Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 27 Ақпан 2025

Көкжайлау дауы-3. Тоқаев тыйым салған тонды теріс айналдырып киген үшеу

Досаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Әлемдік нарықта мұнай арзандап, бюджеттің бүйірі көрінген тұста қазақ билігі туризмді дамытып, жыртығымызды жамасақ деп, тәтті қиялға берілетіні бар.

 Өндірісті өркендетіп, мол қазба байлықты қазынаға айналдыра алмай отырған шенділер туристерден теңге сауған Вьетнам мен Тайландқа қызыға қарайды. Осы бір «құмарлық» осыдан 5 жыл бұрын «қайта оралмастай» болып жабылған тақырыпты қайта көтеріп жатыр. 

Орта есеппен жылына 1 миллиард турист әлемнің әр түкпіріне саяхат жасайды. Туризм саласы әлем экономикасында үлкен орынға ие болып отыр. Тіпті ел экономикасының бестен бір бөлігін туристерден тауып отырған мемлекеттер бар. Мысалы, Грузияда туризмнің экономикаға қосқан үлесі – 20,8, Испанияда – 13,6, Түркияда – 11,5 пайыз. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – екі жыл бұрынғы дерек бойынша біздің елде туризм жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын ғана құрайды.

Халықаралық Сountrycassette.com порталының туристік рейтингіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстан келген туристер саны бойынша әлемнің 202 елінің арасында 64-орынға жайғасқан. Бір жылда елімізге 2 миллионға жуық саяхатшы келіпті. Бұл – әлемдегі жалпы туристердің небәрі 0,2 пайызы ғана. Аталған рейтингте Қырғызстан мен Өзбекстанның өзі бізден әлдеқайда жоғары орналасқан. Қырғыздар бір жылда 8,5 млн турист қабылдап, 25-орынға ие болса, өзбектер 30-орында тұр (6,7 млн саяхатшы келген).

Осының өзі Қазақстанда туризм саласы көш соңында қалғанын көрсетеді. Кең-байтақ қазақ даласында көрікті жерлер, тарихи орындар жетерлік. Ендеше, туризм неге дамымайды? Қоғам бұған ештеңенің ретін келтіре алмайтын ел үкіметі кінәлі деп есептейді. Мысалы, туристік нысандарға бару қиын, жол жоқ, барған күннің өзінде онда өмір сүру мүмкін емес, тіпті дәретхана жоқ. Басқаша айтқанда, туризмнің дамуына инфрақұрылым қол байлау болып отыр.

Үкімет Алматыда тау туризмін дамытпақ

Биыл 19 ақпанда Ашық НҚА порталында «Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» үкіметі қаулысы талқыға шығарылды. Құжатты туризм және спорт министрлігі дайындаған, жобаның жүзеге асу барысын бақылау міндеті де осы министрліктің басшысы Ербол Мырзабосыновқа жүктеліп отыр.

Бірақ «қара жұмыстың» бар салмағы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың мойнына түскелі тұр. Өйткені құрылыс жұмыстары жүретін нысанның көбі Алматы қаласы маңында орналасқан. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке де атқаратын жұмыс жетерлік. Облысқа қарайтын қорықтар мен курорттарға су жеткізіп, электр желілерін тарту соның мойнында. Сондай-ақ қажетіне қарай энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік министрі Марат Қарабаев және экономика министрі Серік Жұманғарин де жобаға атсалысады.

