«Көкелерім бар ғой». «Ставкасы» жоғары Түркістан мектептері
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
2024 жылдың 17 ақпанында облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында шенеуніктің үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізген. Таралған ақпараттарға қарағанда антикор облыстық білім басқармасының басшысымен қатар оның көмекшісін де ұстаған.
Былтыр білім беру саласына мемлекеттік бюджеттен 3,5 трлн ақша бөлінген. Соған орай бұл салада жемқорлық та тыйылмай тұр. Әсіресе ең көп айтылатыны – Оңтүстік өңір. Түркістан облысындағы білім саласында жемқорлықтың дендегені сонша, мектепке, білім ордасына парасыз жұмысқа кіру мүмкін емес екен. Әр мамандықтың өз «ставкасы» да бар. Біз мұны сол аймақтағы педагогтермен сөйлесу арқылы білдік.
Түркістан облысындағы білім саласындағы былық былтырдан бері өршіп келеді. Екі күн бұрын Мақтаарал ауданына қарасты аудандық білім бөлімінің есепшісі экономикалық тексеру барысында өз-өзіне қол салғаны белгілі болды. Өткен жылдың соңынан бастап Түркістан облысының білім басқармасында экономикалық тексеру жүргізіліп келеді. Соған орай біраз заңсыздықтың беті ашылып жатыр.
Экономикалық тергеу департаменті Мақтаарал ауданына қарасты аудандық білім бөлімінің есепшілеріне бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. 2023 жылдың желтоқсанында антикор Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің есепшілеріне қатысты тергеу жариялаған. Бұл іске 17 адамның қатысы бар. Оларға 2,6 миллиард теңге бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылып отыр. Келтірілген залалдың орнын толтыру мақсатында олардан 39 жылжымайтын мүлік объектісі, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар мен ақша тәркіленген. Сонымен қатар тергеу барысында Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде жүргізілген тексеру барысында бұрын анықталған ұрлық фактілерін жасыру бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы анықталған.
Шамамен осындай жағдай Келес ауданының білім бөлімінде де орын алған. Мектеп есепшілері ЖСН нөмірлерін жалған нөмірлерге ауыстыру арқылы 2021-2023 жылдар аралығында 400 млн теңге жымқырған. Бұл істер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бір Шымкент қаласында былтыр пара алу дерегі бойынша 30, пара беру бойынша 23 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралған. 12 адам қамалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік сотталушыларға жарты миллиард теңге көлемінде айыппұл салған.
Біз Түркістан облысындағы жемқорлық туралы нақты деректерді білу мақсатында, осы істің ортасында жүрген белсенді мұғалім Гүлманат Байзақоваға хабарластық. Ол Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы жемқорлықтың қалай тамыр жайып кеткені туралы біраз мәліметтің шетін шығарды.
Гүлманат Байзақова, антикор волонтері, педагог: Мұғалім 14 сағат жұмыс істесе, директор мен есепші 28 сағат етіп жазып жібереді
«Мен Төле би ауданы Қарақия деген ауылда жұмыс істеймін. Қосымша білім беру педагогымын. Мақтаарал ауданында былтыр тамыз-қыркүйек айындағы жалақыларымызды ала алмадық. Қазан айында білім бөлімінің басшысымен жолығуға бардық. Ол бізге ұрсып: «Қолдарыңнан не келеді, соны істеңдер?» деп шығарып салды. Содан кейін бас прокуратураға арыз жаздық. Өзімізге тиесілі ақшаның бюджетке түскенін білеміз. Бірақ берілмейді. Жетісай ауданында да 15-40 пайыз ғана мұғалімдер жалақы алады. Бұл жағдайды антикорға үлкен мәселе етіп көтердім. Соның арқасында миллиардтаған ақшаның жымқырылғанын анықтадық. Ақша ұрлаудың қарапайым жүйесін айтайын. Мектеп директоры бухгалтермен бірігіп жоғары жаққа мұғалімнің жұмысы туралы есеп береді. Егер мұғалім 14 сағат жұмыс істесе, олар 28 сағат етіп жазып жібереді. Мұғалім өзінің 14 сағаттық жұмысына айлық алады. Қалған жартысы қайда кетіп жатқанын білмейді. Соның бәрін жаздық. Нәтижесінде, 1,7 млрд теңгенің жымқырылғаны Мақтаарал ауданынан шықты. Одан кейін Келестен, Шардарадан анықталды. Біз анықтаған Мақтааралдағы 1,7 млрд қана. Бұл сома ары қарай да көбеюі мүмкін. Балабақшаларды енді тексеріп жатыр.
Ал қазіргі білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев туралы да айтып жүрдім. «Басшы болып келгеніне 100 күн толды. Ол неге ұсталып жатқан есепшілер туралы есеп бермейді?» деп сауал тастадым. Бірақ оның пара алатыны немесе алмайтыны туралы нақты білмедік. Кейіннен жемқорлыққа қатысы барын естідік. Сол себепті осы жағдай болып жатыр. Мектептердің өз «ставкасы» бар екенін білемін. Оған қарсымын. Мысалы, Мақтаарал ауданында жаңадан келген директор 2 жылда 47 адамды жұмысқа қабылдапты. Соның артында да үлкен сыр жатыр деп ойлаймын. Өткенде бір мектептің директоры ұсталды. Трансформатор қолды болған. Мен оған «сізді басыңызға тапанша тіреп, мына қағаздарға қол қойдырды ма? Заң алдында жауап бересіз» дегенде, ол да саспай «көкелерім бар ғой» деп қарап тұр. Сол кезде оның саналы түрде жемқорлыққа әдейі барғанын білдік. Сол сияқты жыл сайын мектепті қайта жөндеу кезінде директорлармен күресеміз. Себебі директор өзіне ұнамаған мұғалімдерді жұмыстан алып, орнына басқа маман қабылдайды. Әрине, тегін емес», – дейді Г.Байзақова.
Жалпы білім саласында жемқорлық өршіп тұрған тек Түркістан облысы ғана емес. Алматы қаласы, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Жетісу облысының есепшілері де қолдан келсе қонышынан басып, мемлекеттік бюджетті талан-таражға салған. Ал кейбір мектеп директорлары өздері білмей заңсыз әрекеттерге барғанын айтып, барлығына қарамағындағылар кінәлі деп ақталған. Бұл сөзімізді мектепте бірнеше жыл директор болған Аятжан Ахметжан да қуаттайды. Ол қызмет жолын жай мұғалімдіктен бастаған, сатылап көтеріліп, директор болған басшылардың экономикадан хабары болмайтынын, сондықтан қаржыға қатысты барлық істі есепшілерге тапсырып қоятынын айтады.
Аятжан Ахметжан, QAZBILIM ұлттық лицейінің басқарма төрағасы: Мектеп жемқорлықтан құтылмайынша, мемлекет жемқорлықтан құтылмайды
«Жемқор шенеунік дегенді жиі айтатын ек… Қазір жемқор бухгалтер, жемқор директор дегенді көп айтатын болды. Негізі жемқорлық тұтас жүйеде, тұтас қоғамда ауыр деңгейде. Ал соңғы жылдары ашылып жатқан орта білім саласындағы жемқорлық тек бүгін болған жемқорлық емес. Бұрын мектептер ауданға қарайтын, бар қаржыны бөлетін де, бюджетін реттейтін де аудан еді. Ол кезде көп жемқорлық фактісін аудан өзі реттеп, жабатындықтан білінбей қалатын. Қазір мектеп тіке облысқа қарайды, не жесе де көрініп қалады. Не жесе де ашылып қалады. Бұл – өте дұрыс үрдіс. Енді мәселеге кішкене тереңдесек, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда деп бірінің соңынан бірі ашылып, кінәлі тек бухгалтер болып шығып жатыр. Жемқорлық фактілерінде кінәлілер шынымен тек бухгалтер ме?! Жоқ! Оған жол беріп отырғандар да, ақшаны бөлісіп отырғандар да жазасыз қалмауы қажет! Бұл әңгімені бәрі айтып жатыр ғой, жемқорлық туралы бәрі жазып жатыр. Дұрыс, ашыла түсу керек. Жемқорлықсыз, әділетті қоғам болмай, ілгері баспаймыз. Директорлар экономикалық, қаржылық жағынан, есепшілер жұмысынан, IT тұрғысынан