«Жақсылығыңды бұлдау мен ұялудың арасы»
Арман Әлменбет, жазушы:
Жасаған жақсылығыңды бұлдау деген о бастан соны есеппен істегеніңді көрсететін, өзіңнің есепқой қу екеніңді әшкерелейтін дүние болса керек.
Мен бір әулетті білемін. Екі ағайынды жігіт бір-біріне бітпейтін реніші бар. Ол ренішке отын салып, уағымен көсеп отыратын – әйелдері. Сондағы екі жақтың да айтатыны өздерінің істеген жақсылығы. Кезінде өйттім, кезінде бүйттім дейді. Екеуінің де бір-біріне қадірі өткен рас нәрсе. Бірақ соны әрқайсы өзі айтпай, екіншісі айтса, қандай керемет болар еді? Яғни ағасы інісінің жақсылығын айтса, інісі ағасының жақсылығын айтса, абысындар да осы жолды ұстанса, әулеттің берекесі кірер еді-ау.
Осыдан он жыл бұрын ақын Гүлнәр Салықбай маған бір жоба алып берді. Сценарист-редактор ретінде бір бағдарламаның бір жылдық түсірілімі мен шығарылымын қарайтын болдым. Содан біраз бұрын сол компанияға резюме тастап кеткенмін. Басшылары хабарласқанда сол резюмені көріп хабарласқан екен деп ойлаппын. Телеарнаның ғимаратында Гүлнәр апайымызды көріп жүрдім, бірақ ол кісі маған ештеңе деген жоқ. Кейін, әбден уақыт өтіп, жобамыз аяқталатын кезде әлгі жекеменшік компанияның басшысы «Біз сені Гүлнәр Салықбай айтқан соң алдық» дейді (Резюмем көп резюменің арасынан ешқашан шықпаған да екен). Сөйтсем бұл кісілер мәтін жазатын дұрыс адам таба алмай, сол кездегі бас редактор Гүлнәр Салықбайдан өте алмай қойыпты. Кім жазса да, ол кісінің көңілінен шықпай қойған. Ақырында осындай жас жігіт бар, соған жазғызыңдар, сонда қабылдаймын депті. Мен оны ол кезде білмеймін. Солай істедім деп Гүлнәр апайым да ешқашан айтқан емес. Менің ойымша, адамгершілік, ірілік деген – осы.
Кейінгі уақытта жыл соңына қарай өзінің суретін қойып, жыл бойы не бітіргенін әлеуметтік желіге жазатын дәстүр пайда болды. Онымен қоса, жыл соңын күтпей де ананы бітірдім, мынаны осылай қылдым деп жазып отырады. «Қоғамда бағаланбай жүрген кім бар» деп біреу сауалнама тастаса, астына «мен» деп жазып кеткен кісілер де бар. Бұндайды көбіне қалада өскен, орысша оқыған адамдар айтады. Бара-бара баяғы қазақылық, ұяңдық қалып барады. Еуропаның стандарттарын қабылдап, соларша киініп, соларша кофе ішіп, соларша жүрген сайын бәріміз де солай бола бастайтын түріміз бар. Ақыры ауылда тұрмаймыз, мал бақпаймыз, енді өзге әрекеттеріміз де солай бола бастауы заңды шығар.
Жалпы қоғамға сіңірген еңбегін айту қос Мұхтардан басталды ма деймін. Мағауин мен Шаханов. Біреуі «Менді» жазды, екіншісі біз білгелі сұхбаттарында, кездесулерінде істеген шаруаларын қайталап айтып жүреді.
Өзім де бір бітірген ісімді қайта-қайта айта беремін. Ол «Сөзтүзер» деген атпен шыққан кітаптың идеясын о баста мен ұсынғаным туралы. Жарық көргенде идея авторы Дәурен Абаев деп шықты. «Осы жобаны қолдасам, маған не пайда» дейтін бір логика болады-ау деймін ондай адамдарда. Мейлі ғой, жарайды ғой. Бірақ содан екі жыл бұрын мені қабылдап, оңашада ойымды тыңдап алып, одан кейін танымайтын адамша ұмытып кетіп, о бастан шынымен өзі ойлап шығарғандай балпаң басып жүріп, «мені тыңдамағанда қайда барасыңдар» дегендей сыбыр-сыбыр етіп сөйлеп, кітапты таныстырғаны, Өтежан марқұм айтқандай, адамды «нервіштеткізеді» екен.
Біреуді асыра мақтау, енді біреуді елемей қою – адамды ашындыратын екі әдіс қой. Жік-жікке, ру-руға, жүз-жүзге бөлініп алған біздің зиялылар осы екі әдісті әдемі меңгерген. Тәуелсіз боламын, әрі осы өмірден өзімнің орнымды аламын дейтін адамға мықты жүйке керек. Және де сондайлар бірін-бірі қолдап жүргені жөн.
Мемлекеттің марапаттау технологиясы да осылай жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары марапаттың түрі көбейіп кетті. Бір адам лайықсыз марапатталса, жарайды, оның үйінде қуаныш болар, қазан көтерілер. Ал сол саладағы нағыз лайықты адам ақырындап оппозиционерге айнала бастайтынын біздің өкімет түсінбейді-ау деймін осы.
Осындай-осындай жайттардан кейін әркімге өзін-өзі мақтау, қай жағынан алып қарасақ та, заңды бола бастайтын секілді. Тек жоғарыда айтылған Гүлнәр Салықбайдың мысалын еске алғанда ұялуға тура келетіні болмаса.