Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 26 Маусым 2024

Қол жетпейтін қор. «Қазақстан халқына» қайда бара жатыр?

Болат Жәмішев
Фото: Informburo.kz

Қазақстанда халықтың осал тобын қолдау мақсатында қолға алынған реформалар көп. Тіпті санынан жаңылардай болдық.

 Солардың ішінде жұрт жұмысын жіті бақылап отырған, сол көп қараның ішіндегі бір дара бар. Ол – 2022 жылы жалпыхалықтық мәртебеге ие болып құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры.

Әу баста осы қор құрылғанда елдің әлеуметтік осал тобын қызғыштай қориды, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларына қайырымдылық көрсетеді. Төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан халқына көмектеседі, әскери қызметшілердің отбасына қолұшын созады деген міндеттемелер жүктелген. Қорға негізінен алпауыт компаниялар мен олигархтар қомақты қаражат аударып отыруы керек. Тіпті еліміздің әл-ауқат қоры саналатын «Самұрық-қазына» ұлттық компаниясына да ай сайын таза пайдасының 7 пайызын қорға аударып отыру міндеттелген. Аталмыш қордың жұмысы дұрыс жүріп, шаруасы дөңгелеп кетуін қатты қалай ма, әйтеуір қазір «Қазақстан халқына» олигархтарды қойып, жекелеген адамдар да қаражат аудара бастапты. Мысалы, «Қазақстан халқына» қорына 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 6,479 млрд теңге қаражат түскен. Оның 6,413 млрд теңгесі заңды тұлғалардан болса, қалған 18 млн 551 мың теңгесі жеке тұлғалардан аударылған. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер мен жекелеген компаниялардың қарапайым қызметкерлері қорға бір күндік жалақысын аударуды үрдіске айналдыра бастаған.

Халық өз проблемасын өзі шешіп үйреніп алды

Ал сарапшылар мұндай әрекеттен қордың мақсаты мен міндеті бұзылатынын, бұл қор бір кездері салықтан жалтарып, ақшасын шетелге ала қашқан, енді сол елден «тыққан» байлығын «ортақ қазанға» салуға дайын олигархтар үшін құрылғанын айтады.

«Аналитик» талдау-сараптау орталығының әлеуметтанушысы Салтанат Әлімқұлова пандемия кезіндегі және 2021 жылғы Маңғыстаудағы мал қырылған сәтті еске алады.

«Пандемия кезінде халық жасанды тыныс алдыратын аппаратқа өзі ақша жинап, қайырымдылық қорлары арқылы алғызды. 2020 жылы бес сағатта халықтан 12 млн теңге жинап, оған 63 жасанды тыныс алу аппаратын алған кезеңдеріміз болды. Денсаулық сақтау министрлігі ол кезде халықты толық медициналық көмекпен қамтамасыз ете алмады. 2021 жылы Маңғыстауда мал қырылып, жұт болды. Оны сол кездегі министр болған Сапархан Омаров табиғи апатқа балап, «жаңбырдың жаумағанынан қуаңшылық болды, жем-шөп болмады» деп ақталды. Ол кезде де маңғыстаулық азаматтар есепшот ашып, оған қарапайым халық ақша аударып, шөпті жекелеген азаматтар транзитпен тасымалдап, қиыншылықтан тағы да халық өзін-өзі алып шықты. Биыл да су тасқыны кезінде қаншама қорларға, волонтерларға халық ақша аударып жатыр. Орман өртенсе де, мал қырылса да, вирус келсе де халықтан қаражат жинау үрдіске айналып барады. Мұны доғару керек. Енді үлкен үмітпен құрылған «Қазақстан халқына» қорына халық бір күндік жалақысын аудара бастапты. Мұндай қорларға тек олигархтардан, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардан қомақты қаражат аударылып отыру қажет. Әу баста құрылғанда бұл қорды «меморганның қоры емес, бұл халықтың қоры» деп айтылған. Ендеше, қор халыққа көмектесуі керек. Қарапайым халықтан қаржы алмайтындай функцияларды іске қосқан жөн. Негізінде аталмыш қор жекеменшік те, мемлекеттік қаржы көздерінен де толығады. Бұдан бөлек, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының да қаражаты қорға құйылады. «Сәтті жұлдыз» лотереялық қызмет операторының, букмекерлердің Бәсті есепке алу орталығының, тіпті әртүрлі монополистердің міндетті аударымдары бюджетке емес, осы қорға бағытталады. Бұл қорға әр жақтан, әр қаржы көзінен бір реттік емес, тұрақты түрде, ұдайы ақша аударылып отыр. Сондықтан елдің бір күндік жалақысын алу дұрыс емес. Керісінше, жиналған қаражатты халыққа беру керек».

Айта кету керек, бұған дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов те қорға бір күндік жалақыны аудару үрдісіне қатысты пікір білдіріп, бұл тәжірибені тоқтату керектігін айтқан.

Жалпы, қазір қорға 248,7 млрд теңгеден астам қаражат жиналған. Бүгінде қор 67-ге жуық қайырымдылық жобамен айналысып жатыр. Оларды жалпы сомасы 177 млрд теңгеге жүзеге асыру жоспарланған. Қордың демеушілері «Самұрық-қазына», «ҚазЦинк», Болат Өтемұратов қоры, Динара Құлыбаева, Тимур Құлыбаевтар иелік ететін «Халық» қоры, екінші деңгейлі бірнеше банктер, Назарбаев қоры, «Қазақмыс», «Қаражыра», тағы басқа капиталы қомақты компаниялар мен олигархтар.

Қор басшыларын халық сайлау керек

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің ойынша, алдымен қордың жұмыс істеу тәсілін өзгерту керек. Маманның айтуынша, бірінші, қамқоршылық кеңесін, басқару қызметін өзгерту қажет. Себебі бұл қорды кезінде ықпалды ведомстволарды басқарған адамдар басқарып отыр. Қамқоршылық кеңесінің арасында «Самұрық-қазынаны» басқарған, бюджетін, ақшасын жұмсаған, жергілікті әкімдіктерде қызмет атқарғандар бар. Қордың қызметінде ашықтық, тазалық болуы үшін мұндай тұлғалардың кезінде істеген жұмысын әбден тексеріп барып қорға тағайындау керек.

«Бізде тексеру, зерттеу жоқ. Мысалы, қазір «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев кезінде Қазақстан «Даму» банкін (ҚДБ) басқарды. Ол басқарған жылдары зейнетақы қорының 170 млрд теңге қаражаты Қазақстан «Даму» банкі арқылы компанияларға бөлінді. Оның ішінде БЖЗҚ-ның 15 млрд теңгесі MEGA Silk Way сауда орталығының құрылысына 15 жылға берілді. 30 млрд теңге ҚТЖ-ға жүк вагондарын сатып алуға бөлінді. ЭКСПО құрылысына 15 млрд теңге берілді. Сөйтіп, зейнетақы қорының қаражаты өзін-өзі ақтамайтын салаларға жұмсалды. Сол кезде қаражатты тек өндіріс орындарына, отандық тауар өндіретін, өнім өңдейтін салаларға салу керектігін айтып зар қақсағанның бірі мен едім. Оған құлақ асқан ешкім болмады. Қазір ол қаражат қорға қайтарылды ма?! Ол халыққа ашық айтылмады. Есеп берілмеді. Негізінде «Қазақстан халқына» қорын басқарып отырғандардың дені халықтың емес, үкіметтің үнін еститіндер. Бұл қорға кеңес мүшелері халықтың атынан сайлануы керек. Төрағаның кандидатурасы халық талқысына салынып, онлайн сауалнама жүргізу арқылы таңдалуы тиіс. Бұл қоғамдық қорды тексеру есеп комитетінің құзырына кірмейді. Ал бізде үкіметтік құрылымдардың, министрліктердің өзі қаншама қаражатты жымқырып, қолды етіп жатыр. Сондықтан қор мүшелерінің қолы мен ары таза болуына қатты мән беру керек. Қордың жұмысын халықтық бақылауға алу керек», – дейді Ж.Баяхметов.

Сондай-ақ маман қордан көмек алғысы келетіндердің саны көп екенін, бірақ олардың бәріне бірдей оның қызметі қолжетімді емес екеніне қынжылады. Мысалы, дімкәс баласына көмек сұрағандардан және басқа мұқтаж жандардан қорға ай сайын 400-ден аса өтініш келіп түседі екен. Оның барлығына бірдей көмектесуге мүмкіндіктері жоқ екенін қор өкілдері де жоққа шығармайды. 2 жыл ішінде қордың ықпалымен денсаулық сақтау саласына қатысты 103,3 млрд теңгені құрайтын 12 қайырымдылық бағдарлама мен жоба ғана жүзеге асырылып жатыр. Қор осы екі жылда сирек кездесетін (орфандық) өмірге ауыр қауіп төндіретін және созылмалы аурулары бар 382 пациентті дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз еткен. Ал жоғарыда айтқанымыздай, ай сайын 400-ден аса өтініш түсетінін ескерсек, әлі қаншама адамның қор шарапатына қол жеткізе алмай жүргенін түсінуге болады.

Есігі жабық, жолы қиын

Елордалық Аманжол Желдібаев – екі жылдан бері қордан қаражат ала алмай келе жатқандардың бірі. Оның ұлына нейробластома диагнозы қойылған. Қатерлі ісіктің бұл түрінің Қазақстанда емі жоқ. Аманжол «Қазақстан халқына» қорынан Израильге емге баруға көмектесуді сұраған. Өзі 2022 жылы әлеуметтік желі арқылы ұлының еміне 20 млн теңге ақша жинаған. Енді керегі – 50 млн теңге.

«Меценаттарға да, ірі компания басшыларының қабылдауына да жазылып, кірдім. Баламның құжаттарын, шетелдегі клиниканың шақыртуын да көрсеттім. Барлығының айтатыны, қаражаттарын «Қазақстан халқына» қорына аударамыз дейді. Ал қор «шетелге өз еріктеріңізбен шығатын болғандықтан біз сіздерге көмектесе алмаймыз» деп жауап берді. Бізде шетелде емделуге мемлекеттен квота алу тетіктері қиын. Елдегі республикалық орталықтар емдей алмаса ғана, денсаулық сақтау министрлігі бюджеттен қаражат бөлу жайын қарастырады. Ол министрліктің өзінің тізімі бар. Баламның дерті бойынша бюджеттен қаражат алуды жылдап тосуға тура келеді. Бізге қазір шұғыл көмек керек болса да осылай сандалып жүрміз. Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры құрылғанда ерекше балаларды өсіріп отырған талай ата-ана қуанды. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Көпшілікке қордың қызметі қолжетімсіз. Қызметінде жеделдік жоқ. Ірі мегаполисте тұратын біз осылай қиналып жүрміз. Ал шалғай ауылдарда тұратын дерті меңдеген балаларға бұл қордың есігі мүлде жабық қой», – дейді А. Желдібаев.

Тек елордалық кейіпкеріміз ғана емес, Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Салтанат Рахымованың да «аталмыш қор келешекте аймақтардағы, ауылдық жерлердегі науқас балалардың зарына құлақ асса» деген ұсынысты қаузағанына біраз болды. Белсенді тіпті бұған қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат та жолдаған.

Қордың қайырымдылықтан бөлек әкімшілік шығындары барын да ұмытпауымыз керек. Мысалы, былтыр ақпанда 15 адамды жұмысқа алған қорға әкімшілік шығындарын өтеуге 3,9 млн теңге кеткен. Қазір қорда басқарма мүшелерін қоспағанда 32 адам жұмыс істейді. Бұл әкімшілік шығындар биыл тағы да екі еселенді деген сөз. Қор қызметкерлерінің жалақысы кәсіби біліктілігіне байланысты 100-400 мың теңге аралығында белгіленген. Болат Жәмішев қордан жалақы алмайтынын, бұл іске қоғамдық қызмет түрінде қарайтынын айтқан. Бірақ қазір елдің көкейін «осы қордың жұмысы шынымен ашық па, қорға түскен қаражаттың қолды болмауына кім кепілдік береді» деген сауалдар мазалап жүр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