Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Қоғам құрбаны – Войцек

1
Фото: teatral-online

Немістің көрнекті драматургі Георг Бюхнер өзінің қысқа ғана ғұмырын поэзия мен драматургияға арнап, адам табиғаты мен жанын зерттеуге бағыттаған күрделі тұлға. «Войцек» – Бюхнердің соңғы әрі аяқталмай қалған драмасы, бірақ, дәл осы шығарма оның есімін әлем әдебиетінде өшпестей етіп қалдырды.

 Драма деректі оқиғаға негізделген, яғни, XIX ғасырдың басында өмір сүрген Йохан Кристоф Войцек есімді неміс солдаты өз сүйіктісін қызғаныштан өлтіреді. Бюхнер бұл оқиғаны жай қылмыс деп емес, оның психологиялық ауытқуы және әлеуметтік қысымның кесірінен туындаған әрекет деп жеткізді.

Осы аталмыш шығарманы Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының Қазақ музыкалық-драма театры сәтті сахналады. Қойылым режиссері Мейрам Хабибуллин пьесаға жаңа интерпретациямен келіп, классикалық мәтінді заманауи көзқараспен тоғыстырғанын байқатты. Спектакль камералық формада қойылған, өз кезегінде, бұл актер мен көрермен арасындағы арақашықтықты барынша қысқартады.

Войцек рөлін актер Нұржан Бейсбеков ойнайды. Оның ойын өрнегінде психологиялық арпалыс пен өмір бар. Ол кейіпкерін жай бейнелемейді, сол адамның ішкі арпалысында өмір сүреді. Режиссер М.Хабибуллиннің де ұтымды шешімі сонда, рөл бекітер сәтте актерді тани алуы, фактурасы мен тіл тазалығына аса мән беріп, образдың толық ашылуына ықпал жасауы. Спектакльдің бастапқы сахнасы – киімдер ілініп тұрған гардероб кеңістігінен басталады. Бұл көрініс бір қарағанда қарапайым болғанымен, оның астарында үлкен мән мен мағына бар. Войцек пен Марияның ішкі психологиясы мен махаббаттағы күйзелісін киімнің шешіліп, қайта киілуі арқылы режиссер көркем түрде бейнелеген. Мария рөлін актриса Гүлдер Сейткенова ойнайды. Қазіргі жас буын актрисалар арасында героиня, яғни, таланты мен сұлулығы қатар жүретін бейнелер сирек кездеседі. Дегенмен сахна эстетикасына өзіндік рең беріп, әйел жанының терең иірімдерін жеткізе алатын муза актрисалар әлі де бар, соның бірі – Гүлдер Сейткенова. Оның Мариясы – қызғаныш сезімін туғызатындай тартымды да сүйкімді, әрі нәзік әйел.

Спектакльде үш желі қатар дамиды, біріншісі – махаббат. Мария мен Войцектің арасындағы қиын да күрделі жарақатқа (травмаға) толы сезім. Режиссер бұл күйді түтінге оранған сахна бейнесі арқылы шешеді. Жұптың аяқтары бір сәт түйісіп, қайта ажырауы көріністің мағынасын аша түсті. Бұл режиссерлік шешім екі мағынадаоқылады: бірі – Марияның аяныш сезімінен туған тән жақындығы, екіншісі – әрдайым тербелісте, тұрақсыз күйде қалатын қарым-қатынас. Сүйгені Марияның Тамбурмажормен көңіл жарастырады деп қорқуы, қызғаныш сезімінен өртенуі, соңында өз әйелін өлтіруге итермеледі. Тамбурмажорды ойнаған артист – Ардақ Жарқынбеков. Өзінің ақсүйектік болмысымен, сахналық фактурасымен, кәстөмдік ерекшелігімен көзге түсті. Режиссердің шешімі де ерекше, кейіпкерлер өз сахнасының соңында биіктен төменге өзін тастап жібереді. Бұл әрекет символдық тұрғыда рухани құлдыраудың, өлімнің көрінісі. Әрине, актер үшін мұндай шешім қауіпсіздік тұрғысынан қиын, бірақ дәл осындай физикалық қозғалыс режиссердің ізденісінің көрінісі. Сол сәттерді байқасақ, Ардақ Жарқынбеков сахнаны ерекше сенімділікпен шынайы орындаған.

Қойылымда тоқтаусыз жалғасқан екінші желі – Войцекке доктор жасайтын эксперименті мен капитанның жасайтын өктемдігі. Доктор бейнесін сомдаған Мәди Сәденов – өзгеше энергиясы мен харизмасы бар актер. Ол шығармадағы салқын кейіпкерді жаңа қырынан танытып, көрерменнің көзқарасын өзгерте білді. Және тәжірибені жаны сүйетін, сол үшін құрбандарды аямайтынына дәлел ретінде тағы бір қосалқы кейіпкерді мысал келтіре аламыз, ол – Андрес. Бұл рөлді сәтті әрі сенімді алып шыққан актер Кенжетай Әбілдин. Ол Войцектің қызметтесі, қоғамға көндіккен, көптің біріне айналған шаруаны ойнайды. Автор бұл екі кейіпкерді қарама-қайшылықпен суреттеген. Ал Андрес бейнесі – қоғамның ықпалына мойынсұнып, өзін жоғалтқан адамның көрінісі. Режиссерлік шешімдердің ұтымдылығы сонда, Андрес бейнесі арқылы спектакль адам табиғатының екі шегін – қарсылық пен мойынсұнуды айқын ажыратып көрсетеді. Сондай бір тіршіліктің озбырлығын бейнелеуге тырысқан кейіпкер – капитан. Бейнені сомдаушы – Нұрлыхан Файзиев. Режиссер заман қатқылдығы мен суықтықтығын, қоғамның әділетсіздігін, биліктің өктемдігін осы образ арқылы көрсетуге тырысты. Дегенмен актерлік орындауда кей тұстарда образдың ішкі күйін толық аңғару жетіспей қалды. Себебі капитанның Войцекке не айтқысы келетіні, ол арқылы қандай нәтижеге жетуді көздейтіні сахнада толық ашылмайды. Кейіпкерлердің барлық дерлік образдарының мақсаты бар, тек осы бейненің түпкі ойы айқындалмай қалғанын айта кету керек.

Қойылымның соңғы әрі маңызды желісі– Войцектің психологиялық күйзелісі. Сүйгенінің бай еркектің соңынан еруі, капитанның өктемдігі, темірдей тәртіп пен шектеудің астында өмір сүру – мұның бәрі оның жан әлемін тұншықтырып, біртіндеп қараңғылыққа батырады. Режиссер көрерменді Войцекпен бірге осы рухани тозаққа енгізеді, сахнадағы кеңістік, жарықтың өзгерісі, музыкалық бояулар барлығы кейіпкердің ішкі дауысын естіртетін құралға айналған. Біз оның уайымын сырттай бақылаушы емес, онымен бірге күйзеліс толқынында отырған серіктес болдық.

Ұлпан Шеріхан,

театртанушы

Тегтер: