Көктемде 21 мыңнан аса жас әскерге аттанады
Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Мемлекет басшысы қол қойған жарлыққа сәйкес, мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздар запасқа шығарылып, 18-27 жас аралығындағы азаматтарды кезекті шақыру науқаны наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында жүргізіледі.
17 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмыс бастады. Олар әкім орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастырады. Биыл 30 маусымға дейін 21 мыңнан астам жас әскер қатарына алынбақ.
Армияға шақырту алған жастар түрлі әскери құрылымдарға бөлінеді. Атап айтқанда, 11 мыңнан аса азамат Қарулы күштерге, 7 мыңнан астамы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына, шамамен 2 мың адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жіберіледі. Сондай-ақ 400-ге жуық азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданады. Бұл туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабының өкілі генерал-майор Алмас Исабеков мәлімдеді.
Шақыру процесі цифрландырылып келеді. Азаматтарға шақыру қағаздары SMS-хабарлама немесе eGov порталы арқылы кемінде үш күн бұрын жіберіледі. Бұл хабарламалар ресми шақыру ретінде есептеледі, сондықтан оны алған азамат әскери комиссариатқа немесе шақыру пунктіне міндетті түрде баруы тиіс.
Қорғаныс министрлігі «Smart военкомат» жобасын іске асырып жатыр. Жүйе әскери есепті автоматтандырып, азаматтарды тіркеу, тұрғылықты жерін ауыстырған кезде есепке қою, 17 жастағы жасөспірімдерді тіркеу, сондай-ақ кейінге қалдыру немесе босату рәсімдерін автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. 2025 жылы осындай жүйе арқылы 457 мыңнан астам адамға кейінге қалдыру берілген.
Бұдан бөлек «E-Medосмотр» медициналық жүйесі енгізіліп, шақырылушыларды тексеру цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Қазір бұл жүйе Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында кеңінен қолданылады. Былтыр 17 мыңнан аса жас медициналық тексеруден цифрлық түрде өткен.
Әскерге шақырылған азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік беріледі. Мысалы, несиесіне демалыс беру және ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігі. 2023 жылдан бері 9 мыңнан аса сарбаз осы мүмкіндік арқылы студент атанған. Былтыр бір жылда 3 300 әскери қызметші жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Сондай-ақ 20 мыңнан астам әскери қызметшінің 8,8 млрд теңге көлеміндегі несиесіне демалыс берілген. Қызмет барысында сарбаздар арнайы оқу орталықтарында жұмысшы мамандығын меңгере алады.
Әскери қызметтен жалтаруға болмайды. Генерал-майор Алмас Исабековтің айтуынша, шақырту алғанымен, дәлелсіз себеппен әскери комиссариатқа келмеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал әскерден әдейі жалтарса, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қуан Өмірхан