Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 29 Қыркүйек 2025

Қоқыс полигонындағы өрт және алғыс хат

1
Фото: ашық дереккөз

Жуырда Алматы облысында қоқыс полигоны өртенді. Жергілікті БАҚ өкілдері өрттің аумағын, оны сөндіру жұмыстарын насихаттаудан қалысқан жоқ.

 Жалпы, өртті сөндірудің 6 учаскесі құрылды. Өрт орнында «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 бірлік техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді. Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмылдырылды. Өртті сөндіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Жедел авариялық қызмет және полиция қызметкерлері қатысты. Осы аптада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Алатау қаласы маңындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге атсалысқан мамандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Мұндай құрметке өртсөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, әскери қызметшілер, волонтерлер және коммуналдық қызмет мамандары ие болды. Өрт 34 гектар аумақты шарпыған. Жалын – ашық беткі қабатта ғана емес, тереңдігі он метрге дейін жеткен түнектегі тұтануларда болуы. Қоқыс массасында жиналған метан жалынды күшейтіп отырды. Сонымен қатар бос әрі тұрақсыз топырақ, опырылып кету қаупі және желдің бағытының өзгеруі жағдайды қиындатты.

Алғашқы сағаттардан бастап облыстық және Алматы қаласының ТЖД күштері, МЧС-тің арнайы бөлімшелері, полиция, әскери бөлімдер, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер жұмылдырылды. Кейбір күндері апат аумағында 1,5 мыңға жуық адам мен 500-ден астам техника жұмыс істеді. Жәрдемге Абай, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары, Жетісу өңірі мен Шымкент қаласының бөлімшелері қосылды. Ортақ күшпен өрт полигон аумағынан тысқары кетпеуі қамтамасыз етілді.

Барлық қатысушылар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Жергілікті кәсіпорындар су, азық-түлік және арнайы киім жеткізді. Құтқарушылар үшін тамақтану және тынығу шатырлары құрылып, тәулігіне төрт мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Алматы облысы ТЖД бастығы Дәурен Оразбеков мамандардың аса қауіпті жағдайда еңбек еткенін атап өтті: «Ерлік дегеніміз – апат жағдайында тапсырманы мүлтіксіз орындау. Жылу, түтін мен тұрақсыз топыраққа қарамастан, біздің қызметкерлер тактиканы үнемі өзгертіп, ошақтарды қабат-қабатпен сөндіріп отырды. Әрқайсысына алғыс айтамын», – деді ол.

Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Асқар Тойшыбеков те мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігін жоғары бағалады.

Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов көрші облыстар мен аудандардың айрықша қолдау көрсеткенін атап өтті.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Алматы облысы