Колбин де үйренуге тырысқан қазақ тілі
Бүгінде шенеунік біткен сөзін «сұрағыңызға рақмет, рұқсат болса орысша жауап берейін» деуден бастайды.
Бәрі емес, бірақ басым бөлігі қазақ тіліне келгенде тұтылып, ежіктеп, қыл көпірден өтіп келе жатқандай қиналады. Бір қызарып, бір бозарып тұрғанда әңгімесін орысшаға бұрып әкетеді де, ештеңе болмағандай баяндамасын жасай береді. Оған халық та үйренген. Арасында депутаттардан, журналистер мен қоғам белсенділерінен сын естіп қалғанда «енді қазақша үйренемін» деп уәде бергіш бір әдет тағы бар.
Бірақ ол уәде де басқа уәделер секілді, орындалуы қиын. Тәуелсіздік алғалы қаншама бағдарлама мен жоба, тұжырымдама бекітіліп, миллиардтар жұмсалғанымен «билік қазақша сөйлей алмайды» деп әлі отырмыз. Өткен күндерге назар салсақ, масқара болып күлкіге қалғандар да, ұялғандай болып, тырысатынын айтқандар да жеткілікті. Мысалы, 2016 жылы сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің қазақша сұрағына орысша жауап беремін деп қоғам назарына іліккен. Біреудің ашуын, біреудің күлкісін келтірген оқиға бүгінге дейін ұмытылған жоқ. Ал 2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі болған Нұрлан Сауранбаев таза қазақша баяндама жасаған аудан әкімдерінің біріне «Назарбаевтың өзі екі тілде сөйлейді, сен неге тек қазақша сайрайсың?» деп дүрсе қоя берген. Ал төрт жылға жуық Ұлттық банкті басқарған Данияр Ақышев қайта-қайта тіл үйреніп жүргенін айтып ақталатын. Ақырында аптасына үш рет педагогпен жұмыс істеймін, қазір қазақшам жақсы деп мәлімдеген. Бірақ ол қызметінен орысша сөйлеген күйі кетті. Тура сол секілді халыққа уәде берген бұрынғы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, кейіннен осы ведомствоның орынбасары болған аттасы Тимур Жақсылықов, 2022 жылға дейін әділет министрлігін басқарған Марат Бекетаев уәделерінде тұрмады. Жамбыл облысына барғанда ондай сынға Қанат Бозымбаев та түскен. Соңғы қызық оқиға энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевпен болды. Мәжіліс депутатының қазақша қойған сауалына орысша жауап беремін деп жұртшылық көзінше «ұрыс» естіген ол журналистерге уәде беріп, жарты жылда қазақшасын көтеретінін айтқан. Бірақ соңғы айлардағы сұхбаттары мен берген жауаптарына қарасақ, министрдің қазақша үйренуге уақыты жоқ секілді. Бұл айтылғандар мыңның бір мысалы ғана. Тіпті экс-премьер Смайылов та жарытып қазақша сөйлемейді. Тырысудан нәтижеге жеткендері байқалмайды.
Қазақшаны үйренуге Колбин де тырысқан. Бұл туралы журналист Вадим Борейконың естелігінде айтылады. Тарихшылардың да дерегі аз емес. 1988 жылы қазіргі Қазақ-Британ университеті ғимаратында журналистер съезі өтеді. Қонаққа келген Колбин қалтасынан қағаз шығарып: «Қазақша сөздерді орысша аудармасымен қоса жазып алып, жаттап жүрмін. Басқа амал да жоқ. Не дені дұрыс кітап, не оқулық, не сөздік көрмедім» депті. Бірақ басшы қазақ тілін үйреніп үлгермей қызметінен кетті.
