Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:30

Көкпардан қайтқан көшпенділер: – Маңқа қазақ, әліңді біл! – Сақау қырғыз, жолыңды біл!

Көшпенділер ойыны
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Көшпенділер ойындарда көкпардан финалға шыққан қазақ және қырғыз командасының ойыншылары жанжалдасып, арты қамшы сілтеуге дейін жетті. Оның соңы не болғанын білесіздер.

Оның алдында Олимпиадада бауырлас ұлт, бір туған жұрт болып, бір-біріне емешегі үзіліп тұрған екі ел бір-ақ сәтте «сен бөтен де, мен бөтен» деп, қисайды да қалды. 

Әлеуметтік желі – өсекші, бәрін көріп отырмыз. Қырғыздар да, қазақтар да аянып қалған жоқ. Тіпті екі дай тартыстың ақырында «Ресей келіп, жеріңе кіргенде көреміз әуселелеріңді»; «Қазақтар түркі тектес ұлт емес, бұлар моңғолдарға жақын» деп қырғыз шықты; «сендер ауып келген жұртсыңдар», «бұлар – чукчаларға жақын» деп қазақ шықты. Одан басқа осы уаққа дейін бір-біріне кеткен кегін, істеген жақсылығын айтып, әлі тауыса алмай жатыр.

Әлбетте, араағайын да аз емес, барынша сабырға шақырып, екі елді артық сөйлемеуге шақырғандар жетерлік. Қырғыздар күні кеше ғана реваншқа шақырды. Қолдарына түссе, қазаққа көкпарды қалай тартып, қамшыны қалай сілтеу керек екенін үйретіп жіберуден тайынбасқа әбден бекінген. Бұл даудың ақыры қалай болады, екі ел келесі бір додада кездескенде қандай көңіл күйде болады, болжау қиын һәм қорқынышты.

Біз неге осынша айнығыш, жалт бергіш болдық? Кеше ғана бірін-бірі төбесіне көтеріп, елжіреп отырған екі ұлт бір-ақ сәтте неге сонша жерінді? Бұл қандай құбылыс? Қайдан шыққан? Ақыры не болады? Мамандар сөйлесін.

Құбыла Бейсенәлі, тарихшы:  Қазақ та, қырғыз да – постколониальды ел болған соң...

– Бұл ситуацияда біреудің біреуді қамшымен салып жіберуі, бір ойыншының екінші ойыншыға көрсеткен әрекеті – адамның жеке басына қатысты сұрақтар. Бірақ көпшілік дөрекілік көрсеткен ойыншыны сынамай, шешім шығарған төрешіні кінәламай, бірден «сен қазақ, мен қырғызға» көшіп кетті. Оның себебі неде? Біріншіден, қазақтар мен қырғыздар постколониальды елдер болған соң, оларда көп мәселеге келгенде бағыт-бағдар жоқ. Екеуі де әлі күнге «қалай патриот болу керек?»; «мен кіммін?» деген сұрақтарға жауап бере алмай жатыр. Салыстыру үшін Түркия секілді бұрыннан тәуелсіз елдерді немесе Еуропа мемлекеттеріне қарасақ, олар өздерінің кім екенін біледі, тарихын да, мәдениетін де, басқасын да негіздеп алған. Сондықтан өз-өзіне де, өзгеге де ешнәрсені дәлелдеуге тырыспайды, қиналмайды. Ал жаңа тәуелсіздік алып, әлі тарихи жолын, санасын бір ізге түсіре алмай жатқан елдерде полемика көп болатыны да заңдылық.

Екіншіден, қазақтар мен қырғыздардың арасында қай қырынан қарасақ та ортақ нәрселер өте көп. Қарапайым ғана мысал, біздің көкпар мен олардағы көкбөрү. Одан қалса, «қымыз менікі, домбыра сенікі» деген сынды сұрақтар баршылық. Айта берсе жетеді. Яғни қызғаныш та, қызығушылық та қатар келіп қалып жататын тұстар кездеседі. Шын мәнінде, бұл да «мен кіммін?» деген сұраққа толық жауап бере алмағанның әсерінен. Осыдан келіп, өзін «толық адам» сезіне алмау пайда болады. Соның әсерінен ұлтқа байланысты мәселелерге қатысты халықтың реакциясы да қатты, дау да көп.

Қоғамның санасында «кім өзін тани алды?»; «кім өз құндылықтарын сақтап қалды?»; «кім көбірек орыстанып кетті?» деген сұрақтар «кім мықтырақ?» дегенді де анықтайды. Ал көшпенділер ойындары спорттық техникадан, мықтылықтан бұрын, елдердің өз салтын қаншалықты сақтап қала алғанының да көрсеткіші. Сондықтан одан жеңілу елдің абыройын түсіреді деген көзқарас та бар. Яғни эмоцияға толы бұл мәселенің қоғамдағы көңіл күйге ықпал етуі таңғалдырмайды. Бір жағынан, көршілеріміздің экономикалық жағдайы да белгілі. Қазақстан болса Орталық Азия елдерінің ішінде алдыңғы қатарда жүреді. Демек, даму жағынан кенжелеу қалғаны азаматтардың шамына тиіп, бәсекелестік рухын жандырып тұруы да ғажап емес.

Ал әлемдік мысалда қарасақ, парадоксальды дүние бар – туыс халықтар көбіне бір-біріне өш келеді. Әрине, тарихта ағайындас емес халықтар да көп соғысып, келіспей қалған. Бірақ олардың мотиві – экономика немесе тағы сол секілді нақты мәселе. Туыс халықтар болса, уақыт өте келе тарихи ата-жау болып кетеді. Мәселен, Ресей мен Украина. Бұл жаңа мысал, ал ескі кезеңдерден ағылшындар мен француздар көп соғысқан. Арабтар мен еврейлер де бір атадан тараған, ортақ «Израиль ұрпақтары» деп аталады.

Қазақтар мен қырғыздар қанды соғысқа кірісіп, бірі екіншісін жойып жіберуге бел шешпесе де, арадағы реніш жиналып қалған. Бәріміз білеміз, қазақтар қырғыздарға Кенесарыны айтып өкпелейді, олардың да өз кезегінде айтар назы жетерлік. Бір жағынан көршілес, жақын жатқан елдер тығыз байланыста болғандықтан, арадағы «взаимодействие» де көбірек. Сәйкесінше, ортадағы достық қалай дамыса, реніш те соншалықты деңгейде өсіп отырады. Тек оның шекарасын біліп, дер кезінде тоқтатып, өкпе-ренішті өршітіп алмау қажет. Кез келген елде оны ұмытпайтын, еске сақтайтын адамдар болады. Қоғам болғасын бұл заңды да. Алайда осы нәрсе ұлтараздыққа ұласады, үлкен конфликт болады деп болжай алмаймыз. Екі елдің өштесуіне арамыздағы қарым-қатынас та, экономика да, әлемдегі геосаяси жағдай да мүмкіндік бермейді. Тағы бір қызығы, екі ел өз арасында түсініспей қалып жатса да, сырттан біреуіне қауіп төнсе, екіншісі қол қусырып қарап отырмайтыны анық. Себебі біріне төнген қатер, екіншісіне жетіп келеді. Бұл бір үйдегі бауырлардың қатынасы секілді ғой. Өздері оңаша қалса ұрыса береді, сырттан келген біреу тиіссе, бірін-бірі қорғаштай жөнеледі.

Дос Көшім

Дос Көшім, саясаттанушы: Бұл қырғыз халқының сөзі емес

– Орын алған оқиғаны қатар жатқан екі туысқан ел арасындағы бәсекелестіктен туған жағдайлардың бірі ғана деп білемін. «Бас сынса, бөрік ішінде» дейтін халықпыз ғой. Егер әлеуметтік желі болмаса, бұл келеңсіз жағдай сол жерде қалар ма еді, кім білсін? Тарихта қазақ пен қырғыздың арасында сан түрлі жағдайлар болған. Ауқымы жағынан, маңыздылығы мен мәнінен бұдан бірнеше есе асып түсетін оқиғалар жеткілікті. Сондықтан жеке менің пікірімше, бұл түкке тұрмайтын мәселе. Әңгіме қамшы жұмсауда да емес, мәселе төрешілердің осы жағдайды дер кезінде көріп, жазасын белгілемеуде сияқты.

Ал артынша туындаған дау мен айтылған сөздерге тоқталсақ, бұл – қырғыз халқының сөзі емес, сол жердегі ашу-ызамен шыққан, таяз ойлайтын жеке адамдардың сөзі. Өзім Желтоқсан көтерілісінде, «қазақ бауырларға көмек берейік» деп, бастарын өлімге тігіп келген, Қордайдағы әскердің бөгетінен өте алмай, қан жылап кейін қайтқан қырғыздарды қырғыз деймін, бауырым деймін. Мына оқиға мен дау-жанжал, айғай-шу мен пікірталас ертең-ақ ұмыт болады. Спортта талай әділетсіздіктер болған, болады да. Олар халықтардың арасына от салғанын көрмедік. Кезінде, біздің «Қайрат» пен өзбектің «Пахтокорының» арасындағы футбол бәсекесі де жастардың төбелесімен тарайтын. Одан жау болып кеткен жоқпыз. Одан шығатын түйін, мұндай даулар мен жанжалдар, кішігірім оқиғалар – саяси тақырып емес.

Құралай Қантаева

Құралай Қантаева, әлеуметтанушы: Мұндайда қарсыластық рухы арта түседі

– Қоғамдық өмірде адамдардың көзқарасындағы айырмашылықтар немесе белгілі бір оқиғаны қабылдаудың, бағалаудың әртүрлі болуы қалыпты нәрсе. Алайда жағдай ушығып кетсе, даулы мәселеге айналып, қоғамдағы, қарым-қатынастағы тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Ал қазіргі қоғам әлеуметтік желі мен ғаламтордан ақпарат алады, сонда талдайды. Осыны ескерсек, көкпардағы дау да, соған ұқсас басқа инциденттер де интернет-платформаларда кеңінен сөз болып, резонанс тудыруы ықтимал.

Көріп отырғанымыздай, көшпенділер ойындарындағы қазақ-қырғыз түсініспеушілігі де желілік сипатқа ие. Оның даулы жағдайға айналып кетуіне не әсер етті? Алдымен, спорттық ойын болғандықтан, ол үнемі эмоцияға толы болады. Қоғам немесе жанкүйерлер спортшылардың жеңілісін өз жеңілісі ретінде есептейді, жеңісіне өз жеңісіндей қуанады. Демек, эмоционалды жағдай тығыз байланыста. Осы атмосфераның әсерінен, қоғам бір жеңілісті елдің сәтсіздігі деп те топшылайды. Ал жеңілген жақ негативке, агрессияға бейім келетіні белгілі. Енді оған ұлттық сипат қосылса, ұлтаралық тартыстарға әкелу ықтималдылығы жоғары. Себебі ұлттық бірегейлік пен мақтаныш сезімі қатар келгенде қарсыластық рухы арта түседі.

Сондай бір оқиға бола қалса, әлеуметтік медиа да оны жаппай талқыға салып, отты өршіте түседі, одан әрі ушықтырады. Осы орайда қазақ-қырғыз арасындағы тілдік ұқсастықтар желілік тартыстың ашық болуына, қақтығыстың қиындықсыз орын алуына жағдай жасайтынын да айта кеткен жөн.

Қазақстан мен Қырғызстан мәдени және тарихи тұрғыдан көп ұқсастыққа ие, көршілес елдер. Сондықтан да мұндай дауларды қатты қабылдаудың, ушықтырудың қажеті жоқ. Себебі арада нашар стереотиптер қалыптасып қалуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін, дау жүріп жатқан ортада, яғни әлеуметтік медиада әрекет еткен тиімді. Бұл орайда қоғамдық пікір көшбасшыларының, зиялы қауымның ойы мен сөзі оң әсер етеді. Одан бөлек, ресми өкілдер, мәселен, жауапты мамандар мен комитеттердің тарапынан да біржақты жауап болғаны, мәлімдеме жасалғаны жақсы. Олар қабылдауға жеңіл, түсінікті пікірлер жазып, екі тараптың татулығын насихаттайтын образдарды ұсынғаны жөн. Акцентті конфликтіге емес, арадағы сыйластыққа, келесі тараптың ерлігі мен жетістіктеріне қойған дұрыс. Олимпиадада дәл осындай дүниелерге куә болдық емес пе? Құрмет пен достастық содан соң нығая түсті емес пе? Фокусты осындай позитивті арнаға бұра аламыз.

Дайындаған

Балауса Ділдәбек