Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:13, 10 Наурыз 2023

Көктем Шымкенттен басталады

None
None

Көктем Оңтүстіктен басталады. Көктем Шымкенттен басталады.

Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан көпбалалы аналарға жергілікті бюджет есебінен бір реттік әлеуметтік көмек бермек.

Нақтырақ айтқанда, мегаполисте көпбалалы аналар саны – 57 488-ді құрайды. Оның ішінде, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен, «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған – 11 673 анаға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 17 250 теңгеден төленеді.

Қаржылай көмек алтыдан жоғары бала тәрбиелеп отырған әйелдерге тағайындалады және 8 наурызға дейін беріледі.

Сондай-ақ Шымкентте Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегі 98 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. 74 пәтер көпбалалы отбасыларға, 24 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға берілді. Жаңа баспаналар «Нұрсәт» және «Шымсити» шағын аудандарында орналасқан.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, жыл соңына дейін Шымкентте 2833 азаматты баспанамен қамту жоспарланған. Тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға – 324 пәтер, жастарға – 888 пәтер, несиелік бағытта – 1621 пәтер беру көзделуде.

Шымкентте әлеуметтік қорғауды қажет ететін балаларды баспанамен қамту мәселесі де қолға алынуда. Мәселен, мегаполистегі білім басқармасына қарасты №1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталықта 70 бала тәрбиеленуде.

Орталықта тәрбиеленушілерге жан-жақты сапалы білім және саналы тәрбие алуына жағдай жасалынған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Компьютерлік, лингофондық-мультимедиялық кабинеттермен жасақталған орталықта балалар үшін жатын және ойын бөлмелері, 200 орындық асхана, дене шынықтыру залы, медициналық блок қажетті құрылғылармен қамтылған.

– Орталықта тәрбиеленушілердің өмір сүруі мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, отбасына ұқсас үлгіде тәрбие беру және дербес өмірге дайындау — басты мақсатымыз, – дейді мекеме өкілдері.

Балаларды ән-биге, қол өнерге, аспаздыққа, тігін тігуге бейімдейтін үйірмелер мен түрлі спорттық секциялар, клубтар осыған дәлел. Мұнда қазір «Жас информатик» клубы жұмыс істейді. Балалар шығармашылық клубта ІТ саласының қыр-сырын меңгереді.

Тәрбиленушілердің болашақта тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарға алынған. Қазір асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, «Отбасы» банкінен 70 тәрбиеленушіге жеке есеп шоттар ашылды.

 2019 жылдан бері Шымкент қаласы соттарының судьялары әр 3 айдың бір күндік жалақысын тәрбиеленушілердің жеке есеп шоттарына аударып келеді.

Тегтер: