Қоғам ережелеріне қарсы күрес немесе Хан Гаңның «Вегетарианкасы»
Таяуда ғана даңқы мен дақпырты әлемге жайылған Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша жүлдесі оңтүстіккореялық жазушы Хан Гаңның қанжығасына бұйырғаны жайлы ақпарат дүниенің түкпір-түкпіріне лезде таралды.
Жыл сайын Нобель сыйлығы берілетін уақыт жақындағанда мұның төңірегінде әртүрлі әңгімелер де қыза түседі. Биыл да жылдағыдан кем соққан жоқ. Мәртебелі сыйлықты «анау алады, мынау алады» деп «бал ашқандар» да көп болды. Ақыры Хан Гаңға бұйырды. 53 жастағы жазушы аталмыш сыйлықпен марапатталған тұңғыш оңтүстіккореялық қаламгер, сондай-ақ бүгінге дейінгі 121 Нобель лауреаты ішіндегі он сегізінші әйел екен. Мүйізі қарағайдай жазушылар мен ақындардың арманына айналған сыйлықты Швед академиясы Хан Гаңға «тарих салған жарақатқа қарсы тұруға үндеп, адамзат ғұмырының нәзік қырларын ашатын поэтикалық прозасы үшін» табыстады.
1970 жылы Кванджу қаласында дүниеге келген оңтүстіккореялық жазушы бүгінгі әдебиеттегі жиі оқылып, талқыға түсетін жазушылар санатында. Қаламгердің бүгінгі оқырманға етене таныс романы – «Вегетарианка». 2016 жылы Халықаралық Букер сыйлығына ие болған бұл роман Корей әдебиетінің шекарасын кеңейтіп, психологиялық драма жанрындағы шедевр ретінде танылып жүр. Роман бір қарағанда, тек бір адамның ет жеуден бас тарту оқиғасы секілді көрінгенімен, шығарманың түп астарында біз сүріп жатқан дәуірдегі психологиялық, әлеуметтік және философиялық мәселелердің жатқаны анық. Шығарма кейіпкер тағдырын баяндай отырып, заманауи қоғамның ережелеріне қарсы күресті, ішкі болмысқа үңілу мен адам табиғатының көлеңкелі тұстарын ашып көрсетеді.
Қаламгер сұхбаттарында балалық шағынан зорлық пен қатыгездік тақырыбына терең бойлап, зерттеу жүргізгенін жиі айтады. Әсіресе 12 жасында үйіндегі шкаф сөрелерінен тауып алған фотоальбом бұғанасы қатпаған Хан Гаңның балаң санасына сілкініс әкеледі. Болашақ қаламгердің қолына түскен альбом беттерінде 1980 жылы Кванджу қаласында болған студенттік көтеріліс кезінде түсірілген суреттер бар еді. Жараланған адам денелері мен зорлық-зомбылық көріністерін бойына жасырған бұл альбом Хан Гаңға сан-мың сауалдың басын ашып берсе керек. «Адамдар неге соншалық қатыгез болады?», «Зорлық-зомбылыққа қалай қарсы тұра аламыз» сынды сауалдарға жылдар бойы жауап іздеген жазушы бар ауыртпалығы мен ішкі арпалысын аталмыш романға кеп ақтара салған сыңайлы. Талай жыл бойы жанын сыздатқан жарасын қаламгер шығармашылық жолының негізгі өзегі етіп алған. Хан Гаңның әдебиетке келуіне әкесі Хан Сын Вонның әсері болғаны шындық, өйткені ол да жазушы.
Бұл кітап оқырман үшін кездейсоқ дүние болуы да бек мүмкін. Атауының өзі кітапқа қызығатын, әдебиетті сүйетін адамды бірден елітіп әкетері сөзсіз. Шығарманы оқып шыққан соң, екіұдай күй кешесіз. Ақ жолдан айнымай келе жатқан кіршіксіз тағдырға әлдебіреулердің өзіндік бейшара танымымен, қатерлі ақымақтығымен, ойсыз тоғышарлығымен қойып кетіп, былғап, ойраңдап және соны ерлік көретіні – адамзат жаралғалы бері келе жатқан дерт сияқты. Туындының көлемі қысқа болғанымен, жеңіл, желдіртіп, оқиға қуалап оқылатын шығармалардың қатарынан емес. Кейде адам өзінің бір ғана шешімі үшін айналасындағы ет жақындарынан, достарынан, тіпті қоғамнан да алыстап кететін кездер болады. Романдағы кейіпкер де дәл сондай күйді бастан кешеді. Роман – кенеттен ет жеуді тоқтатуға шешім қабылдаған Йоң Хе туралы әсерлі әңгіме. Бас кейіпкер ет жеуден бас тартып қана қоймай, бүгінгі өркениеттің жиіркенішті заңдарын қабылдамайтын «бүлікшіл» әйел ретінде сипатталады. Анығында, үнсіз бүлік шығарады. Жалпы өмірде өзіңе ғана ұқсау, өзіңнің ғана рөліңді сомдау – екінің бірінің басына бұйырмаған бақ болса керек. Романның қаузаған тақырыбы, айтар ойы – еркіндік пен ішкі «меніңді» табу жолындағы күрес. Йоң Хэнің ет жеуден бас тартуы – тек тағам таңдау емес, оның айналасындағы қатыгездік пен қоғам қысымына деген ішкі қарсылығы, үнсіз күресі іспетті. Оның әрекеті арқылы Хан Гаң қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаның еркіндігі мен даралығын жоғалту мәселесін көтереді. Дегенмен кейіпкердің ішкі бүлігі мен қарсылығын психикалық дерттен ажырату қиын-ақ. Бұл дерттің себебі неде? Романның тереңіне бойлап кетсең, себеп көп, балалық шағында алған жарақатынан бастап, қазіргі қоғамда қалыпты отбасы құрудың қиындығына дейінгінің бәрі кейіпкердің өн бойындағы өзгерістерге бастап әкеледі. Сеулде тұратын жас әйел әр түн түсінде қанға толы әлдебір қорқынышты дүниелер көреді. Оның бұл тосын шешімі отбасынан ғана емес, жалпы қоғамнан алшақ болуына сеп болады.
«Ет жемейтін әйел», «Моңғол белгісі», «Жалынды ағаштар» деген үш бөлімнен тұратын романның алғашқы тарауы Йоң Хэнің күйеуінің атынан баяндалады. Ең қызығы, романнан бас кейіпкердің дауысын жиі ести алмаймыз, арасында ғана айтылар үзік-үзік сыры мен естеліктері болмаса, роман түгел дерлік бөгде кейіпкерлердің ойы, сөзі арқылы өрбиді. Шығарманың бастауында-ақ кейіпкердің күйеуі: «Вегетариан болмас бұрын, оның бойында қандай да бір ерекшелік бары менің ойыма келген емес. Ең алғаш кездескен күні мен оның бойынан адамды баурарлықтай еш қасиет байқамадым. Ұзын да, қысқа да емес, орташа бойы мен шашы, құрғақ терісі мен нұрсыз, қарапайым көздері, өңсіз киімі – өзін көрсетуге деген қорқынышы іспетті еді… Ол аз сөзді әйел еді. Тіпті сирек талап қоятын. Мен үйге кеш келсем де ол қабақ шытып, мазасыз күйге түскен емес. Демалыс күндеріміз сәйкес келсе де, бір жерге бірге бару туралы ешқашан ойланбайтын» деп түсініктеме береді.
Йоң Хэ – айналасындағыларға ыңғайлы әйел. Анығында, қатал, сұсты әке тәрбиесі мен өзімшіл күйеудің қысымы оны «өзінен» алыстатып жіберген сияқты. Дәл осы қарабайырлығы мен ыңғайлы болмысы үшін де күйеуі оған үйленуге ұсыныс тастайды. Қоғам таңып берген құндылықтар мен міндеттерден аспай ғұмыр кешіп жатқан қарым-қатынастың шырқын дәл осы таңдау, осы оқиға бұзады. Йоң Хэнің тағдыры тек кейіпкердің отбасылық жағдайын ғана емес, жазушының жалпы кәріс әйелдеріне жасаған манифесі іспетті. Оңтүстік Корея қоғамындағы әйелдерге қойылатын талаптар кейде әйелдің таңдау еркі мен ішкі қалауын шектесе керек. Бір жағынан, романның астарында әйелдердің еркіндікке деген құқығы туралы ой жатыр. Бір тұрғысынан қаламгердің патриархат қоғам талаптарына сыни көзқарасы осы күйеу мен әйелдің қарым-қатынасынан анық байқалады.
Шығарманың екінші тарауы Йоң Хэнің жездесінің атынан баяндалады. Өнермен шұғылданып, суретке түсірумен айналысатын бұл кейіпкер өз қиялдарының бірін жүзеге асыруға құмарта іске кіріседі. Алайда мұның зардабы Йоң Хэге тиеді. Осы тұста қаламгер оқырманға тағы бір таласты мәселені ортаға тастайды. Өнердің шекарасы бола ма? Егер туынды зорлық-зомбылықты қамтыса, оны өнер деп атай аламыз ба? Өнер мен әдепсіздіктің арасындағы шекара қайда? Қоғамдық нормалар өнерді шектей ала ма? Осы сұрақтарға ой жүгірту үшін жездесінің көркемдік идеясына жетудегі жолы түрткі болады. Әпкесі Ин Хэнің күйеуі бас кейіпкерді өнер объектісі ретінде көргенімен, шын мәнінде оның бұл қатынасы шынайы жанашырлық емес. Адамның ішіндегі «адам» не нәрсеге көбірек ұмтылса, сонысы ақыры көрініс бермей қоймайды екен. Оның сезімталдығы мен өнерге деген құштарлығының артында өзінің қалауларын қанағаттандыруға бағытталған сұмпайы ой жатқан еді.
Романның үшінші бөлімінде біз бас кейіпкердің әпкесі Ин Хэнің ой әлеміне бойлаймыз, кейіпкер кешкен оқиғалардың салдарымен бетпе-бет кеп, сүрген өмірін қайта таразылайды. Нобельді тағайындайтын Швед академиясы қаламгердің «шарасыз жағдайдағы кейіпкерлеріне, әсіресе әйелдерге деген сұмдық эмпатиясын» ерекше атап өткен еді. Шынында, Йоң Хэнің әпкесі Ин Хэ – романдағы күрделі және қайшылыққа толы кейіпкерлерінің бірі. Ол сырттай қарағанда, жайдары, отбасының тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға ұмтылған әйел боп көрінгенімен, ішкі әлемі қорқыныш пен өкінішке толы. Ин Хэ өз жанұясындағы берекені сақтау үшін талай қиындыққа төзгенімен, сіңлісінің тағдыры әпкесін өзіндік таңдауларын қайта бағамдап, кешіп жатқан өмірін әділет пен ақылдың тезіне салуға мәжбүр етеді. Ин Хэнің болмысындағы күрес – әйелге қоғам танып берген дәстүрлі міндеттер мен ішкі «меннің» арасындағы арпалыс. Шығарманың соңғы бөлімінде Йоң Хэ психиатриялық ауруханаға түседі. Науқас төсегінде жатқан ол кенеттен сыртқа көз салғанда қара бұлтты қақ жарып ұшқан қара құсты көреді. Мүмкін, ол кейіпкер әйелдің көкке ұшқан жаны шығар? Романнан үзінді келтірсек: «Ол басын көтерді. Көлік Чхонгесан тауларын артқа қалдырып, соңғы бұрылысқа беттеді. Ол анооу бұлттарға қарай беттеп, биікке ұшып бара жатқан қара құсты байқады. Жаздың найзадай өткір күні көзіне қайта-қайта түсе берді. Құс әп-сәтте жоқ боп кетті. Оның баяу күрсінгені естілді. Ол бойын түзеп, аспанға қарай ұмтылған ағаштарға, жолдың екі жағында лапылдаған алып ағаштарға көз тастады. Оған бұл ағаштар алып аңдар секілді денелерін тіктеп, биікке қарай созылып жатқандай көрінді. Ол ағаштарға қараған сайын әлдебір жауап күтеді. Әйтеуір, жанарында мұң мен табандылық пайда болған секілді. Жоқ , әлде бірнәрсеге қарсылық көрсетіп тұрған секілді».
Осылайша, автор бас кейіпкердің дәстүрлі нормадан бас тартуын оның отбасы қалай қабылдағанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бірте-бірте сол шешімі – зорлық-зомбылықтың, түсініспеушіліктің және психологиялық қысымның көзіне, ал Йоң Хэнің өзі қорқыныш пен агрессияның нысанына айналады. Әйелдің отбасы оның денсаулығына алаңдайтынын айтқанмен, шын мәнінде оларды Йоң Хэнің өздеріне бағынбағаны ашуландырады. Әсіресе отбасылық жиында әкесінің Йоң Хэнің аузына етті күштеп салмақ болған эпизодында осы ой анық байқалады. Ақыр аяғында, өзін өсімдік санаған ол күн сәулесі мен судан басқа барлық қоректен бас тартады.
Романның символизмге бай құрылымында Йоң Хэнің ағаш болуға ұмтылуы маңызды рөл атқарады. Оның ағашқа айналуға деген талпынысы ішкі тыныштыққа, мәңгілік тепе-теңдікке қол жеткізуге деген арман-тілегінен туындаған ой болса керек. Символизмді тар мағынада әдеби стиль деп қана емес, қоғамда өзгерістер жасайтын мықты қару десек те болады. Шығармадағы ағаш – табиғаттың, күллі жаратылыстың символы, өз тамырларымен жерге берік бекіген, ешкімге зиян тигізбейтін тіршілік иесі. Йоң Хэ де адамзаттың қатыгездігі мен зорлық-зомбылықтан қашып, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуді қалады. Анығында, өзін қоршаған әлеммен тұтасып, біте қайнасып кеткісі келді. Ойын астарлап айту, тұспалдап жеткізу шығыс әдебиетінде көнеден келе жатқан тәсіл. Кейіпкердің ағаш болуға ұмтылысы – өз болмысын қайта құру, адамгершілікке қайшы келетін дүниеден алыстау әрекеті. Бұл жерде ағаш бейнесі қоғамнан аластатылған адам символы болып көрінеді. Анығында, қоғамның қатыгез талаптарына бағынғысы келмеген, таптаурын мен ережелерге сай өмір сүруден шаршаған Йоң Хэ үшін адамзаттан бөлектенудің, өзінің шынайы болмысын сақтап қалудың символы. Қаламгердің айтуынша, роман мазмұнының негізгі идеясы кәріс ақыны Ли Санның өлеңдерімен танысқан соң пайда болған. Кәріс тарихының көлеңкелі кезеңі – Жапон отаршылдығы жайлы қалам тербеп, ұлт азаттығын аңсаған ақын «Адамдар гүлдер мен ағаштарға айнала алса ғой» деп жырлайды. Ақынның ішкі тебіренісі жазушының ойымен үндесіп, оған зорлықтан құтылу үшін өсімдік болуға ұмтылған кейіпкер туралы кітап жазуға түрткі болса керек. Автор сұхбаттарында: «Роман жазғанда өлеңдер менің шығармашылығыма еніп кеткендей сезінемін. Кейде мен өлеңнің өзін, ал кейде поэтикалық әсерлері бар қалыпты тіркестерді қолданамын. Поэзия маған қатты әсер етті» дейді.
Байқасақ, шығыс әдебиетінде табиғат тақырыбына деген ерекше көзқарас әуелден бар. Бұл жерде Батыс авторларындай табиғатқа жай ғана поэтикалық сүйсіну емес, табиғатпен толықтай бірігіп, онымен біртұтас болуға ұмтылыс жайлы жиі айтылады. (Осы орайда ойымызға М.Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айыр бастайын...» дейтін өлеңі оралды. Бұл да қоғамнан, айнала төңірегінен, заманынан шаршаған, қажыған ақынның ішкі аңсар, бұлқынысының поэзияға айналған түрі болар) Ағашқа айналу идеясы қытай, жапон, кәріс поэзиясындағы көрініс табуы соншалықты сұлу сомдалғанымен, ағашқа айналар Йоң Хэні сипаттағанда, ойымызға саналы түрде аскетизмді таңдаған дана әйел емес, отыз келіге дейін арықтаған, төсекке байлап, түтік арқылы тамақтандырмаса өліп кететін дәрежеге жеткен, әбден азап шеккен әйел оралады.
Шығарманың өн бойы, жазушының көркемдік кеңістігі нәзік, әдетте елеп-ескермейтін ұсақ детальдарға тұнып тұр. Әсіресе бас кейіпкердің түстері мен балалық шағынан қалған естеліктеріне автор үлкен жүк артқан. Кейіпкерлерінің болмысын жасауда тым қарабайыр, кейде, тіпті жұпыны көрінетіні де автордың өз кейіпкерлеріне романтикалық сипат беруден қашқақтап, мейлінше шынайы, қоспасыз жазуды қалағанынан болар. Автор өз шығармаларындағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне түсініктеме беріп, оларды не ақтап, не даттап жатпайды. Романда эмпатия басым. Қай кейіпкердің де өзіне тән шындығы бар. Жазушылық бейтараптық, эмпатия деген де шығарманың бәсін арттырар бір артықшылық десек, бұл тұрғыдан келгенде қаламгер шығармашылығының әлемдік әдебиетте бәсі жоғары болуы осы себепті болса керек.
Үш тарауын үш түрлі кейіпкердің атынан баяндап, бас кейіпкердің арпалысын үш адамның ішкі күйі арқылы беруі – қаламгер шеберлігіне баладық. Мұндай композициялық тәсіл романға көп дауысты сипат беріп, кейіпкерлердің өзіндік таным, көзқарасы арқылы оқырманға оқиғаның түрлі аспектілерін ашады. «Менің романдарым адамзат қайғысын зерделейді» деп жазған бірде Хан Ган. Оның ойынша, оқырман бұл уақиғаны ақпарат түрінде оқып қана қоймай, кейіпкерлердің қайғысын өз қайғысындай сезінгендері дұрыс. Романның этикалық масштабы цензура таңған ұжымдық амнезияға қарсы әрекет етеді. «Онда тірілер – өлілермен, қазіргі шақ – өткен шақпен, ес пен жад – цензурамен, сөз – тіл жеткізгісіз зорлық-зомбылықпен текетіреседі» дейді автор. Жазушының рөлі – ең, ең, ең «айтуға болмайды» деген жайттың өзін еске түсіру, жұртқа жеткізу. Жалпыадамзаттың қасіреті жайлы қаламгер тіл қатқысы келеді. Тіпті кішкентай фрагмент әлде болмашы деталь түрінде болса да... Тіпті үнсіздік формасында да... Тіпті адамзаттан үміт үзген сәттерде де. Хан Гаңға Нобель сыйлығын әперген де оның қаламгер ретіндегі осы мықтылығы шығар.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