Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:35, 08 Сәуір 2025

Қоғам мұндай арандатушылыққа бей-жай қарамау қажет

Асылбек Қараев
Фото: Жас Алаш

Иманғали Тасмағамбетовті біреу жақтайды, біреу жақтамайды. Бұл әркімнің жеке мәселесі. Ал оны ақтау үшін қазақ халқының бір бөлігіне күйе жағып, қаралау дұрыс емес. Халықты «оралман», «қандас» немесе «қытайлық», «өзбекстандық» деп бөлу – қазақ қоғамының арандатушылыққа түсіп қалғанының белгісі. Бұл жерде биліктің «бір-біріне айдап сал да билей бер» ұстанымы жемісін беріп отыр.

Сәуле деген кісінің әлеуметтік желіде халықты арандататын жазба жазып отырғаны үлкен қателік. Бір топ азаматымызды бөліп алып, кемсіту – сауатсыздық па, тарихты білмеу ме, әлде арандату әрекеті ме, білмедім. Керек болса, бұл кісіні азаматтар арасында араздық туғызып жатыр деп қылмыстық жауапкершілікке де тартуға болады.

Сәуле ханымның жазбасын мағынасы жоқ, өзінің жан дүниесі ғана жек көретін қандастарымызға қаратылған ішіндегі өкпесі, реніші деп білуге болады. Заң жағынан алып қарасақ, конституциядағы ең үлкен құндылығымыз – сөз бостандығы, ой еркіндігі. Бұл кісі азаматтардың осы құқығын өрескел бұзып отыр. Сонда азаматтар қай жақтан келгеніне қарап, пікір айтуы керек пе? Тіпті қылмыс жасап, түрмеде отырған адамдарды да кемсітуге болмайды. Олар да ҚР азаматы. Демек ел азаматтарын бұлай бөліп-жаруға болмайды. Тіпті бұл әрекетті Қылмыстық кодекстің 174-бабына (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық алауыздық туғызу) жатқызуға болады.

Егер Сәуле ханым журналист, блогер деген аты бар адам болса, бұл жазбасы оның кәсіби деңгейіне күмән туғызады. Осы тұрғыдан да жауапқа тартуға болады. Өйткені ол мемлекетіміздің саясатына нұқсан келтіретін өсек-аяң, ғайбат таратып отыр. Оны қалай жауапқа тартуға болады?

Біріншіден, жазбада бірнеше адамның атын атаған. Бірақ не үшін екені белгісіз, адам атын кіші әріппен жазыпты. Журналист болса, мұның сауатсыздық екенін білуі керек еді. Міне, осында аты аталған кісілер оны сотқа берсе болады.

Екіншіден, бұл жазбада жалпы Қытайдан келген қандастарды мұқатып отыр. Демек қандастар ұйымы деген сияқты бірлестік, топтар болса, «Қытайдан келгендер алаяқ, екіжүзді, арам» деген сөздері үшін сотқа беріп, жауапкершілікке тартуға болады.

Үшіншіден, мемлекеттік деңгейде де жұмыс істеуге болады. Мысалы, Сәуле ханым журналистер одағына мүше болса, сол одақ мұндай жазба жазғаны үшін оның кәсіби этикасына байланысты мәселе көтерсе болады. Оның үстіне қазір мемлекет блогерлер жұмысына бақылау енгізіп жатыр. Сол тұрғыдан да белгілі бір жауапкершілік қарастыруға болады.

Жазбасына қарағанда бұл кісі билік тарапынан қаржы алып, солардың саясатын жүргізетін, саяси құрал болып жүрген азамат сияқты. Қоғам мұндай әрекетке наразылық танытуы қажет. Біздің қоғам нені болса да бойына сіңіре беретін «губка» сияқты. Өзге ұлттардың, жат діни ағымдардың арандатуын сіңіріп жатырмыз. Оған қарсы тұратын мемлекеттік құрал жұмыс істеп тұрған жоқ. Кейде халықтың ауызбіршілігін кетіру үшін Сәуле ханым сияқты азаматтардың осындай жазба жазуына әдейі рұқсат беріле ме деп ойлаймын.

Мемлекеттік басқару механизмінде мұндайға жауапты мекемелер бар. Ақпарат қауіпсіздігіне жауап беретін, ішкі-сыртқы саясатты қадағалайтын органдар мұндайға баса мән беру керек деп есептеймін. Қоғам осындай кез келген заңсыз әрекетке алаңдап, дұрыс-бұрыстығына баға беріп, мінез көрсететін болсақ қана оң нәтиже шығады. Сәуле сияқты азаматтар да келесіде ойланып сөйлейді.

Ал заңдық тұрғыдан емес, жеке азамат ретінде айтатын болсам, шетелден келген қандастардың Қазақстанға пайдасы көп болды. Ұлттық мәселелер мен тіл проблемасының оң бағытқа бет алуына септігін тигізді. Бірақ қазір қоғамда шеттен келген ағайынды бөлетін, шеттететін жағдайлар кейінгі кезде көбейіп келеді. Сырттан келген соң Қазақстанның заңын сыйлаңдар деген әңгіме айтыла бастады. Тіпті ел президентінің өзі Шерзат ісіне қатысты қандастарға белгілі ескерту айтқандай болды. Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Мұның бәрі елдің тұтастығына, ауызбіршілігіне қауіп төндіреді. Сондықтан қоғам мұндайға бейжай қарамауы қажет.

Асылбек Қараев, заңгер