Көктемгі көкейтесті шаруаларға қан жүгірді
Көктемнің басы, егістің алдында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтың жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келуі көптеген түйінді мәселені тарқатуға мүмкіндік берді.
Алдымен министр Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылындағы көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен танысып, республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарды талқылады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Қызылорда қаласындағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарын аралап, жұмысын көрді. Өңір үшін өзекті мәселелерге министр қан жүгірткендей ықпал етті.
Елімізде көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Әдеттегідей, биылғы жылы да егіншілердің алды болып дала төсіне оңтүстік аудан диқандары шықты. Олар 4913 гектар жаздық бидайдың 4368 гектарын егіп үлгерді. Ал, күрішке әлі ерте.
Көктемгі көкейтесті шаруа – жанар-жағар майдың жайы. Жанар-жағар май жеткізіп берушілер сылбырлығын шаруалар кешіргенімен, табиғаттың кешірмейтіндігі анық.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Бұл мақсатқа Қызылорда облысына ағымдағы жылы 3 млрд. теңге бөлінеді және бұл 600 микрокредит беруге және 636 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындарын жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымның тапшылығы толғандырады.
Қызылорда облысының жеке шаруа қожалықтарында мал саны бірнеше есе өсті. Енді мақсатсыз және тиімсіз пайдаланған жерлерді қайтып алып, қоғамдық пайдалануға беру көзделген. Өткен жылы өңірден 157,3 мың гектарға жуық жер мемлекет құзырына қайтарылды.
Түйінді мәселенің бірі – жер үлестері иелеріне қатысты. Осы мәселе бойынша республикада арнайы жұмыс комиссиясы жұмыс істейді. Жер үлестерін иеленушілердің құқын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар, бірқатар түзету әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
— Көктемгі егіс науқанын сәтті өткізу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат көлемі 140 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде Қызылорда облысына 2,2 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынының көлемі былтырғы жылға қарағанда 13 мың тоннаға ұлғайтылып, 413 мың тоннаны құрады. Ал Қызылорда облысына 12,1 мың тонна бөлінді. Бұл жерде Шымкент мұнай өңдеу зауытына келетін болсақ, 12 сәуірден бастап зауыт жөндеуден шығып, оңтүстік өңірлерге дизель отынын жөнелтуді бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Мал басын асылдандыру, жер қатынастарын реттеу, цифрландыруды дамыту бойынша бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Ол ауылдық жерлерді әлеуметтік дамытуға, оның инженерлік инфрақұрылымына және ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға және оларды кооперациялау есебінен ауыл тұрғындарының іскерлік белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Осы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде биылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Бұл мақсатқа 1 трлн. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде, биыл 100 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ретте, Қызылорда облысына осы жылы 3 млрд. теңге бөлінеді. Бұл 600 микрокредит беруге және 636 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді Ербол Шырақпайұлы.
Республика Үкіметімен көктемгі егіс науқанын сәтті өткізу үшін 140 млрд. теңге қаралды, оның ішінде Қызылорда облысына 2,2 млрд. теңге бөлінді.
Жалпы ағымдағы жылы саланы субсидиялауға байланысты Қызылорда облысына 12,6 млрд. теңге тиесілі. Бірінші кезекте, бұл қаражат субсидиялар бойынша өткен жылы жиналған берешектерді өтеуге жұмсалады.