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыда жобаның мақсаты «Қазақстанда туризмді дамытып, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру» деп жазылған. Сондай-ақ жобаның ешқандай әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдары жоқ екені айтылған. Үкімет құрылыс жұмыстарын биыл қолға алып, 2029 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Енді ең маңызды мәселе – жұмсалатын қаржы жайлы айтайық. Билік Үлкен және Кіші Алматы шатқалында тау туризмін дамыту үшін 655,9 млрд теңге (1,3 млрд доллар) жұмсауды жоспарлап отыр. Мұның қаншалық орасан зор шығын екенін түсіндіру үшін бірер мысал келтірейік. Қазақстан 2024 жылы мұнай сатудан 52,5 млрд доллар тапқан, ал кен және мыс концентраты экспортынан 3,9 млрд доллар алдық. Яғни Алматы тауларына мұнайдан түскен қаржының – 2 пайызын, мыс концентратын сатудан тапқан пайданың үштен бір бөлігін жұмсағалы отырмыз.

Бектенов қол қойған қаулыда «күтілетін нәтижелер» деген бөлім бар. Онда жаңа жоба жүзеге асса, шетелдік туристер саны 630 мыңнан 1,8 млн адамға артып, туризм саласында жұмыс істейтіндер 80,9 мыңнан 106 мыңға көбейетіні жазылған. Сондай-ақ жеке инвестиция 196,3 млрд теңгеге жетіп, салық түсімі 90,7 млрд теңгеден 184,3 млрд теңгеге артады екен. Бірақ бұл нәтиже бір жылда бола ма, әлде он жылдан кейін бола ма, белгісіз.

Биліктің бұл есебі жүзеге асты дегеннің өзінде жұмсалған шығынды мүлде ақтамайды. Мысалы, шетелдік туристер саны 3 есе өсетінін неге сүйеніп айтып отырғаны белгісіз. Жоба бойынша «Нұрсұлтан шыңы», «Сухой лог», «Кімасар», «Пионер-Оi Qaragai», «Бұтақты-Пионер», «Бұтақты» және «Көкжайлауға» аспалы жол салып, инфрақұрылымын дамытқалы отыр. Қосымша 7 курорт ашылғанда, саяхатшы саны 3 есе ғана артса, одан қандай пайда бар?

Екіншіден, туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 20 мың адамға көбейеді екен. 1,3 млрд доллар жұмсалған жоба үшін бұл да ауыз толтырып айтатын көрсеткіш емес. Сондай-ақ Алматы тау кластерінен 184 млрд теңге салық түседі дегеніне де сену қиын. Өйткені «Шымбұлақ» елдегі ең танымал тау курорты болса да оған иелік ететін Chimbulak Development ЖШС (курорт сайтында көрсетілген) 2023 жылы – 1 млрд 344 млн, 2024 жылы – 1 млрд 305 млн ғана салық төлепті. Осы бойынша есептегенде, Бектеновтің жоспарындағы мол салық жүзеге аса қоймайтын сияқты.

Шығынын мемлекет көтеріп, пайдасын инвестор көреді

Алматы тау кластерін дамытуға жұмсалатын 655,9 млрд теңгенің үштен екі бөлігін – 443,5 миллиардын мемлекет шығарады. Мұның 322 млрд-ы – республикалық бюджеттен, 121 млрд-ы – жергілікті бюджеттен (Алматы қаласы мен Алматы облысы) алынады. Ал жеке инвестор 212,3 млрд теңге ғана шығарады.

Мемлекет қазынасынан шығатын жарты триллионға жуық қаржының басым бөлігін Досаев жұмсайды. Сұлтанғазиев араласатын жұмыстардың құны 30 миллиардтан сәл ғана асады. Ал министрліктер екі әкімдіктен бөлек жұмыс істемейді. Демек шамамен 400 млрд теңгеге жуық қаржы Алматы әкімінің қолынан өтеді. Бұл қаржының ең көбі аспалы көпір салуға жұмсалады. Жоғарыда біз атаған 7 курортқа аспалы жол салуға 330 млрд теңгеден аса ақша кетеді.

