Көкпар

Ғұмырымның қыл жібі үзіліп кетпесін деп,
Кінә артады кернеген қыз-үміт, өкпесін кек,
Санамдағы кіл ойлар сүзіліп өткесін тек,
жыр сусынын ішемін.
Қанаттарым қырандық қатайып бекіген соң,
Ұшқырлығым желдей боп айтарлық жетілген соң,
Мықты қысып тақымды, ой тартып бекінген соң,
көкпарыңа түсемін.
Есерліктерім жоғалып қалады шырғалаңда,
(Елеусіз қалған жүрегім шамалы тұр ма алаңдап?)
ІІайдасы саған шешілер табанды бір додаңда-
жеңеріме сенемін.
Дөңгеленіп дүние бара жатыр
Ала кеуім...
Жамылып қара күртек,
Түн келеді етегін жаңа бүркеп.
Жымыңдайды жұлдыздар, бүршік атып,
Жауқазындар жатқандай шала гүлдеп.
Дөңгеленіп қара жер бара жатыр,
Кірпік іліп ұйқыда дала жатыр.
Тыным таппай тоқтаусыз сағат тілі,
Тықылдатып тәулікті сабап жатыр.
Сұрақтар көп, жауабын іздеген кім?
Жылдар өтті жылжумен жүздеген, мың.
Жаңылмайды дүние жүйесінен,
Айтыстарын толассыз үзбеген шын.
Мен де мына фәниді сынағанмын,
Кереметін Құдайдан сұрағанмын.
Жазмыш өзі адамның маңдайына,
Ұнағанын жазыпты, ұнағанын.
Қызығына өмірдің қанған бар ма?
Мастанған да өзіміз, таңданған да.
Көрген бұрын көрешек талайларды,
Бір күн жүрек шайлығар алданғанда.
Ей, Тәңірі! Айналса күн төбеде,
«Күнде жиын болмайды Күлтөбеде».
Сырын айтшы сиқырлы дүниенің,
Тіршілікте не пайда құр келгенде?!
«Соқыр теке»
Көзімді байлап бастадым ойын,
Айнала бәрі тұман-ды.
Елітіп кетті білмеймін қай үн,
Шыңырауына құладым.
Өмірмен солай ойнаған сайын,
Жасай алмадым бір адым.
Түзелмес болды қисынсыз жайым,
Еңіреп келіп жыладым...
«Тәтті боп кетер, бұл-ойын», – дейді.
Сене де алмай ашындым.
Меңіреу болып қалса да мейлі,
Қабырғасына бас ұрдым.
Осы ойым жанды жегідей жейді,
Жауабын таппай тосылдым.
Жұбатып қойып, «жасыма» деймін,
Даусымнан өзім шошындым.
Асыл заттардың айналған өңі,
Табайын саған мен айла.
Жоғалған өмір, тоналған өмір –
Көзіңді енді сен байла!
Кімнен қаштың, қу жалған?
Бұлт ете қалып,
Бұтадан қаштың қу жалған,
Жоныңды көрген жан бар ма?!
Бұлғақтап өтіп,
Жеткізбес жылдам жылдардан,
Айналдың аусар арманға.
Демігіп мен де,
Қуып-ақ келем артыңнан,
Шимайлап кеткен ізіңмен.
Үдере үркіп
Жазбастан әуел қалпыңнан,
Әжім боп түстің жүзіме.
Қыр асып барып,
Қиялай салып жоғалдың,
Қитұрқы мінез танытып.
Сонда да сені
Індетіп барып табармын,
Соңыңнан қалмай қажытып.
Қырандай бүріп,
Шеңгелге сені салар ма ем,
Құйындай соғып, қақпалап.
Маңдайға жазған
Еншімді мен алар ма ем,
Уысқа сыяр… шақ қана.
Өмір – ұйқы
Жылжи-жылжи,
Жылдар қалар артыңда,
Қарайлауға шама жоқ.
Өмір – ұйқы,
Оянған бір қалпыңда
Тәтті түсің шала боп.
Оянасың,
Болашақты болжаумен,
Бал ашатын бақсыдай.
«Жарлы адамды жақсы лебіз,
қолдау-дем»,
Қабағыңды аш, Құдай.
«Бұл өмір – түс...
Бәрі алдамшы адамға»,
Не меңзеді Калдерон.
Қорқам кейде
Жалғызсырап қалғанда
Тітіркеніп бар денем.
Ал шын өмір –
Шындықтан да шалғай көп,
Сағым күйге алданба.
Мен тілеймін:
Түсің тәтті болғай деп
Кездескен бір жандарға.
Кер заман
Қазаққа қазақ жау болған заман,Әкесі ұлын қарғаған заман.Аналар – алаң, балалар – жаутаң, Жәрдемақыға зар болған заман.
Біреуді біреу алдаған заман, Басқа ұлт сабап, қорлаған заман.Еліңде күйін өгейдің кешіп, Байлығын біреу малданған заман.
Бойына үрей бүгіп тұр заман,
Жақсыны жарға жығып тұр жаман.
Бетеге кетіп, береке қашып,
Қойнына тасын тығып тұр заман.
Қасиет, қадір қалмаған заман,
Семейді атом жалмаған заман.
Ар-ождан кетіп қыздардан бүгін,
Тасқында терек қармаған заман.
Желіге бәрі қараған заман,
Жаңалық жылдам тараған заман.
Біреуді біреу қорқаудай талап,
Әлсізге әлді – абадан заман.
Әзәзіл елді торлаған заман, Сәбиін әке зорлаған заман.Өз тілін өзі менсінбей жүріп, Мәңгүртті дүлей қолдаған заман.
Тараған вирус – өлімі жаман,
Ертеңім үшін қөңілім алаң.
Болашақ болды бұлыңғыр, бұлдыр,
Жоғалтты неге сенімін адам?!.
Асыл әже
Бұл өмірдің білу үшін қадірін,
Дүниенің дүбірлеттік базарын.
Есейгенде етек жиып, ал бүгін,
Мұңлы болып жазылды ма ғазалым?!
Деуші едім сырға толы әр күнін,
Толғап жүріп жыр жолдарын жазармын.
Бәрімізді тәрбиелеп, баулыдың,
Көз алдымнан кетер емес ажарың.
Сенің бізге арнап айтқан әлдиің,
Қандыратын құлағымның құрышын.
Сезуші едің көңілімнің әр күйін,
Жазбай танып тентегіңнің жүрісін.
Тәлім алып, өстік сенен үйреніп,
Күмбірлеген кеудемізде қалды үнің.
Тұрушы едің таяғыңа сүйеніп,
Жолға қарап келе ме деп қара ұлың?
Есіңде ме, сол ауылда кәдімгі,
Соқыршегі аяқасты жарылды.
Шүберекке түйіп сонда жаныңды,
Арқаладың жаяулатып сары ұлды.
Арашалап қалдың солай ажалдан,
Сыңарыма сыйлап ұзақ ғұмырды.
Мәмпәсиді сатып алып базардан,
Сарқытым деп сыйлайтынсың бұрынғы.
Әр ісіңнен көруші едік тағылым,
Айтқан сөзің салиқалы, салмақты.
Өмір заңын үйрете алмас бар ғылым,
Көкжиегің кең еді ғой жан-жақты.
Әзиз әже, сенің ізгі тілегің,
Асыл рухың бізді жебеп жүр әлі.
Әлем сыйған жұдырықтай жүрегің,
Біздер үшін мәңгі соғып тұрады.
Соңғы сапар, енді өмір өзгеше,
Қорқынышты емес сонша өлім де.
Біз – қонақпыз, бұл өмірге ендеше,
Қызығы мен қайғысы бар тегінде.
Тура келсе Тәңірінің үкімі,
Мүмкін емес қарсы тұру қазаға.
Аттанамыз бәріміз де бір күні,
Төбешікте қолдан соққан мазарға.
Жатқан жерің жайлы болсын расында,
Тұрмын тағы қабіріңнің жанында.
Жәннат бақта, Жаратқанның қасында –
О дүниеде мəңгі-бақи дамылда!
Абайға
Төрімде тұр ұлдарымен Ұлы Адам,
Тәлкегі көп тағдырымен сыналған.
«Ұстарасыз мұрты түскен аузына»,
Ар ойламай, пайда ойлады тірі адам.
Ерің қайда ел деп жасын бұлаған,
Сырғақтайды екіжүзді, ұры адам?!
«Толық адам» толықситын түрі жоқ,
Жұртың отыр тыр жалаңаш, жылаған.
Шыға алмай әлі күнге құмардан,
(Сен де, бәлкім, түңілерсің бұлардан.)
«Мыңмен жалғыз алысамыз» өзіміз,
Өзімізді биік санап… шынардан.
Жөн сөзіңді көрмейсің-ау құп алған,
Қайдан ұқсын шыңырауға құлаған.
«Бір қуаныш, бір жұбаныш» өмірім,
Кешір мені,
Кешір бізді Ұлы Адам!
Ех, Тоқтар аға, Тоқтар аға,
Шешенбіз, сөз сөйлесек топта ғана.
Бұл күнде бір қазақта еркіндік жоқ,
Сөзің өтпей жүргенде «оққағарға».
Ех, Тоқтар аға, Тоқтар аға,
Бәрі разы өтірік мақтағанға.
Орденге айырбастап ар-намысын,
Көбейді көп көңілін таптағандар.
Ех, Тоқтар аға, Тоқтар аға,
Аз бүгін оқ жыландай оқталғандар.
Біреудің қолыменен от көсейді,
Жағымпаз, жантақ болып жақтағандар.
Ех, Тоқтар аға, Тоқтар аға,
Өр мінез өзіңіздей жоқ адам да.
Жақсысын кім береді, жалынсаң да,
Отыз жыл сары майдай сақтағанда.
Ех, Тоқтар аға, Тоқтар аға,
Жылулық болады тек отта ғана!
Меңіреу мына билік «сүрткен» емес,
Жалғызын жесір ана жоқтағанда!
Көңілім қайтты ғалым, «батырдан да»,
Шықпаған ұран салып шақырғанда.
Орыстан әскер сұрап, жұртын қырды,
Үні шықпай жазықсыздар атылғанда.
«Пайда үшін біреу жолдас» мақтағанда,
Қулығын құм түбіне сақтағандар.
«Мұнан менің қай жерім кем еді?» деп,
Заңды бұрып, өзіне шақтағандар.
«Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық»,
Аязда тоңған жұртым қылды зарлық.
Құтылып айран ішкен тайраңдайды,
Шелекті ұстағанға құрық салдық.
Байларың ел қадірін біле алмай жүр,
Кедейлер белесебет міне алмай жүр.
Сабылып банктерден несие алып,
Қарыз қысып, жадырап күле алмай жүр.
Бастары естілердің бірікпей жүр,
Билікке қолы жетпей, ілікпей жүр.
«Ертеңім кемел болар» деген халық,
Үзілмей өндіршегі, үмітпен жүр.
Бектері кең көшеге сыя алмай жүр,
Жемқорды ашкөз болған тыя алмай жүр.
Қарғадай қарқылдаумен ғайбат айтқан,
Айылын есерсоғы жия алмай жүр.
Суайттан сөз төркіні сұралмай жүр,
Бірінің-бірі айтқанын құп алмай жүр.
Жалаңаш ұл-қыздарың ұялмай жүр,
Шалдарың тағын жасқа қия алмай жүр.
«Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр».
Ех, Қасым, Қасым, қайран Қасым,
Айтамын кемшілікті байқағасын.
Қалайша бей-жай қарап отырамын,
Қалайша төсегіңде жай табасың?!
Жұртыма бөлген қаржы жетпей жатыр,
Билікті жалмауыздар жайлағасын.
Шындықты іздеп шыққан жанның бәрін,
Тоғытып зынданында байлағасын.
Індетпен күрескенде дәрі таппай,
Шенділер от-шашумен тойлағасын.
Үмітін жұрттың мынау ақтамады,
«Өзгеріс болады» деп ойлаған шын.
Ех, Қасым, Қасым, ойбай, Қасым,
Қадірі қашты бүгін қайран бастың.
Айбалта байлап алдық белімізге,
Дос деген өзге ұлттар болса қасың...
Тілдің де кетті бүгін қасиеті –
Қолдауы, қорғанышы болмағасын.
Жерімді кенге толы тонап жатыр,
Қамқор боп өз қазағым алмағасын.
Кейдейлік келді елдің етегіне,
Ұқпайды байыбына бармағасын.
Теңгенің кетті түсіп бағамы да,
Дағдарыс бетін неге қайтармайсың?!
Ех, Қасым, Қасым, ай-хай Қасым,
Шындықты тек бетіңе айтар досың.
Желіде жыр төгеміз, шер төгеміз,
Алаңға шығып алып айқайлайсың.
Бәрібір еститін жан табылмайды,
Саныңды сабап жүріп ойбайлайсың.
«Еститін өкімет» жоқ өлсең-дағы,
Әділін билігіме айта алмайсың.
Топ бастап дауға салар би қалмады,
Көсем жоқ, шешендерді байқамайсың?!
Бұғып жүр бұл күндері бөрі ұрпағы,
Заманы түлкі болып шайқалғасын...
Ех, Қасым, Қасым, ай-хой Қасым,
Бұл Қасым сол Қасымдай атойласын.
Шынымен жаңарған жұрт көргің келсе,
Ісіңе қалың қазақ пай-пайласын!
Ех, Қасым, Қасым, қайран Қасым
Сөйлеймін ел ертеңін ойлағасын.
Жұртыңды дүрліктірдің «жаңарам» деп,
Қолқалап қалың қазақ қоймағасын.
Айтады ашуменен ащы шындық,
Толтырып ұртын асқа тоймағасын.
Ех, Қасым, Қасым, сайра Қасым,
Басыңды бәске тігіп байлағансың.
Ескіні іреп тастау оңай емес,
Берілген бұл уақыт, ойла, шансың.
Жиһаз да жаңарады жеті жылда,
Қызмет қылу міндет сайланғасын...
Ех, Қасым, Қасым, ойлан Қасым,
Сөзіңе берік болшы, сайрағасын...
Көпірден ескі арбамен өте алмайсың,
Жер жарып ысқырығың айдағасың...
Сүрлеуі мезі қылды мерездердің,
Жеті жыл жемтік қылып жайлағасын.
Ех, Қасым, Қасым, қайран Қасым,
Оңай ма ұлттың қамын ойлаған шын?!
Ахиллестің өкшесі
Жүрегім менің – Ахиллестің өкшесі,
Жаралы болды қансырап.
Адам боп келіп адамша тірлік кешкесін,
Көкейде тұрар сан сұрақ...
Ұнатып қалып, ұйқысыз таңдар атырдым,
Елесің кетпей есімнен.
Сезімді байлап, селт етпей тыныш жатырмын,
Кешігіп қалып көшімнен.
Түсінгей мені, сырымды әрлеп безілдер,
Сұрадым көмек жырлардан.
Өмірде көп-ау, сарсаңға салар сезімдер,
Адаспай қалсам-бұл да арман.
Ылықсып барып, ырқыма көнбей кеткендей,
Кеудемнің сөгіп еттерін.
Сағымның желі бетімнен жайлап өпкендей,
Мойымай кетсем сөкпегін.
***
Ынсапсыз көңіл ындыным,
Тоят та таппас, шындығым.
Табарсың амал тойғызар,
Құзырда болса құлдығың.
Көмкерсең көзді көгімнен,
Сәуле боп ұшқын өрілген.
Қанар ма менің құмарым,
Сүйгізіп жібер ерніңнен?!
Кірпігің – саржа қадалып,
Жүректен кетер қан ағып.
Есімнен танып қалғанмын,
Шашыңа жібек оранып.
Қиылып қасың тұрады,
Мойныма салып бұғалық.
Махаббат деген мәңгілік,
Тақсам ба екен тұмар ғып.
***
Сенбеймін саған,
Сезімің сенің тұрлаусыз,
Жатқанмен мейлі,
Жүректі жарып жыр-қауыз.
Махаббат шіркін,
Мәңгілік деген бекер сөз,
Қанса да құмар,
Қызғаныш болып тұр жауыз.
Сенбеймін саған,
Сергелдең күндер шаршатты,
Кәзинак-өмір,
Көзқарас бізде алшақ тым.
Бұла өскен ботам,
Басымды соқтым тау-тасқа,
Жек көре тұрып,
Жаным-ау, неге аңсаттың.
Сенбеймін саған,
Сиқырға қалдым алданып,
Саудаға салдың,
Сұрқия амал қолданып.
Ынтызар көңіл,
Ышқынды бүгін соңғы рет,
Өшірген сезім,
Өшті ме көзде арбалып...
Жаңылдым жаным
Жаңылдым жаным,
Өмірдің қисапсыз көп есебінен,
Жалғаннан көрер сен көрешегім ең.