Қазақша білгені үшін ғана шенеунікті көтермелеу – қате
Негізінен өзге ұлт өкілінен шыққандар қазақша сөйлеп тұрса, бұл оларға үлкен артықшылық береді. Әлеуметтік немесе мәдени өмірде де, саясатта да. Бұл феномен туралы тарихшы Құбыла Бейсенәлі былай дейді:
«Әдетте халық басшыдан өз тілін білуді талап етеді. Қазақтар да қазақша сөйлейтін билікті қалайды. Ол заңды әрі орынды. Себебі мемлекеттік тілді білген адам елдің менталитетін де жақсы түсінеді. Бұл өз кезегінде өте маңызды. Ал керісінше, тілді білмейтін шенеуніктер халық арасындағы, қоғамдағы көп нәрсені шартты түрде ғана түсінуі ықтимал. Әрине, халықтың да екітілді екенін ұмытпаған жөн. Десек те, бүгінде қазақ тілді халықтың саны мен оны күнделікті өмірде қолданатындардың деңгейі өскен. Қай жағынан қарасақ та, қазақ тілінің тынысы ашылды. Оның мәні мен маңызы туралы түсініктер қалыптасты. Сондықтан қоғам ана тілі мәселесіне патриотизммен бірге қарайтын болды. Осыдан келіп, тілін білетін, патриот азаматтар ғана ұлтқа жаны ашып, жұмыс істейді, халықты ойлайды деген секілді күтілетін көзқарастар туындап жатады. Демек, қазақ тілі – құндылық.
Бірақ бұл призма дәл қазіргі жағдайда пайдасыз болуы да ғажап емес. Өйткені екітілді немесе қазақша шала-пұла ғана білетін патриоттар да жеткілікті. Тарих жолы мен мәдениет бұралаңдары солай болған шығар. Қазақша үйренуге мүмкіндік тумаған болар. Алайда орыс тілді болса да компетентті, сауатты мамандар көп. Бұл саясат пен билікке де қатысты. Сондықтан қазақша білгені үшін ғана бір шенеунікті артығырақ, мықтырақ деп қабылдау қате. Сол секілді қазақша білмейтін маманның қызметін тартып алып, тіл үйреніп кел деу де дұрыс емес.
Бұдан қандай қорытынды шығара аламыз? Қазіргі қазақ қоғамының қазақша сөйлейтін билік керек деген талабының астарында жұмыс нәтижелілігі деген мақсат жатқан жоқ. Бұл орайда халықтың критикалық ойлауы төмендеу секілді көрінеді. Байыбына бармай жатып баға беру көп бізде. Істеген ісіне, тындырған нәтижесіне емес, әлеуметтік желілерде тарап кеткен, журналистер көрсеткен, хайп болған нәрселерге қарап бағалайды. Келіп, кетіп, сапырылыса ауысып жатқан шенеуніктердің қайсы нендей жұмыс істегенін бақылап, үрдісті түсініп отырғандар аз. Айтайын дегенім, биліктегілерді бизнесі бар, тоқалы бар, қазақша білмейді деп емес, рационалды бағалауды үйрену керек.
Дегенмен де, бұл шенеуніктер қазақ тіліне атүсті қарау керек дегенді білдірмейді. Заң мен этикалық кодекстер, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар қазақ тілін білуді міндеттейді. Әрі бұл халық алдындағы абыройға да әсер ететін секілді. Мысалы, қазақша жақсы білетін өзге этнос өкілдері халық үшін сүйкімді. Басқа ұлттың адамы біздің тілде сөйлесе таң-тамаша болып, оларды төбеге көтеру «комплекс неполноценности» деген ұғымнан шығады. Қазақ ағылшынша сөйлесе де, орысша, кәрісше сөйлесе де, ол ешкімге қызық емес. Ал біз биометриясы қазаққа келмейтіндер қазақша жақсы сөйлеп тұрса, қос қолдап қолпаштап кетеміз. Бұл – отаршылдық кезінен қалған құлдық сананың қалдығы. Біздің тіліміз екінші деңгейлі тіл, оны білу – ерлік деген реакцияның болуы заңды да. Себебі тәуелсіздік алғанымызға көп бола қойған жоқ. Дегенмен қазақ тілін көтеру үшін бұлай таңғалуды қоюымыз керек. Қазақша білу де, сөйлеу де нормаға айналуы қажет».
Қазақша баяндамалар мен жауаптар жаныңды ауыртады
Ал тілтанушы Бибарыс Сейтақ азаматтар шенеуніктерден қазақ тілін талап етуге құқылы дейді:
«Биліктің қазақ тілділігін талап ету өте орынды. Мұның кейбір жағдайларда қате қолданылып жататыны да жасырын емес. Алайда Қазақстан халқының толыққанды біртілді емес екенін ескеруіміз керек. Яғни қазақ тілді аудитория сол тілдегі сауатты, толыққанды жауапты талап етуге құқылы. Егер оның орнында орыс тілі болып, шенеуніктер орысша жауап бере алмай, сөйлей алмай қалса, орыс тілділер де солай талап қоя алады. Өйткені мемлекеттік қызметкер екі тілде де сауатты, конструктивті болуға міндетті.
Қазақ тілін талап ету кейсіне қарап, оның түбінде халықтың ақымақтығы немесе эмоционалдылығы жатыр дей алмаймыз. Жалпы саясаттағы адамдар сайланады, ел үшін қызмет етеді. Сәйкесінше, олардың халық күткен «ожиданиелерге» сай болуы, иммидж қалыптастыруы, сауатты болуы маңызды. Бұл тезиспен талдар болсақ, бүгінде орыс тілділік ешкімді де ренжітпейді. Ал қазақ тіліндегі баяндамалар, жауаптар, диалогтар құлағыңды емес, жаныңды ауыртады».
Демек, қалай да болса қазақ тілін үйрену мен білудің өзектілігі кемімейді. Заң тұрғысынан да, халық сұранысына сай болу мағынасынан да. Осы олқылықты түзетіп, шенеуніктердің қазақшасын жақсарту үшін қадамдар жасалып жүр. Бұрындары әкімдік немесе тағы бір мекеме қызметкерлері қазақша диктант жазыпты дегенді еститінбіз. Кейіннен, мемлекеттік қызметкерлерге арналған арнайы тесттер бекітіліп, міндеттеле бастады. Соңғы қабылданған тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін білу міндеттеліп отыр. Оны анықтау мақсатында үміткерлер TOEFL, IELTS секілді тіл деңгейін көрсететін «Қазтест» жүйесі арқылы бақ сынайды. Бұл емтихан «А» корпусының мемлекеттік-әкімшілік қызметінің кадрлық резервіне, халықаралық «Болашақ» стипендиясына, ҰҚК академиясына үміткерлер үшін, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мұғалімдері, халықаралық «Хейлибери-Астана», «Хейлибери-Алматы» мектептерінің 11-сынып оқушылары үшін міндеттелген. Тестілеуден соң нәтиже көрсетілген сертификат табысталады. Жақында ғана енгізілген бұл өзгерістің нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.
Тағы да қызметке кірер алдында тапсырылатын арнайы емтихан бар. Орналасқалы жатқан қызметіне байланысты үміткерге үш бағдарламаның бірінен тест беріледі. Онда заңнама мен мемлекеттік тілді білу деген екі дисциплина бойынша 130, 115 немесе 100 сұрақ болады. Ең қызығы, шекті балдар жалпы балл мен заңнамалық дисциплиналар үшін ғана. Ал мемлекеттік тіл бойынша 7 немесе 5 балдан аз алсаң да, яғни нөл алсаң да бәрібір. Осыны білетін кандидаттар тіл бойынша дайындалмайды да, тест барысында да бас қатырып әуре болмайды. Бұл өз алдына бөлек бір мәселе. Анық-қанығын білу үшін мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ресми сауалымызды жолдадық.
Бұрындары қазақ тілін этносаралық тіл етеміз деген сөз жиі айтылатын. Ал қазір ғылым мен технология тілі болады деп қиялдап жүрміз. Алайда қоғамның өзара қатынасы үшін де орысшаны пайдаланып жүргенімізді ескерсек, ахуал әлі жақсара қоймаған. Әрі мемлекеттік қызметкерлер уәде беруді жауапкершілік деп емес, сауалдан жалтару деп қабылдайды.
Баян Мұратбекқызы