Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Көкбай музейі де Саятқораның кебін кимесін десек...

көкбай музейі
Фото: ашық дереккөз

Жақында Семейде, Қарауылда Абай тойы өтті. Алаш баласы Абайды еске алып, айтыскердің тауып айтқан сөзіне тамсанып, бәйгеден келген жүйріктің шабысына сүйсініп, мәре-сәре болып жырғап қалды.

 Дегенмен Қарауылдан небәрі 22 шақырым жердегі Тақырдан мәңгілік тыныс тапқан Көкбай Жанатайұлын, ондағы ақынның музейін тойшыл қауым назардан тыс қалдырған сыңайлы. Билік те мұны қаперіне ілмегендей. Едені опырылып, қабырға сылағы түскен музей ешкімнің көзіне шалынбапты.

«Жас Алашқа» Көкбай ақынның ұрпақтары мен ауыл тұрғындары хабарласып, ақынның музейінің жағдайы мүшкіл екенін жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, музей көп жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген, онда толық штатта істейтін жұмысшы да жоқ. Жарты штатпен бір қызметкер істейді екен, музейдің күзетшісі де, жұмысшысы да сол. Қазір музейдің едені тозып, қабырға сылақтары түсіп, құлайын деп тұр.

Көкбай Жанатайұлының есімі көзі қарақты жұртқа етене таныс. Ол Абайдың ақын шәкірті, сырлас досы. Абай алғашқы өлеңдерін 1896 жылға дейін «Көкбай сөздері» деп жүргізеді. «Дала уалаяты», «Серке» газеттеріне де бірер өлеңін Көкбайдың атынан жариялайды. Абай мен Көкбайдың сыйлас, сырлас достығы Абай қайтыс болғанға дейін 25 жылға жалғасады. Кейіннен Көкбай Абай туралы мәнді, толымды ақынның адами болмысын, мінезін ашатын естелік жазды. М.Әуезовке ақынның өмірі, шығармашылығы туралы құнды деректер айтып берді.

Көкбай музейі
Фото: ашық дереккөз

Сөйткен Көкбайдың музейі 1997 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ауыл белсендісі Нұрлан Төлеутай:

«Шынын айтқанда, Көкбай музейі қазір аса аянышты хлде тұр. Музей 1997 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығына өтті. Оған дейін ауыл тұрғындары өздері қабырғасын тұрғызып, жөндеп, қарап келген. Қазір музей әбден тозды. Қабырға сылақтары түсіп, едендегі тақтайлар да шіріп жатыр. Егер дәл осылай қараусыз тұра берсе қабырғалары құлауы мүмкін. Сондықтан тездетіп, музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау қажет.

Музейде Көкбайдың өз заттары және ауыл тұрғындары өткізген көне жәдігерлер сақталған. Сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығын айғақтайтын құжаттар, ескі газет, кітаптар қойылған. Алайда күтімсіздіктен жәдігерлердің бәрі тозып барады. Жылу болмағандықтан, қыста суиды да күн жылынғанда бұрыш-бұрыш көгеріп, дымданады, мұның бәрі музейдегі жәдігерлерге әсер етеді. Ауылдың белсенді азаматтары биыл музейге ток жеткізді. Алайда мемлекет тарабынан қаржы бөлініп, ең әуелі музейдің жанына шағындау үй салып, штат тағайындап, арнаулы қызметкер қойса, музейдің төңірегін тазалап, ағаш егіп, абаттандырса деген ойымыз бар», – дейді ауыл тұрғыны.

Жалпы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығына қарайтын Абай ауданында бес музей бар. Олар Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музейі, Жидебайдағы Абай музейі, Қарауылдағы Кәмен Оразалин музейі, Құндызды ауылындағы Шәкір Әбенов музейі және Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының музейі. Осы бес музейдің төртеуінде штат бар да, Көкбай музейінде ғана штат жоқ екен.

«Қазір бір жұмысшы жарты штатпен ғана істеп жүр, оның өзін Құндыздыдағы Ш.Әбенов музейінен жырып алып беріп отыр. Жарты штат болған соң түске дейін ғана келеді, тіпті кей күндері келмесе де оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Сондықтан ең әуелі штат мәселесі шешімін табуы керек. Негізі бір музейде музей меңгерушісі, экскурсоводы, жұмысшысы, зал қараушылар секілді кемі бес қызметкер жұмыс істеуі тиіс, сонда ғана толыққанды музей есептелінеді».

Штат демекші, осы жылы көктемде мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Садықов Көкбай музейіне арнайы барып, музейді көзімен көріпті. Содан вице-министр музейде үш құрамды толық штат бөлеміз депті. Вице-министрмен ере келген арнайы мамандар музейді өлшеп, алдағы уақытта реставрация жасаймыз, жылуын жөндейміз, бір сөзбен айтқанда, бәрін қатырамыз деп кетіпті. Ауыл тұрғындары содан бері еш хабар жоқ дейді.

Жандос Әубәкір
Фото: ашық дереккөз

Жандос Әубәкір, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы: Көкбай Абайдың өсиетін іс жүзінде орындады

– Көкбай Жанатайұлы 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. «Семей облысы. Бұйрық №81.1901.10 сентябрь. Семей уезі Мұқыр болысына Көкбай Жанатайұлының молда сайлануы туралы бұйрық». Бұл бұйрық осы жылғы «Дала уәлаяты» газетінің отызыншы қыркүйек күнгі санында жарияланады. Сонымен, Көкбай ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Медресе алғаш ашылған жылдары оқушылардың саны өте көп болады. Көкбай медресесінде оқыған шәкірттердің естелігіне қарағанда 200–300-дей оқушы білім алған. Онда бір көкше, не тобықтының балалары ғана емес, арғын, найман, керей, уақ, т.б. бірнеше ел-болыстардан да келіп оқыған.

Көкбай білім беруді, бойда бар ғылымды кейінгіге үйретуді мұсылманшылық парыз деп ұққан. Өзі дінді берік ұстап, халықты оқу-білімге, адамгершілікке, имандылыққа шақырған. Сахарада медресе ашып, елді имандылыққа шақырған, келешек жас ұрпаққа білім сәулесін таратқан Көкбай Жанатайұлының еңбегі ұшан-теңіз. Өз елінен ғана емес, өзге болыстардан білім іздеп, рухани шөлдеп келген шәкірттерден ақы алмай, тегін оқытуы Көкбай есімін жоғарылата береді.

Көкбайдың шәкірті, көптеген жылдар бойы білім беру саласында ұстазының жолын жалғастырған, «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған Үкіжан Қордабаев былай деп жазады: «Мен тоғыз жасымда Көкбай молдадан оқыдым. Көкең әділ, адамгершілігі мол, өз заманында оқымысты, прогресшіл, әдепті, Абайдан үлгі алған нағыз шәкірті деп толық есептеймін. Менің әкем кедей болды. Көкбай бір ата, менің әкем басқа атадан. Көкбай өз өлеңінде «Үй бердім баласына тамақ бердім, ақы алмай балаларына сабақ бердім», – деп жазады. Бұл анық және шындық. Интернат ашып, онда бай, кедей демей, барлық балаларды бірдей ұстады және тамақтандырды, бұған мен өз басым көп мән беремін».

Медреседе сабақ арабша және орыс тілінде жүргізілген. Көкбай шәкірттеріне араб тілін үйрету үшін «Араб тілінің қағидаларын» өлеңмен жазып шығады. Орыс тілін үйрету үшін Семейден үш орыс мұғалімін жалдап әкелген. Солардың бірі И.В.Тютиков. Новгород қаласынан шақырылған солдат. Әскери бөлімше Семей арқылы Новосибирскіге кетіп бара жатқанда Тютиков жасырынып қалып қояды. Оған кездескен Көкбай ақын оның оқыған, байсалды жігіт екенін байқап, өзімен келіседі де, оны ауылына алып қайтады. Екі жылдай Көкбай медресесінде сабақ берген Тютиковті шәкірттері жол қаражатын, сыйлықтарын беріп, құрметтеп қоштасады.

Кейіннен медреседе мұсылманша оқуды халифелері жүргізсе, орыс тілін Көкбайдың өзі оқытыпты.

Көкбай медресенің ұзын көше бойындағы бір бөлмесінде бала оқытатын болса, екіншісі олардың жататын бөлмесі екен. Ол өз жұмысын үлкен құмарлықпен, қызығушылықпен атқарады. Ұстазы Абайдың өнегелі өсиетін іс жүзінде орындайды.

Көкбай медресесі 1901 жылдан 1921 жылға дейін ескіше жұмыс істеген. 1921 жылы оны жаңа оқу жүйесімен оқытатын мұғалімге босатып береді. Онда 1928 жылға дейін мектеп болады. Аудан көлімінде 1928 жылы үлкен кәмпеске жүрген. Одан кейінгі колхоздастыру кезінде халықтың алдындағы күн көріп отырған азын-аулақ малын, тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алады. Халықтың қиналысымен бірге Көкбай салдырған медресе де күйзеліске ұшырай бастайды. Ең алдымен астық қоймасы болған медресе ақырында халықтың талан-таражына түседі. Тоқсаныншы жылдарға медресенің сыртқы төрт қабырғасы, медресе жанындағы құлауға айналған, кірпіші су шайған ақын моласы жеткен еді. Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында ауылдастары, ақын ұрпақтары, аруақ қадірлейтін халық Көкбай зиратын Маңғыстаудың ақ тасымен қайта қалап, Көкбай салған мешіт-медресені жаңартады. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының Тақырдағы «К.Жанатайұлының мешіт-медіресе экспозициясы» болып 1997 жылдың он екінші қыркүйек күні ашылды. Қазіргі таңда Көкбай музейінде ақын турасында, оның төңірегіндегі шәкірттері, ақындар жайында көптеген деректер, суреттер қоры жинақталған.

2023 жылы күзде «Жас Алаш» Шәкерім Құдайбердіұлының өмірінің соңғы жылдары өткен, шығармашылықпен айналысқан Саятқораның мүшкіл халде екенін айтып, екі мақала жариялаған. Содан соң Саятқораның төңірегі темірмен қоршалған еді. Алайда Саятқораны қалпына келтіру жұмыстары сол күйі жүргізілмеді. Кейіннен қасиетті Саятқораның қабырғасы қақырап құлап, жермен жексен болды. Сөйтіп министрлік облысқа, облыс ауданға «тапсырма беріп» жүргенде Саятқора үйіндіге айналды. Қажының өзі тұрғызған, еркін шығармашылықпен айналысқан құтты ұясын көз алдымызда қиратып тындық. Енді, міне, Совет өкіметі кезінде қирап, тәуелсіздікке жұқанасы жеткен Көкбай музейі де сылағы түсіп, едені ойылып, тозығы жетіп тұр. Дәл осылай сылбыр қимылдасақ, немқұрайлы қарасақ, Көкбай музейі де бір күні Саятқораның кебін кимесіне кім кепіл?!

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