Жасаған салды әуре-сарсаңға мені,
Сезімге сүрінсем, неге сеніп ем...
Дәрменім бітті,
Таусылды тағатым, емешем құрып,
Сөнеді, өзіңе-өзің сенбесең үміт,
Тұйыққа тірелдім, ақылым ауыс,
Қайтейін қолыма бермесең құрық.
Тәуекел еттім,
Тұлпардың жібердім тізгінін түріп,
«Адамнан ала» жатқанда құзғыны туып.
Үкідей қиянға кетсем бе ұшып,
Сөгілген сезімнің үзігін бүріп.
Ниетім түзу,
Тәңірі азғыртпа, бөтен де қылық,
Кетпесін жеңіп-ақ пендеңді бұзып,
Досымды мезі еткен кеселім бар-ды,
Кешірім қылғайсың,
Сенгенді біліп!
Мен – қазақпын
(Осы ФБ-да қарт ана немересінің операциясына бола қайыр тілеген видеосын көргеннен кейін туған ой).
Мен – қазақпын, өлмедім мен, тірімін,
Бұл Жаһанның бөлшегімін, бірімін.
Құрсағында бөтен тілмен танысып,
Өз жерінде жоқтаушысы тілінің.
Мен – қазақпын, қарсы ажалға ұмтылған,
Сан ғасырлар сатып кетті сыртымнан.
Дәуірлерде дүбірлеген ізім бар,
Үзілмеді үлпек үміт ұрқымнан.
Менің бабам айдаһармен айқасқан,
Жүрегі де шайлықпаған шайқастан.
Жұмыр жерді жұдырығына сыйдырып,
Ұрпағының келешегін ойласқан.
Менің анам Тайқазанын көтерген,
(Батыр болып тумадым мен бекерден!).
Шаһид болып жалғыз ұлы майданда,
Ақ сүтінің қарыздары өтелген.
Ат белінде өтті өмірі білсеңіз,
Өтеуі сол – бүгін еркін жүрсеңіз.
Мирас етіп кең даланы қалдырды,
Бағалай біл, қаперіңе ілсеңіз!
Архимед пен Сократты таныдым,
Гомерді оқып жігерімді жаныдым.
Зеректігім болды менің несібем,
Жаттап өстік өсиетін ғалымның.
Тербеп тұрды түз даланың бесігі,
Таныс болды ғұламалар есімі.
Жету үшін озған елдің легіне,
Түзеп едім өркениетке көшімді.
Ал бүгін ше?
Кіммін енді бүгін мен,
Қартты көрдім шарасыздан бүгілген.
Кәрі ана – қолын жайған мүсәпір,
Жалыны жоқ жастары жүр түңілген...
Осы ма еді аңсағаны бабамның,
Осы үшін тоздырды ма табанын?
Зәр шығады бал таматын тіліңнен,
Қасіреттен таусылғанда амалың...
Біздер де бір атаның баласымыз,
Бар еді Күн астында таласымыз.
Ешкімнен кем түспейді ақылымыз,
Бар және береріміз, аласымыз...
Біздер де көшпендінің ұрпағымыз,
Арланбыз, азулысы, сырттанымыз.
Жалаңтөс жауға шапқан баһадүрміз,
Жеңетін жекпе-жекке шыққанымыз...
Біздер де ғұламаның ұл-қызымыз,
Туғаннан жарқыраған жұлдызымыз.
Даналық дарып өскен бабалардан,
Жағасы алтын тонды құндызымыз...
Біздер де ата-ананың үмітіміз,
Ойлаған ұрпақ қамын күні-түн біз.
Бойында намысы бар, қуаты бар,
Түспеген мойнымыздан қамытымыз...
Ал бүгін дейсің бізді «Диван-батыр,
Ақылы өз бойына сыймай жатыр»...
Қонағын Құдайындай сыйласа да,
Төріңде бабаң емес, Иван жатыр.
Қасқайып тұрса айтарсың «арақшы» деп,
Алаңға шықса атарсың «қарақшы» деп.
Үндемей жатса бәрі «жағымпаз» боп,
Сөз айтса сөктің бүгін «сарапшы» деп.
Ел едік қараған хан қабағына,
Батасыз қол созбаған табағына.
Халқыңды «масылсың» деп айбат шектің,
Қалам деп ойладың ба обалына?!