Көк базардағы қазақ тілі
«Алмалы» ауданы бойынша Мақатаев көшесіндегі жарнамалар мен маңдайша жазулар жиналып, талдауға алынды.
Мақатаев көшесі Алмалы ауданына ғана тән көше: көшенің басы аудан басталғанда басталып, 3/2 бөлігіне дейін созылып жатыр.
Ұзындығы 4 шақырымға жетеді. Мақатаев көшесінде Көк базар, «Рахат» кондитерлік фабрикасы, «Жетісу» аяқ киім фабрикасы, қойма дәріханалар, екі сауда орталығы, бизнес орталықтар мен көптеген дүкен, сауда-саттық пен қызмет орталықтары орналасқан.
Жарнама жинау үшін көше бастан-аяқ түгел қаралып, суретке түсірілді. Барлығы 259 жарнама мен маңдайша жазуы жиналды. Бұған маңдай жазулары, бильборд пен аялдама жарнамалары, жылжымалы ролик жарнамалары кіреді. Жарнамалардың тілдік көрініс статистикасын 1-кестесінен көруге болады.
1-кесте. Мақатаев көшесінен жиналған жарнаманың тілдік көрінісі, саны және үлес салмағы (%)
Жоғарыдағы кестеден байқағанымыздай, маңдайша жазу мен жарнаманың көпшілігі екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Маңдайша жазулардың 127-і (69%) – екі тілде, 7-і (7%) – тек қазақша, 48-і (26%) – тек орысша жазылған. Тағы 2-уі (1,1%) – үш тілде жазылған.
Бильборд жарнамалардың 24-і (89%) – екі тілде, 3-і (11%) – қазақша берілген.
Аялдамадағы жарнамалардың 23-і (96%) – екі тілде, 3-і (11%) – қазақша жазылған.
Жылжымалы ролик жарнамалардың 22-і (92%) – екі тілде, 2-і (8%) – тек қазақша берілген екен.
Жарнамаларды түсіріп жинау кезінде мынандай ерекшеліктер байқалды. Бильбордта тек қазақша жазылған жарнамалар – саяси жарнама, мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысты жарнамалар болып шықты.
Тек қана қазақша жазылған маңдайша жазулар – бұл қазақтілді аудиторияға арналған шағын бизнес өкілдері.
Тек қана орыс тілінде маңдайша жазуын жазғандар – сұлулық салондары, барбершоп, құрылыс материалдарын, техникаларды сатушы дүкендер, стоматология, кофехана, назар аудару мен тыйым салу белгілері, нотариус пен ломбардтар болып шықты. Мәселен, сұлулық салоны мен тіс емдеу емханалары маңдайшаға атауды қазақша және орысша жазғанымен, қызмет көрсетудің түрін тек орысша ғана жазған.