Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:28, 23 Шілде 2024

Қоғамдық талқылау – қолдау акциясы емес, Сәтқалиев мырза!

Алмасадам Сәтқалиев

Қазақстанда атом электр станциясын салу жөнінде қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Энергетика министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, осы айдың басынан бері бес облыста жария талқылау өткен.

 Шенділер мұндай жиынның мақсаты халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу екенін айтады. Бірақ көпшілік оның ашық талқылаудан гөрі көзбояу шарасына көбірек ұқсайтынын айтып жүр.

Ең алдымен, қоғамдық талқылау өтетіні жайлы ақпарат жұрт құлағына кешігіп жетеді. Кейде халық мұндай жиынның өтетінін білмей де қалады. Салдарынан талқылауға көп адам қатыса алмайды, ал олардың орнын мемлекеттік қызметкерлер және биліктің арнайы тізіміне енген адамдар басады.

Екіншіден, жиналыста сөз алған спикерлер АЭС-ты жан-жақты саралап, пайда-зиянын түсіндірмейді. Тек бас-көзсіз мақтауға әуес. Олардың сөзінен «АЭС-ты қалай да саламыз, қарсы болудан пайда жоқ» деген емеурін есіп тұрады. Мысалы, министрлік өкілдері презентацияда атом энергиясын пайдаланып отырған 30-дан аса елді айтқанымен, АЭС-і жоқ жүздеген мемлекет жайлы жақ ашпайды. АЭС-тың арқасында электр энергиясы бойынша басқа елге тәуелділіктен құтылатынымызды алға тартқанымен, стратегиялық тұрғыда өзге елге тәуелді болатынымызды «ұмыт» қалдырады.

Үшіншіден, билік бұл жобаға халықтың көп бөлігі қарсы болып отырғанын мойындамайды. Қоғамдық талқылауға қатысқан бірен-саран белсенді азаматтың уәжін елеусіз қалдыруға тырысады. Энергетика министрлігі ресми сайтында облыстарда ашық талқылау өткенін хабарлағанымен, жиында қарсы пікір айтылғанын жазбайтынын байқадық. Мысалы, министрлік сайтында 18 шілдеде Оралда қоғамдық талқылау өткені жайлы ақпарат тұр. Бірақ онда АЭС-ты жақтай сөйлеген екі тұрғынның пікірін ғана жариялаған, ал жобаның болашағына күдікпен қараған жұрттың сөзі ескерусіз қалыпты.

Ең қызығы, мұндай алалау мемлекеттік БАҚ-тан да байқалады. Ірі телеарналар халықтың біршама бөлігі АЭС-ке қарсы екенін жасырып, жақтаушыларды көбірек көрсетеді. Сол үшін көпшілік наразылығын әлеуметтік желіде жазуға мәжбүр. Біз бірнеше өңірдегі белсенділермен сөйлесіп, жария талқылау қалай өткенін сұрадық.

«Атырауда АЭС салу туралы жария талқылау өткенін БАҚ-тан білдім. Жиналыс өтетінін оған дейін естімедік. Видеодан байқағаным, талқылау Атырау мұнай және газ университетінде өткен сияқты. Өйткені сол оқу орнының қызметкерлері сөйлеп жатыр. Ал отырғандар үкіметтік ұйым өкілдері сияқты, одан бөлек, кимешек киген әжелер отыр. Соған қарағанда қаладағы әжелер клубы мен жергілікті қоғамдық бірлестік өкілдерін шақырған. Атыраудағы жиын маған қоғамдық талқылаудан гөрі қолдау шарасы сияқты көрінді, оған сала мамандары шақырылды ма, жоқ па, оны да анық білмеймін. Менің ойымша, мұндай қоғамдық маңызы бар жиын өтетіні жайлы бірер апта бұрын хабарлау керек еді. Бірақ бізге ешбір ақпарат жеткен жоқ. Осының өзі күмәнді болып отыр.

Өзім инженермін, АЭС салуға түпкілікті қарсы емеспін. Бірақ оны кім салады, қалай салады деген сұрақ туындайды. Егер жобаға Ресей араласса, оның болашағы сәл күмәнді. Оның үстіне еліміздегі жемқорлық мәселесі де күдік тудырады. Елде энергия тапшылығы бар екені рас, соны есепке алғанда АЭС салу дұрыс та. Бірақ дұрыс жұмысты дұрыс істеу деген мәселе бар, осыны ескергенде қауіптенетініміз анық», – дейді атыраулық белсенді Сырым Жақсылықов.

Оралда да осындай жағдай болғанын жергілікті жұрт айтып жүр. «Талқылау емес, театрланған қойылым болды» деп күйінді Азамат есімді тұрғын. Ал Бауыржан есімді азамат жиналыста адам көп болғанын, бірақ оның көбі мемлекеттік қызметкер екенін байқағанын айтты. Ал Қарағандыда жиынға барып, «мәселе 100 пайыз шешілген, несін тыңдап отырсыңдар?» деп айғайлаған белсендіні ұйымдастырушылар сыртқа сүйреп шығарыпты.

Талқылау – қойылым болды, референдум қалай болады?

Биыл күзде Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өтеді. Нақты уақыты қазірше белгісіз. Әр өңірдегі қоғамдық талқылаулардың бірдей сценарий бойынша өтіп жатқанына қарап, көпшілік референдумның әділ өтетіне сенбей отыр. Сарапшылар билік АЭС салуға шындап бекінген, ашық талқылауда қоғам пікірін басып-жаншығаны сияқты референдумда халық дауысын бұрмалауы мүмкін деп санайды.

Шенділер АЭС-ке қатысты түпкілікті шешімді халық қабылдайтынын айтып жүр. Бірақ қазіргі әрекеттері халықтан бұрын өздері шешім шығарып қойғанға меңзейді. Егер бәрін көптің еркіне салғысы келсе, қоғамдық талқылауды ашық өткізіп, әртүрлі пікірге құлақ асар еді. Бірақ бәрі керісінше болып отыр.

Халық қанша қарсы болса да, референдум нәтижесіне әсер ете алмауы мүмкін. Өйткені біздің елде сайлау қалай өтетіні, дауыс қалай саналатыны бәрімізге белгілі. Биліктің қалауына қарай сайлау бәсекесінің сақасы бүк те, шік те түсуі мүмкін. Сол үшін жұрт референдумды күтпей, ертерек наразылық танытып жатыр.

АЭС салуға білек сыбана кірісіп кеткендердің бірі – энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Самұрық-қазына» АҚ-ны басқарып тұрған кездің өзінде «АЭС салу керек» деп ашық мәлімдеген. Министр болғалы тіпті белсеніп кетті, қыза келе «бір ғана АЭС салумен тоқтамаймыз, елдің солтүстігіне, оңтүстігіне және батысына кемінде үш атом электр станциясын саламыз, атом энергетикасын дамытамыз» деп жар салып жүр.

Оның айтуынша, қазақстандықтар атом энергетикасына есі кете қызығып отыр, ал оған лоббистік топтар ғана қарсы. «Халық қызығушылық танытады, нақты қолдауды көріп отырмыз. Алайда лоббистік топтар бар, олар белгілі бір нәрсені болдырмауды мақсат етеді» дейді министр. Сәтқалиев мұндай тактиканы әріптесі Қанат Шарлапаевтан үйренген сияқты. Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі утильалымына қарсы 50 мың адамды «алыпсатарлар» деп атаған еді. Екі министр бірінің аузына бірі түкіргендей, қара орман халықтың басым үнін бұрмалап, бұра тартып отыр. Осының өзі қазақ билігінің халықпен санаспайтынын білдірсе керек.

АЭС-тен шынымен қауіп жоқ па?

Сәтқалиев тағы бір сөзінде атом энергиясын жасыл энергия деп атап, оның қоршаған ортаға зияны жоқ, қауіпсіз жоба екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, ядролық қондырғысы бар елдер қазір АЭС пайдалануға арналған жаңа технологияға ие. Демек, апат қаупі төмен. Бірақ сарапшылар атом энергиясы жасыл энергия емес екенін, қоршаған ортаға да, адам өміріне де қауіпті екенін айтады. Оның үстіне, АЭС салу құны да, ол өндірген электр бағасы да қымбат.

Энергетик мамандар ядролық технология ескірген, ол өткен ғасырдың қойнауында қалуы керек деп санайды. Өйткені кез келген атом технологиясы көп мөлшерде ұзақ өмір сүретін радиоактивті қалдық шығарады. Ал ол қоршаған ортаға өте зиян, оны шығармай ұстап тұру мол қаржыны талап етеді.

Қазақстан билігі АЭС салуға шамамен 12 миллиард доллар жұмсағалы отыр. Мамандар пікірінше, бұл қаржыға сүйеніп, баламалы энергия өндірісін екі есе дамытуға болады. Мысалы, Қазақстанда күн электр станциясында электр энергиясының бір киловат-сағаты 14 теңге болады. Ал атом электр станциясында бұл баға шамамен 60 теңгеге жетеді. Демек, ол күн электр станциясынан 4 есе қымбат.

Халықты қорқытатын басты мәселе – АЭС-те апат болу қаупі. Адамзат тарихында АЭС жарылып, ауыр апат болған кездер бар. Бірақ шенділер қазір технология жаңа, станцияның жарылу мүмкіндігі төмен деп санайды. Тіпті оған «бейбіт атом» деп ат қойып алған. Ал энергетик мамандар атомның бұл түрі 50 пайыз ғана қауіпсіз екенін айтады. Яғни ешкім апат болмайды деп кепілдік бере алмайды.

Билік АЭС-ты кім салатынын айтуға әлі ерте деп санайды. Мұны референдумнан кейін шешеміз деп отыр. Бұған дейін Сәтқалиев үміткерлер қатарында ресейлік «Росатом», франциялық EDF және Оңтүстік Корея мен Қытай компаниялары бар екенін айтқан. Олардың арасынан таңдау қалай жасалатыны да белгісіз. Биліктің бүйрегі ресейліктерге бұрып кету қаупі жоқ емес, өйткені Астананың Мәскеуге «махаббатпен» қарайтыны жасырын емес. Бұл да халықтың наразылығын үдетіп отыр.

Бірақ АЭС-ты қай ел салса да, оның «кілтін» бізге бермеуі мүмкін. Оның үстіне көпшілік елімізде күрделі нысанды игеріп кете алатын мамандардың барына сенбейді. Ядролық физика институтына хабарласып, осы жайлы сұрадық. Ондағы қызметкерлер АЭС салынса, оны басқара алатын мамандар өзімізде жеткілікті екенін айтты.

АЭС – тағдыры референдум арқылы шешілгелі отырған үлкен мәселе. Соған қарамастан шенділер оны ескі әдіспен, бұлыңғыр жолмен шешкелі отыр. Ескі Қазақстанда KEGOC-ты басқарып, жаңа Қазақстанда министр болған Сәтқалиев елде энергия көзі тапшы екенін біледі. Бірақ оны өтірікке құрылған ескі жүйенің жолымен емес, халықпен санаса отырып, тиімді жолмен шешу туралы ойламайтын сияқты.

Қуаныш Қаппас