Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 19 Мамыр 2023

Көксарай. Сатыбалды шіркейдің тілін қашан табады?

None
None

Осыдан 15 жыл бұрын Сырдария өзенінің бойынан салынған Көксарай су реттегішінің арқасында көптеген проблемалардан құтылдық.

Шардара су қоймасының қыс пен көктемде шарасынан асып, шарасыздыққа тап болу әдетке айналған еді. Көксарай осы проблеманы біржолата шешті. Су қоймасына 3 миллиард текше метр су жиналады. Оның қызығын төменде отырған диқандар көріп жатыр. Көксарайдың балығы, шабындығы өз алдына. Бірақ мұның кері жағы да бар болып шықты.

Соңғы жылдары Көксарайға жақын орналасқан аудандардың халқы шіркеймен алысып келеді. Кәдімгі қара майда қара шыбын көктем шыға жер дүниені басып, тұрғындардың мазасын алады. Тіпті тұрғындар далаға шығудан қалған, бет ауызды тұмшалап күн көруге көшкен. Шіркей шаққан жер жараға айналады. Бұл туралы мәселені соңғы бір-екі айдың көлемінде қозғамаған ақпарат құралы жоқ шығар, сірә. Жергілікті аудан әкімдіктері залалсыздандыру шараларын күшейтіп жатқанын хабарлаумен келеді. Бірақ одан нәтиже жоқ. Шіркейге таланған халықтың обал-сауабын ойлаған кім бар?

Осы аптада шіркей мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы шіркейлерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанына тоқталып, сала басшыларын қатаң сынға алды. Кемшіліктерге жол бергені үшін салаға жауапты басқарма басшысына қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара көруді тапсырды.

– Жыл басталмай жатып, шыбын-шіркеймен күреске сақадай-сай болу қажет екені сан рет ескертілді. Ерте басталып, есептеріңіз рас болса, ендеше, тұрғындар тарапынан неге шағым көп? Шұғыл түрде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, оның барысын қадағалауды күшейтуді тапсырамын. Мәселе қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы апта сайын баяндалсын, – деді облыс әкімі.

Әкімдіктің берген ақпаратына қарағанда, шіркейге қарсы дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары белгіленген. Залалсыздандырылатын аумақ көлемі – 7 713,1 гектарды құрайды.

Дезинсекция шараларын және ғылыми сүйемелдеуді мердігер «Satti Tulik» серіктестігі жүргізуде. Биылға бұл мақсатқа 644,4 миллион теңге қаралған. Залалсыздандыру жұмыстары облыс аумағында наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам және дезинсекция шараларына 62 техника, 77 адам тартылған.

Мамандардың айтуынша, шіркейлердің санын азайтудың тиімді жолы – Сырдария өзеніне биологиялық препаратпен өңдеу әдісін қолдану. Бұл қоршаған ортаға, флора мен фаунаға қауіп төндірмейді.

Біз шіркей мәселесін көтеріп шырылдап жүрген Отырар ауданы Шеңгелді ауылының тұрғыны Хамит Адасқановпен хабарласып, қазіргі жағдайды сұраған едік.

– Шіркей қазір өзінің нағыз қызған шағында тұр. Ашсаң аузыңа, демалсаң мұрныңа кіреді, – деді ол. Соңғы күндері халықтың жергілікті әкімдіктен көңілдері қалса керек, енді саяси партиялардан көмек сұрауға көшіпті.

Х.Адасқановтың айтуынша, шіркей көктем шыға көбейеді. Содан тұрғындар онымен шілденің аяғына дейін алысады. Шіркей бұрын да болған. Бірақ соңғы жылдары тіптен көбейіп кеткен. Мұны көпшілік Көксарай су қоймасының салынуымен байланыстырады.

– Жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Әсіресе биылғыдай көп шіркей ешқашан болған емес, – дейді Адасқанов.

Тұрғындардың айтуынша, қазір Сырдарияның бойында ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Одан бір нәтиже шыға ма? Мәселені қатаң бақылауға алған Дархан Сатыбалдының қолынан не келер екен?

Тегтер: