Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:10

Көкшетауда пойыз қағып кеткен әйел көз жұмды

пойыз
Фото: из открытых источников

Ақмола облысында теміржолда қайғылы оқиға орын алды. Көкшетау қаласында әйел адамды пойыз қағып кетіп, алған ауыр жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.

 Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол теміржол рельстерін арнайы белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Көлік полициясы департаменті оқиға жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен байланысты екенін растады.

«Жәбірленушінің теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткені алдын ала анықталды», — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Әйел адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер көрсеткен көмекке қарамастан, ол жедел жәрдем бөлімшесінде көз жұмған.

«Өкінішке қарай, науқас қайтыс болды», - деп хабарлады аурухана өкілдері.

Аталған факті бойынша көлік полициясы қылмыстық іс қозғады. Тергеу материалдарына сәйкес, іс теміржол көлігінің қозғалысы мен пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан дерек бойынша тіркелген.

«8 қаңтар күні Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады көлік полициясы департаменті.

Еске сала кетейік, бұған былтыр желтоқсан айында Қарағанды облысындағы теміржол учаскесінде болған қайғылы оқиға салдарынан жол монтерлерінің төрт қызметкері қаза тапты.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының хабарлауынша, трагедия 10 желтоқсанда «Мойынты — Шығанақ» учаскесінде, «Шешенқара — Қаражангүл» аралығында болған. Жүк пойызының машинисті теміржол бойында жұмысшыларды байқап қалып, шұғыл тежегішті іске қосқанымен, үлгермеген.

2024 жылы қаңтарда да осындай жағдай тіркелген еді. Жамбыл облысындағы Жиделі-Берлік аралығында екі қызметкер Астанадан Шымкентке бағыт алған жолаушылар пойызының астында қалып, қаза тапқан. Ол кезде де машинист экстренді тежегіш қолданғанымен үлгермеген.

Тегтер: