауылы Есекартқан тауының ауызында қатар отырған. Сол жерде олардың қорымы бар. Яғни Айт пен Жетібай ауылының қорымы біріне-бірі жақын. Кейін кеңес үкіметі орнағанда бізді Сарыбастауға қосқандықтан осында қалдық, негізі Құрманның жері Сарыбастау», – деген еді қария.
Рахман қарияның әңгімесін жазушы Әскер Тойғанбектің «Қайран елім» атты трилогиясының 3-кітабы толықтайды. Бірақ біз келтірген кей дерек кездеспейді. Ақын Көдектің атасы Маралбай, әкесі Байшыған да өлеңді сөзге шебер болып, Маралбай қырықтың бел ортасына келгенше өлеңнен қалмаған және баласы Байшыған да өлең қуып, Сейділдәмен айтысқанын жазушы әңгімелейді. Айт, Бозым бірінші рет қыз алысып, алғаш құдаласқан Солтанқұл мен Зарауқаны естіген Сегіз сарының болысы Айтбай да Зарауқаға бұрыннан есі кетіп жүргендіктен сөз салып, кісі жібереді. Осыдан кейін Солтанқұл мен Айтбайдың Зарауқа таласы өршіп, асқына түскендіктен араға қалысқа адам салуға дейін барыпты. Қиын жағдайға тап болған Зарауқа әңгімесі елге тарап, сөзкөбейген. «Солтанқұл қызды алса, қыз тойында ақ киіз тігіп, ақ боз бие сойып, бүкіл Албанға үлкен той жасайды. Айт, Бозым бұдан бұлай қыз алысуға жол ашылады десе, енді біреулер Айтбай жай бір той жасап, қызды алып кетеді», – деген болжамдар ел ішіне тарап кетеді. Жұрттың болжамы Зарауқаны Солтанқұл алғаны жөн деген ұйғарыммен де жүреді. Солтанқұл бар дәулетіне сеніп, сәнді киініп, қыз ауылына келіп жүріпті. Ал Айтбай қала жағалап, сауда жасағандықтан қолына алтын жүзік салып ерекшеленіп, «Қыз кімді қалайтын айтсын» деп табандап тұрып алыпты. Осыдан кейін екі жақ Зарауқаға адам жіберіп, хабарын күткен. Екі жақтың кісілері Зарауқа тіктірген үйіне кіргенде Айтбайдың адамы бірінші болып, сөз бастайды. Айтбай екі сайлауда болыс болғандығын мақтап, болыстың әйелі болу – екінің бірінің қолы жете бермейтінін жеткізіп, мақтауын асырады. Ал Солтанқұл жақтан барған Жексенбі деген кісі Айтбайдың адамын тыңдап болып, көп сөйлемепті де: «Зарауқа шырағым, саған айтар көп сөзім жоқ, жүзік көрем десең Айтбайға бар, қызық көрем десең, Солтанқұлға бар. Сөзім, осы-ақ, – деген. Жексенбінің сөзіне мырс етіп күлген Зарауқа екеуіне де жауабын бермей шығарыпты. Елшілер кеткеннен кейін «Солтанқұлға барамын» деп жеңгесіне уәжін жеткізген.
Зарауқаның таңдауы Солтанқұл болғандықтан бүкіл Албан жиылып, алдымен ақ боз бие сойып, жеті атаға толған екі елдің тойын жасайды, рұқсаттарын берді. Соңынан қыздың тойы өтіп, Солтанқұл мен Зарауқа үйленеді. Бұл Айт, Бозым балаларының тұңғыш рет өзара қыз алысуы болады.
Сейділдә айтыстан кейін Текес жақтағы Құсық еліне ұзатылып, Мереке деген жігітке тұрмысқа шыққан деп Нүсіпбек Әшімбаев жазғанына ізденіс жасаған едік. Негізінде Сейділдә Сәлбен руының Ырғайты еліндегі Саурық байдың Мәнеке деген баласына тұрмысқа шығыпты. Сейділдәнің әкесінің аты Қаупен, енді біреулері Тілекметтің қызы деп те айтады. Ал өзінің күйеуінің аты Мәнеке дейді қазіргі кезде көзі тірі, 90-ға таянған Мәнекенің келіні Күләнда Аппақова. «Мен Мәнекенің Бозжігіт деген баласына тұрмысқа шықтым. Енеміз Сейділдә да тоғыз құрсақ көтеріпті. Бес қыз, Батырхан, Бозжігіт, Балапан, Рақымбай деген ұлдары болған. 1945 жылдары 70-ке келіп қайтыс болыпты» деп отбасылық бір суретті көрсетті. «Сурет Батырханның соғыстан келген кезінде түскені. Мұндағы топ адамдардың ортасында Сейділдә енеміздің басында ақ кимешегі бар» деп, «Әнім сен едің» 70 жас» деп аталатын қызыл кітапты берді. Жинақ математика ғылымдарының кандидаты Амангелді Рақымбаевтың 70 жас мерейтойына арналыпты. Жинақтың ішкі бетінде Амангелді Рақымбаевтың суреті, келесі бетінде Сейділдә ақынның екі шумақ өлеңі берілген.
Түндігі Алатаудың бұлтқа тиіп,
Хан-Тәңір жалтыр мұздан бөрік киіп,
Жетем деп айдын көкке қол созады,
Күн нұры мақұлдайды басын иіп.
Төбесі ақ Шоқымның неткен биік,
Баурайы бұғы, марал, арқар, киік.
Етегінде Сәлбен байдың төрт түлік малы,
Жайылар кең өлкеге зорға сыйып.
- Өлеңменің Сейділдә әжемдікі, – дейді Амангелді қария.
Жалпы кітап қалың көпшілікке арналып, халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндері жинақталған. Жинақтың соңғы үш бетінде «Ел ауызынан» деген бөлімінде «Біздің Сейділдә әжеміздің Солтанқұл, Байшығанмен айтысын көрген адамдардан есте қалған шумақтары» деген естелік кірген. Естелікте Солтанқұл Сейділдәні шақырып айтысқаны жазылыпты. Солтанқұлдың қасында Байшыған болыпты. Алғашында-ақ, Байшыған: «Айтыспай-ақ қоялық, бәрібір жеңіліп қалсақ, елден ұят болады», – дегенде, оны Солтанқұл көндірген. Айтыстың қалай өткені белгісіз, тек Сейділдәнің:
Солтанқұл, Байшығанмен дүр екенсің,
Албанның дүрілдеткен бірі екенсің.
Талайды анау-мынау жеңіп жүріп,
Кездеспей шын ақынмен жүр екенсің, – депті. Айтыс ары қарай жалғаспайды.
Солтанқұл арық самдағай адам болса керек. Ал Байшыған толық сары адам екен деп айтады. Осыны Сейділдә өлеңге қосқан.
Апырай, семіз адам не жейді екен,
Арығы сіңір шыққан кедей ме екен.
Қалжыңдап бір-екі ауыз сөз тастасам,
Мына жұрт тексіз әйел демей ме екен, – деген өлеңі кірген.
«Мүмкін бұл айтыс Солтанқұл мен Байшығанның үшінші рет айтысқаны болу мүмкін. Ол жылдары Солтанқұлдың дәуірі жүріп, Мәнеке дос болған кезі болса керек. Мұны білуім, аталарымыз туралы шежіреге дерек жинағанда көп қариялармен кездесіп, осыны естідім. Жоғары оқу орындарда сабақ беріп жүргенде бізді білетін үлкендер әжеміз Сейділдә мен Байшығанның айтысынан үзінді айтып берушілер де кездесті», – дейді Амангелді Рақымбаев.
Ал Байшығанның Сейділдәмен айтысқаннан кейінгі тағдыры белгісіз. Бір деректе Байшыған баласы Көдек 12-13 жасында ел көзіне түсіп, «ақын бала» атанғанда өлеңшілікті біржолата қойып, өзіне таныс кәсіп емшілікпен айналысқаны айтылады. Емшілігімен атағы да шыққан. Көдектің ақындығын көп мойындап құрметтеген. Сол жылдары «Адам ауырса Байшыған алады, өлсе Көдек алады», немесе «Бай өлсе Көдек бір ат алады, жазылса Байшыған бір ат алады», – деген сөз елге тараған. Себебі ауырған адамға Байшығанды шақыртып емдеткен. Науқас жазылып орнынан тұрса, дәулетті адамдардың туған-туысқандары оған бір ат беріп, сый-сияпат жасаған. Науқас адам дертінен айықпай қаза болған жағдайда, ауқатты, белгілі адамдар жыл уағына дейін жоқтау айтқызған. Оны Көдек жазып, қайтыс болған үйдің қызына, не келініне жаттатып үйреткен. Ақысы – бір ат болыпты. Жоғарыдағы сөз осыдан шыққан.
«Өзімнің білуімше, ол кісі білгір бақсы болды, талай ауруды айықтырғанын көзім көрді. Байшыған ақсақалға жан-жақтан келіп, қосарлап әкелген атына мінгізіп алып кетіп, сый-сияпатымен әкеліп тастайтын. Бір жолы төмендегі Айт руының кісілері сырқат адамды емдетеміз деп, Байшығанды үйінен алып кетсе керек. Сонда әйелі қайтыс болғанынестіп: «Амалы көп Құдайдың мені алдап жіберіп, жоқтығымды пайдаланып, алып қойғанын қарашы!» –депті.
«Байшыған атамды ақындықты қойып, тәуіптік жолды ұстанған кезінде, мына жағы Аягөз, бір жағы Ташкентке қос атпен адам емдеуге алып кететін кездер аз болмайды. Нүсіпбек әкеміз бала кезде қатты бір ауырыпты. Әшімбай байқуатты болғандықтан Аягөзге кеткен Байшығанға қос атты кісі жіберіп алдырып, емдеткен. «Жәкем болмағанда мен өліп қалар едім, ол кісіге жетер, құлақ естір, көз көрер жерде мықты тәуіп жоқ еді», – деп Нүсіпбек әкеміз айтып отыратын. Атамыз көбінесе әртүрлі шөп тұнбаларымен емдеген екен. Бүкіл ауыл балаларына шөптің тамырын тістерің мықты болады деп шайнатуы да тегін емес. Емшілігінде ауруды апиын қолданып та емдеген деп жұрт айтушы еді. Діни өте сауатты адам болғандықтан балаларының аттарын мұсылманша: Әбдірақын (Көдектің шын аты), Гүлнар, Тамен, Ережеп, Жаһанша, Зейнеләбді (Әбітай) деп қойыпты. Олар сауатты, жазу, сызуды білген. Екі баласы Тамен мен Жаһанша 1930 жылдардың ортасында ұсталып, хабарсыз кеткен. Ешқандай мәлімет пен дерек сақталмаған. Көдектің шекара асуына осы екі інісінің ұсталып кетуі де ықпал еткен болуы керек. Екеуі ұсталғанда Көдек ішкертінде жүрген. Байшыған атамыз сексеннің ішінде өмірден өткен сияқты. Өйткені Ережеп атам 1971 жылы желтоқсанда қайтыс болды. Сол кісі Жәкемнің жасынан асып кеттім деп отыратын. Менің Байшыған атамыз жайлы бар білетінім, әкеден ештеңе ести алмауым. Он жасымда қайтыс болған еді. 1 мамыр күні 50 жыл толады. Ал шешем көп нәрсе білуші еді. «Қорқып ештеңе айтпай кетті» деген әңгімені бала күнімде сарыбастаулық үлкендерден естігенмін.
Байшығанның емшілігі жөнінде де тағы бір деректе, «ол 45 жастан асып, шау тартып қалған шағында алыс бір жердегі біреудің жалғыз ұлы ауырып, емдеуге барыпты. Емшінің келгенін естіген ауылдағы бір әйел үй иесіне: «Мына кісі менің қыз кезімде атақты ақын еді. Осы кісімен бір айтысып көрсем», – деген екен. Әйелдің сөзін естіген Байшыған мұны құп көріп: «Мен бір ауыз өлең айтайын, соған жауап берсе, айтысты бастасын», – депті.
...Қолымда бір қамшым бар қылдан өрген,
Сермегенде тиеді ұрған жерден.
Мен айтайын қызықты, қыздан көрген,
Сен жасыңда қызықты айт, ұлдан көрген, – деп бір ауыз шумақ айтқанда әлгі әйел үндей алмай отырып қалып, бұдан ширек ғасыр бұрын айтысқан Байшыған екенін есіне түсірген. Байшыған оның Жанбөпе екенін бірден танып, қыз кезінде айтысқан өлеңімен бастаған.
Ендігі бір деректе Байшыған үйдің үлкені болғандықтан әкесі Маралбай оны ерте үйлендірген. Немересі Көдек анасынан ерте жетім қалғандықтан атасы Маралбай мен әжесі Мәзина бауырына басып өсірген. Ата-анасының мейірімді жан жылуын көре алмаған сәбиге атасы мен әжесінің ерекше аяулы алақанының мол шапағатына Байшыған да араласпайды. Және де олардың көңіліне қаяу салғысы да келмейді. Осыдан болар Көдек өз әкесі Байшығанды аға іспетті танып, он жеті жасында үйленеді. Он тоғыз жасында атасы Маралбай дүниеден озады. Бір жылдан кейін өзіне қамқоршы болған әжесі көз жұмған. Бар ауыртпалық Байшығанға түскен. Осыдан болар ақын Көдек туралы алғаш жазғандар мен өлеңдерін баспа бетіне жариялаушылар оның фамилиясын Маралбаев, кейде Маралбайұлы деп те жазып жүрді. Кейін ғана ақынды Байшығанұлы деп таныды. Оның да өзіндік себебі болыпты. Сарыбастау ауылында бала кезімізде көзіміз көрген кейбір үлкендердің Байшығанның кім болғандығын былай сипаттап, әңгіме ететін. «Оны қазіргі күнде білетіндер де бар болуы ықтимал. Бірақ көп айтпайтын. Олардан ұққанымыз: «Маралбайдың ең үлкені Байшыған атамыз 12 жасында үйленіп, 13 жасында тұңғышы Көдек дүниеге келгенін айтатын. Өзі жас балалы болғанына ұялып, қысылады екен. Әкесі Маралбай атамыз бұл бала Текесбайға тете деп, Көдекті Текесбайдың інісі деп, бауырына басып беріпті. Бұл деректерді кезінде туысымыз Жазықбаев Нұрыш ата, Жұманов Жәлел ағайдан, Әшімбаев Нүсіпбек ақсақалдан естіген едім. Біздің отбасымыз басқа туыстардың арасында, әсіресе Ырысты шешеміз отырғанда Сусары әпкеміз Көдек Байшығанның баласы деп айтушы еді. Текесбайдың баласы Әлиасқар мен Ажабайдың ағасы дейтін. Байшыған атамызды көзі көрген кісілердің айтуына қарағанда, қысы-жазы ақ жейде дамбалмен жүретін. Қыста сыртынан ішікті желең жамылып жүре беретіндігін де айтып отыратын. Атамыз Байшыған оқыған сауатты, көкірек көзі ашық, орта шаруа адамы болыпты. Ауыл арасында ешкілі бай атанып, әр ешкісіне ат қойып, шақырып үйреткен. Бәлкім ешкілеріне ат қою өзіне ұнаған болуы керек. Сондай-ақ ешкіде болатын кебенек ауруын да жазыпты. Тауешкінің лағынан теке қойып, ешкілері кебенекпен ауырмайтын болған. Оның бұл ісіне көпшілік таңғалысқан. Суырыпсалма айтыскер ақын кейін айтыстағы өлең шумақтарын жұлып-тартып айтып отыратын. Әкем, әкемнің інісі Ережеп атам біздерге ештеңе үйретпеді, айтпады. Оның себебін кейін 1977 жылы түсіндім. Байшығанов фамилиясымен аталған біздің тұқым халық жауының тұқымы болып, үш әріптің есебінде тұрады екенбіз. Өйткені шешем ылғи бір нәрседен қорқып, үрейленген кейіпте, біздің қағазымызды жиып алып: «Бетәлбеті ештеңе сөйлемеңдер, үй артында кісі бар», – деп айтқаны бар.
Міне, ақын Көдектің әкесі Байшығанның адуын айтыскер, қараүзген емші болғанынан қалған ел аузындағы әңгіме осындай.
Суретте: Байшығанмен айтысқан Сейділдә ақынның суреті. Сурет Қақпақ ауылында 1945 жылдары түсіріліпті