сауатсыз Бухгалтерлер қолданатын бағдарламалардан да, тіпті кадр жалақысын есептеуден де мүлде хабарсыз. Сондықтан өзінің қол қоятын электронды цифрлы қолтаңбасын (ЭЦҚ) бухгалтерге береді де, оларға «сеніп» отыра береді. Ал басшысы сауатсыз бухгалтер өз білгенін істейді. Бір өңірлерде мектепке жұмысқа тұру 2,5 миллион теңге екен, оны антикор да, әкімдік те, елдің бәрі де біледі. Бірақ бәрі білмегендей. Неге? Осыдан-ақ бәрі түсінікті. Мектеп жемқорлықтан құтылмайынша, мемлекет жемқорлықтан құтылмайды. Немесе, керісінше, мемлекет жемқорлықтан құтылмайынша, мектеп жемқорлықтан құтылмайды», – дейді Аятжан Ахметжан.
2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы бойынша білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына қатысты істі жапты. Қарамағындағы қызметкерлерімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген шенеуніктің әрекетінде заң бұзушылықтар анықталмапты. Қылмыстық іс 2023 жылдың қаңтар айында қозғалған. Бұл іске Түркістан облысының білім басқармасының басшысы, оның екі орынбасары және кадр бөлімінің басшысы күдікті ретінде ілінген еді.
Өмір Шыныбекұлы, ардагер ұстаз: Ең көп пара берген адам жұмысқа тұрады
Түркістан облысындағы ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы қазіргі аудандық білім басшылары қызметін жұмыс орындарын сататын базарға айналдырып жіберген деп есептейді.
«Оңтүстікте халықтың тығыздығы республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Ал тұрақты жалақысы бар жұмыс орындарының саны шектеулі. Сондықтан бір жұмыс орны босаса немесе ашылса оған пәлен адам жұмысқа тұруға таласады. Ақырында ең көп пара берген адам жұмысқа тұрады. Кейбір ауылдарда жалғыз жұмыс орны мектеп пен балабақша. Сондықтан әр отбасыдан кемі бір адам сол жұмыс орнына кіріп алғысы келеді. Сондықтан түрлі қитұрқы әрекетке баруға мәжбүр. Жалпы бұл жемқорлық жетіскеннен емес, күн көруге тырысқаннан деп түсіну керек. Бұдан шығатын қорытынды, біріншіден, жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік облыстарға адам тарту керек. Екіншіден, аудандық білім басшысы, есепшісі, мектеп директоры сияқты мамандыққа іріктеуді қатаңдату қажет. Өкінішке қарай, қазіргі аудандық білім басшылары қызметін жұмыс орындарын сататын базарға айналдырған. Солай қатаң тәртіпке көшпесек, кері кетуге келіп қалдық».
«Жас Алаш» тілшісі айтылған ақпараттардың анық-қанығын білу мақсатында Түркістан облыстық білім басқармасына хабарласты. Бірақ нақты жауап беретін маман табылмады. Жауапты хатшының өзін табу мүмкін болмады. Телефоны сөндірулі. Ал облыстық білім басқармасының қызметкерлері бір-біріне сілтеп, соңы құмға құйған судай ізім-қайым жоғалды. Ал Түркістан облысы білім басқармасының қазіргі басшысы Ғалымжан Жұмашевтің ісіне қатысты антикорға ресми сауалнама жолдадық. Алдағы уақытта жауабын жариялайтын боламыз.
Бет қатталып жатқанда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталып, қамауға алынғаны туралы ақпарат таратты.
Тұрсынбек БАШАР