Сондай-ақ Кіші Алматы шатқалына су жеткізуге – 12,8 млрд, электр желісін тартуға – 9,8 млрд теңге бөлінген. Бұдан өзге де ақылға қонымсыз шығындар аз емес. Мысалы, аспалы жолдарды жобалау, оның техникалық-экономикалық негіздемесін жасау және жобалық-сметалық құжатын дайындау жұмыстарының әрқайсысына шамамен жарты млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Кей курортқа автотұрақ салу, электромобиль қуаттайын құрылғы қою жұмыстарына 2 млрд теңгеден бөлген. Мұндай тұрақ пен қуаттау орны бірнешеу екенін ескерсек, жалпы сомасын шамалай беруге болады.

Ал жеке инвесторлар туристерге қызмет көрсету нысандарын салумен айналысады. Атап айтқанда, қонақүй, кемпинг, глэмпинг және коттедждер соғып, тамақтану орындар мен автотұрақтар салады. Яғни курорттар ашылған соң ақша табуға болатын ең қолайлы орындарды, майлы жіліктерді инвесторлар иеленеді. Ал мемлекет жеке кәсібін ашып, пайдаға кенелетін инвесторларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және соған орасан ақша жұмсайды.

Біз Ашық НҚА-ға шыққан қаулыдан жобада халықаралық шарт болмайтынын білдік. Яғни жеке инвесторлар отандық кәсіпкерлер болады. Біздің елде мемлекеттік орган ұйымдастырған «тендерді» сол мекеме қызметкерлерінің таныс-тамыры ұтып алатыны жасырын емес. Осы логикаға салсақ, мемлекет жарты трлн теңге жұмсап, инфрақұрылымын жөндеп берген курорттардың қызығын билік басындағылар немесе соларға жаққан жақын адамдар көруі әбден мүмкін.

Билік шынымен Алматы тауларында туризмді дамытқысы келсе, әкімшілік кедергілерді жойып, құжатын реттеп, барлық жұмысты жеке инвестордың қолына неге бермейді? Мұндай жұмысқа мемлекет қаржысын салу тиімсіз бизнес саналады. Жұмсалған жарты трлн теңгені қайтарып алып, одан кейін пайда тауып, қазынаны толтырамыз деу – дәл қазіргі қиын уақытта болашағы бұлыңғыр жоспар.

«Көкжайлау дауы» үшінші рет қайталана ма?

Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы 2002 жылы пайда болған. Содан бері бұл жобаның басынан дау арылған жоқ. Белсенділер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақта курорт салуға қарсы болып, наразылық білдіріп келеді. Тіпті 2012 жылы пікірталас халықаралық деңгейге көтеріліп, наразы топ БҰҰ-ның Орхус конвенциясына шағымданған. Қоғам белсенділері «Көкжайлауды қорғайық» атты бейресми қозғалыс құрып, биліктің шалағай әрі халық үнімен санаспаған жобасына қарсы тұрды.

Алматы әкімдігі 2015 жылы күзде жобаны уақытша тоқтатып, оған экономикалық дағдарыс пен жұрттың наразылығы себеп болғанын айтты. Уақытша тоқтатылған жоба 2017 жылы қайта жаңғырды. Қала билігі ескі техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжатты жарамсыз деп танып, жаңасын жасауға кірісті. Курорт жобасы мен концепциясын әзірлеген компаниялар да ауысқан. Жұрт бұл да бюджет қаржысын жұмсаудың бір жолы деп сынаған. Яғни жаңа жоба дайындау үшін жаңадан ақша бөлінеді – тағы да жойдасыз көп шығын...

Екінші реткі «Көкжайлау дауы» да ұзаққа созылды. Жұрт екіге жарылып, БАҚ-та қызу пікірталас қызып тұрды. Бұл дауға 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, «Көкжайлау» жобасымен айналысуға тыйым салған. «Бұл мәселеге қайта оралмау» туралы айтқаны және бар.

