Көкшетауда пәтерді ыстық су басып, 1,5 жасар сәби мерт болды
Көкшетау қаласында көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінде коммуналдық апат болып, бөлмені қайнаған су басқан.
Соның салдарынан бір жарым жасар сәби көз жұмды, деп хабарлайды Жас Алаш Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
«Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Ирина Котухованың мәліметінше, пәтерде радиатордың шүмегі үзіліп, кішкентай қыз бала ұйықтап жатқан бөлмені ыстық басып қалған.
«Бу сәбидің тыныс жолдарын қарып, жедел жәрдем жеткенше комаға түскен», — деп жазады Ирина Котухова.
Оның айтуынша, кішкентай қыздың әкесінің де аяғын күйік шалған.
«Қайтыс болған сәбидің ата-анасы өмірдің мәнін жоғалтқандай күйде қалған. Алайда олардың үлкен ұлы болғандықтан, пәтерде өмір сүруге қажетті жағдай жасау қажет екені түсінікті. Қайғылы оқиғадан зардап шеккен отбасының туыстары материалдық көмек сұрап өтініш білдірді. Олардың пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ», — дейді еріктілер.
Қайғы жамылып, пәтеріне жөндеу жасай алмаған отбасына қаржылық немесе құрылыс материалдары бойынша көмек бергісі келгендер 8 775 085 03 15 телефонына хабарласа алады.
Еске салсақ, бұған дейін Көкшетаудағы тұрғын үйлердің бірінде жылу құбыры жарылып, 3 адам қаза тапқан болатын.