Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:51

Қоғам қайраткері Оразалы Ержанов қамауға алынды

Оразалы Ержанов
Фото: ашық дереккөз

 Белгілі қоғам қайраткері Оразалы Ержановтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы ҚазТаг хабарлады. 

«Жұбайының айтуынша, Оразалы Ержановты түнде алып кеткен, тінту жүргізілген. 10 тәулікке қамауға алынған. Себебі әзірге белгісіз», – деп жазды бейсенбі күні журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қоғам белсендісінің ұсталғанын Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы да хабарлады.

«Алматыда Оразалы Ержановтың ұсталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі жетекшісі. Ұйым елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға жәрдемдеседі. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы, Халық банкінің төраға орынбасары, KEGOC вице-президенті, «Наурыз банкі» басқарма төрағасы қызметтерін атқарған», – делінген хабарламада.

Әзірге қамауға алуға не себеп болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда Ержанов жаңа Конституция жобасын және референдумды жедел өткізуді сынағандардың қатарында болғаны атап өтіледі.

Еске салсақ, 4 ақпанда журналистер Дина Елгезек пен Жалғас Ертай Конституция жобасын сынағаннан кейін полиция тарапынан қызығушылық болғанын мәлімдеген. 22 ақпанда Астана тұрғыны Кантемир Алмышевтің Конституцияға өзгерістер енгізуді ашық сынағаны үшін қамауға алынғаны белгілі болды.

1 ақпанда белгілі адвокат әрі құқық қорғаушы Айман Умарова жаңа Конституция жобасын қатаң сынға алған болатын. Ол жобадағы БАҚ-қа қатысты нормалар қабылданса, журналистерге қысым күшеюі мүмкін екенін айтқан.