Жаңа жобада Көкжайлауда шаңғы курортын салу жайлы сөз жоқ. Бірақ онда баратын екі аспалы жол құрылысы жайлы айтылған. Атап айтқанда, «Медеу экопаркі – Көкжайлау» аспалы жолына – 46,2 млрд, «Казачка – Көкжайлау» аспалы жолына – 27,2 млрд теңге жұмсалады. Онда қонақүй, мейрамхана, автотұрақ бой көтеріп, туристер барады. Экологтар мен Алматының белсенді азаматтары бұл жобаға қалай қарайды?

Елдос Абаканов
Фото: ашық дереккөз

Елдос Абаканов, эколог сарапшы:

– Еліміздің туризмді дамытуға потенциалы өте жоғары. Мұндағы басты сұрақ – сол табиғи ресурстарды қаншалық тиімді игеріп, экологиялық және экономикалық мәселелер бойынша дұрыс шешімдер қабылдай аламыз. Кезінде «Көкжайлау жобасына» қоғам наразы болып, қарсылық танытқаны есімізде. Туризмді дамытқанда, ең бастысы, әлемдік тәжірибеге қарау керек. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардағы туризмге қатысты халықаралық стандарттар бар. Алатау баурайында тау туризмін дамытамыз десек, ең алдымен экология, қоршаған ортаға тигізер әсерін зерттеуіміз керек. Оның заң аясында арнайы процедуралары бар. Бірінші кезекте қоршаған ортаға тиетін әсерін бағалау деген арнайы құжат жасалады. Жаңа экологиялық заңнамаға сәйкес, бұл процедура қатаң сақталады, одан өту оңай емес. Ол құжатты дайындау барысында жоба сол аумақтың экосистемасына, ауасына, биоалуантүрлілігіне қалай әсер ететіні зерттеледі. Екіншіден, міндетті түрде бірнеше кезеңнен тұратын қоғамдық тыңдау өтеді. Қоғамдық тыңдау өтіп, жергілікті халық қолдаған соң ғана жобаны іске асыруға кірісіп, қажетті құжаттарды жасауға болады.

Ал жоба ерекше қорғалатын аймаққа қатысты болса, мұндай аумақта жасалатын құрылыс жұмыстарына қатысты бөлек нормативтік құжат бекітілу керек. Өйткені онда жасалатын іс-әрекет таза экологиялық принциптерге сәйкес жасалу керек, экологиялық құрылыс стандарттары болу қажет. Мысалы, асфальт төсеуге болмаса, оның орнына табиғи тас төсеу керек деген сияқты. Адамдардың жүріп-тұруы, жануарлардың миграциясы ескерілуі керек.

Бір жағынан табиғатты қорғауымыз, екінші жағынан табиғаттың потенциалын тиімді пайдаланатын дұрыс шешімдер қабылдауымыз керек. Мысалы, АҚШ-та «Йосемитский» деген ұлттық парк бар. Оның территориясына кіріп-шығатын жердің бәрі нақты бекітілген. Жол бар, бірақ жолмен жүргенде оңға немесе солға бұрылуға болмайды. Яғни адамдар рұқсат етілген жермен ғана жүріп, мүмкіндігінше жергілікті табиғи ортаға кері әсер етпейтіндей жағдай жасалған. Бізде де осылай болу керек. Мұндай туристік объектілер саларда әлемдік стандарт пен нормативтерді ескере отырып, зерттеу жүргізу қажет.

P.S. Соңғы кезде бюджет қаржысын шашуды доғару туралы айтып, бизнесмендерді мемлекетке көмектесуге шақырып жүрген президент Тоқаев мына жобаны көріп, «Бұл мәселеге неге қайта оралып отырмыз?» деп, Мырзабосынов бастаған, Досаев пен Сұлтанғазиев қостаған үшеуге тәйт демесе, бұлардың мырзалығы үлкен дауды бастап бергелі тұрған сияқты. Қалай дегенде де, бұл ескі жобаның тонын теріс айналдырып кигізгендей әсер қалдырады.

Қуаныш Қаппас 

Тегтер: