Қоғамдық орындарда енді тегін Wi-Fi пайдалана аласыз
Қазір Wi-Fi желісіне деген сұраныс өте жоғары. Тіпті онсыз өмір сүре алмайтын заманға жеттік. Wi-Fi – ағылшын тілінен аударғанда «сымсыз нүкте» деген ұғымды білдіреді.
Ол әлемнің барлық елінде бірдей жұмыс істейді. Қазір ғаламторға кабельсіз ену нүктесі көптеген мекеме-ұйымдарда қолданысқа енгізілген.
Жалпы, Wi-Fi алғаш рет 1991 жылы Нидерландыда ойлап табылған. Алғашқы кезде кассалық қызмет көрсету жүйелеріне арнап жасалған қондырғы нарыққа WaveLAN маркасымен шыққан. Ал қазір ол өміріміздің барлық саласына еніп, жұмыста, үйде, қоғамдық көлікте, тамақтану орындарында, тіпті аялдама мен саябақтарда қойылатын болды.
Сондай-ақ кей өңірдің әкімшілігі әлеуметтік орындарға тегін Wi-Fi желісін орнатуды қолға алды. Атап айтқанда, еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласында осындай игі іс жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тұрғындарға заманауи технологияларды пайдалануға қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желісімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр қаладағы 20 қоғамдық орынға 55 Wi-Fi құрылғысы орнатылған болатын. Қазір қосымша тағы 5 қоғамдық орынға 15 Wi-Fi құрылғысы орнатылып, жалпы саны 70 Wi-Fi құрылғысы іске қосылды», – деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мұндай тегін Wi-Fi желілері мегаполистегі саябақтарда, алаңдарда, мәдени орталықтарда және басқа да орындарда интернетке қосылып, қажетті ақпаратты жылдам алуға, жұмыс істеуге, білім алуға немесе әлеуметтік желілерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, тегін Wi-Fi желісі мегаполистегі Бәйдібек би алаңына, әкімдік маңына, аэропортқа, Дендросаябаққа, Нұрсат аллеясына, Назарбеков көшесіндегі гүлзарға орнатылды.
Тағы бір айта кетерлігі, қала тұрғындары үшін 2GIS қосымшасына арнайы бөлім енгізілді. Аталған бөлімнен жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, олардың орналасқан жері және қаладағы тегін Wi-Fi желілері туралы толық ақпарат алуға болады.
Мұндай жаңа технологиялар мегаполис тұрғындарының қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуін жеңілдетіп, қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға оң әсер етеді деген сенім бар.
Бірақ қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында мегаполис тұрғындары пікір жазып, Wi-Fi желісін көшеге орнатқаннан гөрі мектеп пен ауруханаға қою әлдеқайда тиімді екенін жазып жатыр. Әрине, еліміздегі кей өңірде мұндай кемшіліктер бар екені рас. Мұғалімдердің сабақ барысында өзінің интернет желісін пайдаланатыны жайлы айтылады. Бірақ елдің үшінші мегаполисінде мұндай мәселе тез шешімін табуы керек.
Өткен аптада Шымкент қаласында осы цифрландыру бойынша тағы бір маңызды іс-шара өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Shymkent Hub өңірлік технопаркінің ашылуына қатысты.
«Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті өркендету, стартап-мәдениетті қалыптастыру, IT-саланы және цифрлық білім беруді дамыту. Ашылу салтанаты аясында IT-стартаптардың, IT-компаниялардың, робототехника мектебінің, Tech Orda бағдарламасына қатысушы IT-мектептердің және Шымкент қаласы инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды», – деп жазды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жоспар бойынша Shymkent Hub білім беру және инкубациялық бағдарламаларды іске асыруға арналған платформа болады. Оның аумағында IT-қоғамдастықтың қалыптасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өтеді деген болжам бар.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтуді тапсырған. Сол тапсырма аясында Shymkent Hub сияқты жобалар жүзеге асып жатыр. Мұндай стартап-жобалар өңірде кәсіпкерлік негізін қалыптастырып, инвестиция тартуға оң әсер етеді деген сенім бар.
Еламан Өмірхан
Шымкент қаласы